» » ТЕМІРЖОЛ – ШЕКСІЗ ҚОЗҒАЛЫС

ТЕМІРЖОЛ – ШЕКСІЗ ҚОЗҒАЛЫС

Бір қарағанда теміржол тұтас ұжымдай көрінеді. Шындығында мүлде олай емес. Себебі көпфункционалдық саланың атқаратын да, халыққа көрсететін де қызметі саналуан. Бүгін біз солардың бірі – ғасырдан аса уақыт елге абыройлы еңбек етіп келе жатқан Жосалы стансасы туралы әңгімелемекпіз. Ұжым басшысына арнайы барып, олардың атқарып жатқан жұмыстарын өз көзімізбен көрдік. Көпшілік білетіндей, биыл Қазақстан теміржолының құрылғанына 120 жыл. Бұл әжептәуір уақыт аралығы әрі халыққа үздіксіз қызмет етудегі өлшеусіз еңбектің жемісі.

Мемлекетімізде жол-көлік инфраструктурасын аса маңызды сала деп атасақ, оның ішінде экономиканың күретамыры іспетті теміржол қатынасы мен жолаушы, жүк тасымалының орыны ерекше. Тоғыз жолдың торабындағы қайнаған тірлікте қаншама жұмыс тындырылып, адам, жүк тасымалданады. Оны саланың ыстығы мен суығына бірдей көніп жүрген теміржолшылардан артық ешкім білмес. Мереке қарсаңында жайда көзге іліне бермейтін, бірақ жылдың төрт маусымы мен күндіз-түн қазаны қайнап жататын Жосалы стансасының жұмысына тоқталуды жөн санап, осы орайда саланың кәсіби маманы, станса бастығы Бауыржан Баяновқа жолыққан болатынбыз. Ол әңгіме өзегін теміржолдың тарихынан бастады.

– «Жосалы стансасы 1904 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ол уақыттарда станса Орынбор-Ташкент теміржолына қараған екен. Әуеліде Жосалы осы Орынбор теміржолының шекарасы болған. Анакөлден бастап Ташкент теміржолының құрамына қараған. Кейін келе тағы өзгеріп, бір жылдары «Батыс теміржолына» бағынсақ, бір уақытта «Түркістан теміржолына» қарадық. Одан кейін «Қызылорда жол бөлімшесі» болып қайта құрылды. Ал қазір "ҚТЖ-Жүк тасымалы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі филиалының Қызылорда бөлімшесі болып аталамыз, – дейді станса басшысы.

Бауыржан Сағатұлының стансаға басшылық етіп келе жатқанына бүгінде он үш толады екен. Жалпы теміржолдағы еңбек өтілі отыз жылдан асатын өз ісінің шебері Ақтөбе ауылының тумасы. Жосалы кентіндегі №105 орта мектептің түлегі. Алғашқы еңбек жолы Жосалы механикалық зауытында токарь болудан басталған. Германияда азаматтық борышын өтеген. Әскерден келген соң зауытта қайта жұмысын жалғастырса, әрі қарай теміржолға орналасып 1991 жылы орталықтандырылған бекет операторы қызметінде болған. Мұнан соң станса кезекшісі, станса бастығының орынбасары секілді сатылардан өтіп, теміржолдың құрышқол жұмысына шыныққан. Еңбек ете жүріп, білім алуды да мақсат етеді. Сөйтіп, Алматыдағы Қазақ политехникалық университетіне «инженер-механик» мамандығы бойынша оқуға түсіп, маманданады. Басшылық тарапынан оның  іскерлігі, жұмысқа деген жауапкершілігі мен ұжымды ұйыстыра, талап қоя білудегі қарым-қабілеті ескеріліп, 2011 жылы станса бастығы қызметіне тағайындалады. Міне, содан бері өзіне сеніп тапсырылған қызмет тізгінін адалынан ұстап, әріптестеріне үлгі болып келеді.

 
– «Біздің негізгі қызметімізге пойыз қозғалысын ұйымдастыру, басқару кіреді. Әсіресе қауіпсіздікті қамтамасыз етуге аса мән береміз.  Қауіпсіздік бірінші орында. Мекемеде қырық адам қызмет етеді. Оның ішінде станса кезекшісі,  кезекші жанындағы оператор, тасымал құжаттарын өңдеуші, пойыз құрастырушы, парк кезекшісі, тауар кассирі және жүк қабылдап, тапсырушы мамандық иелері жұмыс істейді. Олардың міндетіне пойыз қозғалысын ұйымдастыру, басқару және пойыз қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жатады. Жеке тоқталар болсам, станса кезекшісінің қызметі – жолаушылар және жүк пойыздарын уақытылы арнайы станса жолдарына қабылдап, жөнелту. Бұл жұмыстың барлығы Ақтөбе қаласында орналасқан пойыздарды басқару орталығындағы диспетчерлермен бірлесе отырып атқарылады. Пойыз қабылдау, жөнелту кезіндегі қозғалыс қауіпсіздігін қамту станса кезекшісінің басты функционалдық міндеті саналады. Бұдан бөлек, станса кезекшісі кірме жолдарына вагонға жүк тиеу, түсіру мақсатында келген вагондарды уақытылы беруді басқарады. Түскен немесе тиелген вагондарды станса жолдарына алып шығып, пойыз құрамаларына тіркеуді ұйымдастырады. Ал станса жанындағы оператор келіп, кеткен пойыздарды дер кезінде арнайы бағдарламаларға енгізіп, жөнелтілген пойыз машинистеріне "ескерту" бланкілерін толтырады. Онда қай шақырымда, қандай жылдамдықпен жүру керек екені көрсетіледі. Пойыз диспетчерлері пойыздардың келген, кеткен уақытын баяндау, жолаушы пойызының келетін уақытында вокзал қызметкеріне пойыздың келетін жолын көрсетіп ескертіп отыруы тиіс. Тасымал құжаттарын өңдеу операторлары пойыздан вагон ағытып, тіркеу кезінде пойыздағы вагондардың тасымал құжаттарының түгелдігін тексеру, ағытқан не болмаса тіркеген вагондардың құжатын арнайы пакетпен пойыз машинистіне тапсыру жүктелген. Стансаға келген, тұрған вагондарды тізімдеп тексеріп шығу міндетін  де атқарады. Пойыз құрастырушы маневрлік тепловоз машинистімен бірге пойызға уақытылы вагон тіркеу, ағыту, стансаға келген вагондарды кірме жолдарға беру, алу жұмыстарын ұйымдастырады. Сондай-ақ парк кезекшісінің, тауар кассирі мен жүк қабылдап тапсырушының да өзіне жүктелген қызметтік міндеттері мен жауапкершілігі бар. Түйіндеп айтқанда, стансада барлық жұмыс түрі автоматтандырылған. Жұмыс орындары соңғы үлгідегі компьютерлермен жабдықталған. Арнаулы бағдарламалар арқылы жұмыс жасалады. Жұмыс төрт ауысыммен, күндіз-түні атқарылады, – дейді Бауыржан Сағатұлы стансаның атқаратын жұмысымен таныстырып.

Сүттей ұйыған ұжымда тәжірибелі, мамандығына құрметпен қарайтын қызметкерлер жетерлік. Еңбектің көрігін қыздыратын да, шырайын шығаратын да еңбек екпінділері. Бұл ретте станса кезекшісі Алтынбек Мұхтарбаев, кезекші оператор Гүлнар Нұрмаханова, тасымал құжаттарын өңдеу операторлары Оразкүл Кенжебаева, Жамал Мұқашева, пойыз құрастырушы Қуандық Істібаев, парк кезекшісі Қайырбек Жалғасбаев, тауар кассирі Гүлбану Әбішева, жүк қабылдап тапсырушы Рустам Майхановтардың есімін екшеп атап өткініміз ләзім. Қай ұжымда да кейінгі толқынға ағалық, апалық, жалпы үлкендік қызметін қылатын, ақыл-кеңесін беруден бір жалықпайтын ардагерлер бар. Стансаның еңбек ардагерлері Қарғабай Өтеуов, Жайлаубай Дүйсенов, Роза Ибраева, Алтын Тұрсынбаева, Ерлік Бермішев, Рыскүл Байсеитова, Қалдыгүл Есіркепова, Сұлтан Молдабаев, Бақытбек Прмаханов, Алихан Рысбаев, Гүлсім Пірманова, Жаңаберген Сейлов, Жәнібек Ералиевтер де осы бағыттан таймай келе жатқан ардақты жандар.   
"Жосалы стансасының қызметкерлері саланың 120 жылдық мерейтойына қажыр-қайрат, толағай табыспен жетіп отыр. Ілгеріден теміржолшылар арасында "үлкен тату отбасымыз" деген жақсы тәмсіл бар. Ондағы қызмет етіп жатқан қайсыбір мамандық иесі болсын бір-біріне құрметпен қарауды, жанашырлық пен қолдауды өмірлік тұғыр етіп алған. Ендеше, еліміздің әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып отырған әріптестеріме мерекеде отбастарына ырыс-несібе, бақ-береке, зор денсаулық, өсіріп отырған ұрпағының тек жақсылығын көрсін, тәуелсіз елімізде тек қана бейбітшілік туы желбіресін деген тілегімді білдіргім келеді" деп сөзін қорытқан мекеме басшысы Бауыржан ағамыз.

Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК



31 тамыз 2024 ж. 349 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№102 (10367)

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031