ҰСТАЗ ҰЛАҒАТЫ – ҰРПАҚҚА ӨНЕГЕ
Ұстаз – мәңгілік мамандық. Адамзат өркениетінің алтын арқауына айналған білім мен тәрбиенің шамшырағы болып, саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған жандар – қоғамның ең ардақты тұлғалары. Осы орайда, жыл сайын қазан айында аталып өтетін ұстаздар мерекесі – барша білім саласы қызметкерлеріне деген шынайы алғыс пен ілтипаттың көрінісі.
Сол дәстүрлі мереке қарсаңында аудан әкімі Жандос Еркінбек ардагер ұстаздарды арнайы қабылдап, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеудегі өлшеусіз еңбектері үшін алғыс білдірді.
– Халқымызда «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деген тағылымды сөз бар. Сіздер – ұрпақ болашағы үшін ерен еңбек етіп, ел дамуына сүбелі үлес қосқан қадірлі жандарсыздар. Жас ұрпақтың жүрегіне білім шырағын жағу – тек кәсіби міндет емес, бұл – үлкен жүрекпен жасалатын қасиетті қызмет. Сіздердің білім мен тәрбиені бойына сіңірген шәкірттеріңіз бүгінде түрлі салада еңбек етіп, еліміздің дамуына өз үлестерін қосып келеді. Сондықтан сіздердің еңбектеріңіз – ұрпаққа өнеге, қоғамға тағылым. Айтулы мерекемен құттықтай отырып, әрқайсысыңызға зор денсаулық, баянды ғұмыр, отбасыларыңызға амандық тілеймін, – деді аудан басшысы өз сөзінде.
Жиын барысында ұзақ жылдар бойы білім беру саласында аянбай тер төгіп, ұлт болашағы үшін тынымсыз еңбек еткен ардагер ұстаздарға аудан әкімінің Алғыс хаттары мен естелік сыйлықтары табысталды.
Мерекелік қабылдауға қатысқан аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков, сондай-ақ қоғамдық кеңес төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов ардагер ұстаздарға жүрекжарды лебіздерін білдіріп, ұрпақ тәрбиесіндегі ұстаз рөлінің маңыздылығына кеңінен тоқталды.
– Ұстаз – тек білім беруші ғана емес, ол – бағыт беруші, тәрбиеші әрі ел болашағын қалыптастырушы тұлға. Сіздердің өнегелі өмір жолдарыңыз, педагогикалық тәжірибелеріңіз – бүгінгі буын жас мамандар үшін үлкен үлгі. Біздің міндетіміз – осы мұраны сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу, – деді іс-шараға қатысушы қонақтар.
Мерекелік кештің соңы көтеріңкі көңіл-күйге ұласқан мәдени бағдарламамен жалғасын тапты. Әсем әндер мен күмбірлеген күйлерден шашу шашылып, қатысушыларға рухани серпіліс сыйлады.
Айта кетейік, бүгінде ауданымызда 2082 мұғалім білім беру саласында еңбек етуде. Оның ішінде 550-ге жуық ардагер ұстаз жас ұрпақ тәрбиесіне сүбелі үлес қосып, ел игілігі жолында қажырлы қызмет еткен жандар. Олардың тәжірибесі мен тағылымы – кейінгі буын үшін баға жетпес байлық.
«ҚТ» ақпарат