АРДАГЕР ҰСТАЗДАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Бүгін аудандық Оқушылар үйінде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында ардагер ұстаздармен кездесу ұйымдастырылды.
Тағылымды шараға аудан әкімі Жандос Еркінбек қатысып, білім саласында ұзақ жылдар еңбек еткен ұстаздарды мерекемен құттықтады.
Шара барысында аудан әкімі ардагер ұстаздардың қоғамдағы орны мен ұрпақ тәрбиесіндегі еңбегіне ерекше тоқталды.
- Қармақшы – білім мен тәрбиені ту еткен қасиетті мекен. Осы ауданнан қаншама дарынды жастар түлеп ұшты. Сол жетістіктің негізінде сіздердің маңдай терлеріңіз, кәсіби шеберліктеріңіз, қажырлы қызметтеріңіз бар. Әр жетістікке жеткен шәкірт – сіздердің еңбектеріңіздің жемісі. Ұрпақ тәрбиесі жолындағы адал қызметтеріңіз үшін баршаңызға алғысымды білдіремін, – деді аудан басшысы.
Кездесу барысында шәкірттердің бойына әрдайым асыл қасиеттерді үйретер бірқатар ардагер ұстаздарға аудан әкімінің «Алғыс хаты» табысталып, құрмет көрсетілді.
Сондай-ақ жиында аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов, Тәйімбет Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейінің ардагер ұстазы Феруза Базарбаева, Омар Шораяқұлы атындағы №30 мектептің ардагер ұстазы Кенішкүл Қазақбаева сөз сөйлеп, ұстаздық жолдағы естеліктерімен бөлісіп, ақжарма тілектерін жеткізді.
Мерекелік кеште аудандық өнер мектебінің ұстаздары өнер көрсетіп, әндер шырқалды.
Шара соңында саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ардагер ұстаздар мазмұнды кездесуге өз ризашылықтарын білдірді.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

















