ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ – ЖАҢА БЕЛЕС
Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия Қазақстан Республикасының жаңа Ата Заңының жобасын жариялады. Бұл жаңалықты жай ғана ресми хабарлама ретінде емес, елдің ертеңіне қатысты маңызды қадам деп қабылдаймын.
Қазақстан Республикасының Конституциясы – мемлекеттің құқықтық жүйесінің негізі ғана емес, елдің саяси, әлеуметтік және мәдени даму бағытын айқындайтын ең маңызды құжат. «Елді басқару – адамға әділдікпен қараудан басталады», – деген халқымыздың даналық сөзі әрбір реформаның түпкі мәнін көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Конституция – болашаққа жасалған стратегиялық қадам, біздің мемлекетіміздің тұрақтылығы мен азаматтардың құқықтарын қорғаудың кепілі болып табылады.
Қоғам дамуы – үздіксіз процесс. Уақыт өте келе әлеуметтік қатынастар күрделене түседі, азаматтардың құқықтық мәдениеті артып, қоғамдағы әділетке деген талап күшейеді. Біздің тарихымыздан мысал келтірсек, Қазыбек би мен Төле би билікке адалдық, әділеттілік және халық мүддесін қорғау қағидатын насихаттады. «Халыққа қызмет ету – биліктің ең қасиетті борышы» – деген сөз бүгінгі реформалардың философиясын айқын көрсетеді. Осыған сәйкес, жаңа Конституция билік пен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайтуға бағыттап, азаматтық қоғамды дамытуға мүмкіндік береді. Азаматтардың мемлекеттік шешімдер қабылдауға қатысуы демократиялық процестің негізі.
Жаңа Конституцияда мемлекет дамуының басты өзегі ретінде адам капиталы мен білім сапасына айрықша мән берілген. Осы тұрғыда қосымша білім беру жүйесі баланың жеке қабілетін ашуға, шығармашылық әлеуетін дамытуға және өмірлік дағдыларды қалыптастыруға бағытталған маңызды сала ретінде қарастырылады. Сонымен қатар, ауыл мен қала балаларының сапалы қосымша білім алуына тең жағдай жасау көзделген. Бұл қадам – білім берудегі теңсіздікті азайтып, барлық балаға бірдей жағдай жасауға бағытталған маңызды реформа. «Билік пен халық бірлікте болса, ел мәңгі тіршілікте деген Төле бидің даналығы қосымша білім беру саласында да өзекті. Қоғам, ата-ана және мемлекет бірлесе әрекет еткенде ғана өскелең ұрпақтың әлеуеті ашылады. Бұл өзгеріс Шоқан Уәлихановтың «Білімді ел – бақытты ел!» – деген сөзін, елдің болашағы – білімді, ойлы және саналы азаматтарында екенін тағы да дәлелдей түсті.
Қоғам да, уақыт та өзгеріп жатыр. Соған сай заң да жаңарып, халықтың үніне жақын болуы тиіс. Жаңа Конституция жобасы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, әділдік пен заң үстемдігін күшейтуге бағытталғаны көңілге сенім ұялатады. Әрбір өзгерістің түпкі мақсаты – әділетті, жауапты әрі тұрақты мемлекет құру. Ал, мұндай мемлекет әрқайсысымызға керек.
Құралай МАНАСОВА,
аудандық Оқушылар үйінің директоры















