Топ-баннер
» » МАҢЫЗДЫ САЛАНЫҢ МАМАНДАРЫ

МАҢЫЗДЫ САЛАНЫҢ МАМАНДАРЫ

Бір қарағанда жұмыстың да, мамандықтың да түрі көп-ақ. Педагог бала білімімен айналысса, дәрігер адам денсаулығын жақсартуға барын салады. Қаржыгер, заңгер, салықшы, ветеринар, агроном, құрылысшы ма, тазалықшы, тағы басқа ма, әйтеуір бәрінің атқаратын өз қызметі бар. Осындай көптеген мамандықтың арасында көзге іліне бермейтін, бірақ аса маңызды қызмет түрі бар, ол – ауданымыздың ауа райын күнделікті бақылайтын орталық. Ондағы мамандар күні-түні үзбей жұмыс істеп, жергілікті халықты күн райының мәліметімен алдын ала хабардар етіп отырады.
Аудандық «Жосалы» ауа райын бақылау орталығына бүгінде салада отыз жылдық тәжірибесі бар Эльмира Үсенова басшылық жасайды. Ол осы қызметке 2010 жылы тағайындалған. Бүгінгі күнге дейін абыройлы еңбек етіп келе жатқан мекеме басшысы ұжым шағын болғанымен, атқаратын жұмыстарының жауапкершілігі мол екенін алға тартады. Жуырда ауа райын болжаушылармен жолығудың сәті түсіп, жолығысып қайтқан едік.
– Біздің мекеменің іргесі ертеден, сонау Кеңес одағы кезінен қаланған. Тарихына келер болсақ, 1914 жылы «Джусалы» атауымен құрылған деген дерек айтылғанымен, бақылау мәліметтері 1918 жылы нақты тіркелгенін көрсетеді. Осы уақыттар аралығында станса бірнеше жерге көшіп-қонған. Десе де, координаттары өзгеріссіз қалдырылған. 1918 жылдан бері үздіксіз бақылаулар жасалып, 1946 жылдан осы күнге дейін «Жосалы» ауа райын бақылау орталығы атымен ешбір үзіліссіз халыққа қызмет көрсетіп келеді, – дейді орталық басшысы.
Қазіргі таңда стансада 5 адам еңбек етеді. Оның бірі – басшы болса, 4-еуі техник-метеоролог мамандар. Атап айтқанда Валентина Разваляева, Айсұлу Ақжанова, Меруерт Теңелбаева, Жадыра Әмзеевалар өз ісінің шеберлері десе болғандай.
Эльмира Әбілдәқызы стансаның қауіпсіздігіне, ауа құбылысының гидрометеорологиялық бекеттері – ҚР «Қазгидромет» басқармасына, Байқоңырдағы «ЦЭНКИ», тағы басқа мекемелерге бақылау торабының мәліметтерін уақытылы жеткізілуін қадағаласа, техник-метеорологтар 12 сағаттық ауысыммен ауа құбылысын бақылап, бекеттерге дерек жеткізу қызметін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, облыстық «Қазгидромет» орталығы әрбір метеостансадан түскен мәліметтерді жинақтап, тексере келе күн райын болжайтын синоптиктерге жолдайды. Сөйтіп, жинақталған барша дерекқорлар компьютерлік өңдеуден өткізіліп, облыс бойынша ауа райына болжамдар жасалады.
– Ауданымыздың бақылау стансасы көне әуежай маңайында орналасқан. Бақылау алаңында – 26*26 метр қоршау ішінде жер және 2 метр биіктікте ауа температурасының өлшемін көрсететін термометр, ауа ылғалдылығын анықтайтын гигрометр, жел бағыты мен жылдамдығын көрсететін флюгер, атмосфералық жауын-шашынды жинайтын шелекшелер мен мұз өрнек-қылау қабаттарын бақылау құралдары орналасқан. Бұлттың түрі мен жер арасындағы арақашықтығын көз өлшемімен сызбаға салып, қай бұлттан қандай жауын-шашын жауатынын бақылап күтеміз. Метеорологиялық көріну қашықтығында әрбір құбылыстың өзіне тән өлшем-таблицасымен салыстырып, сәйкес кодтарымен телеграммаға саламыз. Әлдеқандай көрсеткіштер болып жатса, шторм беріп, дабыл қағамыз. Атмосфералық құбылыстың түрі дүниежүзілік метеорологиялық ұйым қабылдаған топтастыру негізінде құрастырылған. Оның тізімі мен бейнелеп жазуына сәйкес, құбылыстың сыртқы белгілері бойынша көз мөлшерімен анықталады. Ауа райы құбылысының басталу, аяқталу, ұзақтығы мен қарқындылығы, жалпы күйі «КН-01» коды бойынша белгіленеді. Қазіргі заманға сай желді анеморумбометр «М 63М-1», ал ауа қысымы «БРС-1М» аспаптарымен бақыланып отырылады. Техник мамандарымыз құрылғыларды жетік меңгеріп, білімдерін жетілдіріп нәтижелі жұмыс көрсетуде, – дейді Э.Үсенова метеорология саласы жұмысымен таныстырып.
Тағы бір ескерерлігі, мұндағы мамандардың айтуынша, әрбір техниктің телеграмма бойынша берілген бақылауларын синоптиктер орталығы осыдан 50 жыл бұрынғы климатпен салыстыру арқылы апаттық жағдайлардың алдын алып, сақтандыру шараларын жасайды екен. Мәселен, боран, дауыл, тұман тұрып, жер көктайғақ болғанда, табиғи құбылыстар уақытынан ерте болжанып, халыққа ескерту беріледі.
Қорыта келгенде айтарымыз, өздері халықтың алдында жүрмесе де, күні-түні тынбай еңбек етіп, күн райын болжап беретін жандарды шынымен де ерекше мамандық иесі деуге тұрарлық!
Сәрсенкүл АҚКІСІ
02 наурыз 2026 ж. 77 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№16 (10483)

28 ақпан 2026 ж.

№15 (10482)

24 ақпан 2026 ж.

№14 (10481)

21 ақпан 2026 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ!

ХАБАРЛАНДЫРУ!

18 қараша 2025 ж.
Шұғыл хабарландыру!

Шұғыл хабарландыру!

04 қараша 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 531
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 344

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031