ТЕМІРЖОЛДЫҢ ҚЫЗҒАЛДАҒЫ
Гауһар Күмісбекқызы орта мектепті тәмамдап, Қызылорда теміржол колледжінде арнайы білім алып, Қармақшыға оралған соң, Жосалы вокзалына жұмысшы, кейіннен вокзал бастығының кезекші-көмекшісі қызметіне тағайындалады.
Жас та болса өз ісінің шебері атанған Гауһардың жұмысы ерте басталады. Оның міндеті – вокзал іші ахуалы мен қызметкерлердің қызметтік тәртібін, сонымен бірге стансаға аялдаған жолаушылар пойызының келуі мен кетуін қадағалау.
– Теміржол саласында, нақтысын айтқанда Жосалы вокзалында еңбек еткеніме 7 жыл болыпты. «Армандар орындалады» демекші, көшеде форма киген теміржол қызметкеріне, әсіресе қыздарға қызыға қарап, теміржолшы болам дейтінмін. Расында да, армандар орындалады екен. Бүгінде Ақтөбе қаласындағы теміржол университетінде білімімді жетілдірудемін. Иә, мен бақыттымын. Жастық шағымнан өміріме серік болып келе жатқан мамандықтың жемісін көріп, туған елімнің өсіп-өркендеуіне перзенттік парызымды қосуға еңбек етудемін, – дейді Гауһар Сүлейменова.
– Гауһарды әріптестері өз мамандығының шебері ретінде біледі. Қызметіне ұқыпты, еңбекқор, білікті де білгір маман. Іскерлігімен, адалдығымен ұжымдастары алдында сыйлы болған Гауһарға басшылық та, ел-жұрт та риза. Елбасы бұл жылды «Жастар жылы» деп атады. «Жастар – ел болашағы» деп ел жастарына сенім артқан Мемлекет басшысы қашаннан жастардың еліміздің келешегі, ел-жұрттың сенім артар сенімді серігі екенін айтып келеді. Міне, жастар саясатын қолдауда Елбасының қамқорлығымен бүгінде өскелең ұрпаққа барынша қолдау көсетілуде. Олар қазіргі таңда кәсіпкерлікте де, экономикада, спорт пен мәдениетте де, теміржол саласында да белсенді жұмыстар істеуде. Оған дәлел, біздің ұжымның үздік қызметкерінің бірі – Гауһарды үлгі ретінде айтуға болады, – дейді әріптесі туралы ой бөліскен Жосалы вокзалының бастығы Денис Хамов.