» » Күн райының бақылаушылары

Күн райының бақылаушылары

Шілденің аптап ыстығын ескертуден жалықпаған Казгидромет ұялы телефонға хабарлама жіберіп, ертеңгі күн райының 40 градус ыстық болатынын тағы айтты. Күнделікті келіп түскен ескертуді ашпай-ақ не деп айтатынын білетіндейміз. Оған етіміз де үйреніп кеткен. Ал күн райының құбылмалы жағын кім анықтайды? Бірі-білер, бірі-білмес «арғы бетте» бір мекеме бар. Әр жауынның «тамшысын санайтын» станцияның атқарып жатқан қызметі қандай? Осыны білмекке Жосалы метеостанция орталығына ат басын бұрдық.
Кент сыртында орналасқан бұл мекеме сонау 1931 жылдан бастап жұмыс істейді. Ол кезде Қармақшыда әуежай болған. Сол уақытта қызметі дүркіреп тұрған бұл мекемеге ұшақтар қонып, ауа райын бақылап отырған. Уақыт өте бұл әуежайдың да дәурені өтіп, қазір бөлек нысанға айналған. Біз барған метеостанция шағын контейнерде орналасқан. Ұядай ғана орында бес қызметкер жұмыс істейді. Жетекшісі – Эльмира Әбілдақызы. Біз барған уақытта жұмыс қызып жатыр екен. Бөлмеге кіргеннен есіктің сол жақ қабырғасында ілулі тұрған термометрге ұқсас құралға көзіміз түсті. – Бұл барометр, ауаның қысымын өлшейтін аспап, ішінде сынап бар, – деп бастады әңгімесін Э.Әбілдақызы. Үстел үстіндегі журналына әр аспаптың өлшемін жазып жатыр екен.
– Мынаған қарап желдің жылдамдығы мен бағытын білеміз. Бұл – анеморумбометр. Қазір технология жылдам дамып жатыр. Кез келген құрылғыны іске қоссаң күн райын бірден анықтап береді. Бірақ біз электронды көрсеткіш пен даладағы желдің бағытын көрсетіп тұрған аспапқа қарап екеуін салыстырамыз. Сосын барып нақты желдің жылдамдығын анықтаймыз, – деді Эльмира Үсенова.
Күн райын анықтау үшін даладағы ауа райын өлшейтін аспаптар орналасқан алаңға бардық. Сырт көзге бұл орын кішкене болып көрінгенімен жұмыс ауқымы кең. Азанғы сегізде жұмыс басталғаннан бұл кісілер күн райының құбылысын қалт жібермей, әлсін-әлсін тексеріп, облыс орталығына хабарлап отырады. Айтатындай бар екен. Көлеңкеде орналасқан термометр әлден 35 градус ыстықты көрсетіп тұр. Бұл таңға жуық уақыт еді. Енді түскісін бағамдай беріңіз. Одан кейін тырмаланған жерге орналасқан екі термометрге жақындадық. Ол жердің ыстығын көрсетіп тұр. Бірі – максималды көрсеткіш берсе, екіншісі нақтысын көрсетуде. Әлгі жел бағытын көрсететін «Флюгер» де осында. Көз салып қарағанымызда ұшындағы бағыттағыш батысқа қарап, батыстан соққан баяу жел 4 м/с жылдамдықты көрсетіп тұр. Ал қар мен жаңбыр жауғанда оның экологиялық құрамы мен тазалығы да анықталады. Мұздақ пен қыраудың түскені де осы жерден анықталып орталыққа хабарланады.
– Жалпы бізбен төтенше жағдайлар қызметі тығыз байланыста. Оларға жиі ақпарат беріп отырамыз. 112-ден хабарламаны солар таратып отырады. Тіпті Байқоңыр ғарыш айлағындағылар да бізден мәлімет алады. Өйткені зымыран ұшыруға ауа райының қолайлылығы қажет, – деді ол.
Қарап отырсақ жұмысы көрінбейтін бұл мамандардың атқарар қызметі мен жауапкершілігі өте жоғары. Сізге келетін хабарламаның түп төркіні осында жатыр.

                                                                                                                                                     Ерсін СӘДУҰЛЫ
05 тамыз 2019 ж. 1 167 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 042

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031