» » Жұмысы жүйелі Жосалы стансасы

Жұмысы жүйелі Жосалы стансасы

Егемен елімізді дамыту бағытындағы міндеттер қатарында көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесі назардан тыс қалған емес. Өйткені, жол да, көлік тасымалы да экономиканың өзегі іспеттес. Расында да көлік – ел экономикасының инфрақұрылымын қалыптастыратын салалардың бірі әрі бірегейі. Нақты әрі үздіксіз жұмыс істейтін көліктік кешен болмайынша мемлекеттің экономикасы ойдағыдай дами алмайды. Бұл ең алдымен, теміржол көлігіне қатысты, сол арқылы халықаралық және аймақаралық жүктер мен жолаушылар тасымалының негізгі бөлігі жүзеге асырылады. Сондықтан да «Теміржол – ел экономикасының күретамыры» деп бекер айтылмаса керек. Біздің кенттегі Жосалы стансасының жүйелі жұмыс жасап келе жатқанына бір ғасырдан асқан. Теміржолшылардың мерейлі мерекесіне орай стансаға арнайы барып, жұмыс барысын көзбен көрдік.
Жұмысы үзілмейтін, қателесуге болмайтын мекемеде күндіз де, түнде де қайнаған тірлік. Ондағы мамандар да өздерінің жауапкершілігі мол жұмысты алып жүргенін жақсы түсінеді. Бұл мекемеге бүгінде Бауыржан Сағатұлы басшылық етеді. Әңгімеміздің төркінін стансаның тарихынан бастадық.
– Жосалы стансасы 1904 жылдан бері жұмыс істейді. Ол уақытта станса Орынбор-Ташкент теміржолына қараған. Бастапқыда Жосалы осы Орынбор теміржолының шекарасы болған. Ал Анакөлден бастап Ташкент теміржолының құрамына кірген. Кейіннен заманның ағымына қарай түрлі өзгерістер орын алған. Бір жылдары «Батыс темір жолына» бағынсақ, кейіннен «Түркістан темір жолына» қараған. Одан соң «Қызылорда жол бөлімшесі» болып құрылды. Ал қазір «Қызылорда қосалқы бөлімшесі – Батыс» деген бөлімге қараймыз. Батыс бөліктегі бес облыстың теміржолшылары осында біріктірілген,- деді станса басшысы Бауыржан Баянов.
Бұл мекемеге он жылдан астам уақыт басшылық етіп келе жатқан Бауыржан Сағатұлы 1966 жылы Ақтөбе ауылында дүниеге келген. Кейіннен Жосалы кентіне қоныс аударып, осындағы No105 мектепті тәмамдаған. Еңбек жолын Жосалы механикалық зауытында токарь болып бастаған. Германия жерінде әскерде болып, азаматтық борышын өтеген. Әскерден оралған соң 1986-1987 жылы қайтадан зауытта еңбек етеді. Алматыдағы қазақ политехникалық университетіне «инженер-механик» мамандығына оқуға түседі. 1991 жылдан бастап теміржол саласында түрлі қызмет атқарып, станса кезекшісі, 1993 жылы станса басшысының орынбасары, 2011 жылдан бері станса басшысы болып еңбек етуде. Теміржолда қызмет ете жүріп «Пойыз қозғалысын ұйымдастыру» мамандығы бойынша білімін жетілдірген.
– Біздің басты міндетіміз – пойыз қозғалысын ұйымдастыру, басқару. Оның қозғалыстағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Мекемеде 42 адам жұмыс істейді. Оның ішінде бесеуі – станса кезекшісі. Олар 4 ауысыммен кезектесіп, жұмысқа шығады. Ауысымдағы басқа қызметкерлер станса кезекшісіне бағынады. Одан өзге де оператор, тасымал құжаттарын өңдеу операторы, парк кезекшісі, тауар кассирі деген мамандар бар, – деген станса басшысы жұмыс барысымен таныстырды.
Байқасақ, бұл жұмыстың жауапкершілігі үлкен. Барлық жүріп жатқан жүк пойызы, жолаушы пойыздарының қозғалысын ұйымдастыру оңай шаруа емес. Уақытылы пойыздарды қабылдау, оны уақытылы жіберу, уақытылы маневрлік жұмыстарды атқару, уақытылы вагондарды беру, жүкті түсіру, тиеткізу, алып шығу. Қарап отырсақ, бәрі уақытпен тікелей байланысты. Ал кешігіп қалуға әсте болмайды. Бір пойыздың кестесі бұзылып кешігер болса, ол осы стансаға бет алған өзге де пойыздардың кестесін бұзады.
Мақаланы жазу барысында теміржолдың жүрегі атанған «Пост ЭЦ»-мен де таныстық. Толықтай автоматтандырылған арнайы жұмыс кабинеті. Қаптаған түймешені бағындырған мамандар қызу жұмыс үстінде. Теміржолдағы әрбір жолақ олардың көз алдында. Қай жолға қандай пойыз келетінін де осындағы мамандар үйлестіреді.
– Қазір ГидУрал деген арнайы бағдарлама бар. Ол пойыздардың келген, кеткен уақытын, пойыз туралы барлық ақпаратты көрсетіп отырады. Бұл бағдарлама біршама теміржолшының жұмысын жеңілдетті. Қазіргі теміржол саласы заман ағымына қарай дамып келеді. Тепловоздар ауысып, жұмысшылардың жұмысы шамалы да болса азайды. Бір тетікті түртіп қалсаң болғаны. Дегенмен де, қай кәсіптің болмасын жеңілі жоқ. Мәселен бұрын тоқтаған пойыздың дөңгелегін тексеріп, тықылдатып ұрып жүретін теміржолшыларды жиі көретін едіңіздер. Олардың орнын техника басты. Қазір Анакөл және Ордазымен екі ортада «Понаб» деген аппарат бар. Ол үстінен пойыз өткен кезде дөңгелектің қызған-қызбағанын анықтап, станса кезекшісіне автоматты түрде қандай пойыз, қай вагон, қайсы дөңгелек екенін хабарлап тұрады. Осы арқылы пойыз тоқтаған уақытта мамандар аппарат көрсеткен дөңгелекті лезде тауып, жөндеу жұмыстарын жасап, қалпына келтіреді. Бұрын мұндай ақауды анықтау үшін пойыздағы барлық вагонның дөңгелегін ұрып, дауысын тыңдап шығу қажет болатын. Бұл да жаңа заманның жетістігі. Қай стансада болмасын, жұмыс орындары толықтай компьютерлендірілген. Бұрынғыға қарағанда алға қарай ілгерілеу бар. Теміржолшылар – бұл бір үлкен тату отбасы. Ондағы әр маман, станса кезекшісі, жолсерік, қозғалыс жылдамдығын реттеуші, бағыттаушы бір-бірін толықтырып тұрады. Жалпы, теміржол – бұл шексіз қозғалыс. Ал қозғалыс бар жерде өмір бар, – деп сөзін қорытты станса басшысы Бауыржан Сағатұлы.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
Айнұр ӘЛИ (суреттер)

06 тамыз 2022 ж. 369 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№102 (10367)

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031