Конституция – әр азаматтың құқығы мен кепілі
Ел өміріндегі аса маңызды өзгеріс – мемлекеттің даму бағытын айқындап қана қоймай, әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтарының кепілі ретінде қызмет етеді. Осы тұрғыдан алғанда, ұсынылған жаңа Конституция жобасы қоғамдағы өзгерістерге жауап беретін, заман талабына сай жасалған құжат деп есептеймін.
Ең алдымен, жаңа Конституцияда адам және оның құқықтары ең жоғарғы құндылық ретінде айқындалуы – үлкен әрі маңызды қадам. Бұл қағида мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтереді. Азаматтардың пікірін ескеру, олардың еркін білдіруіне мүмкіндік беру, заң алдындағы теңдік – демократиялық қоғамның басты белгілері. Жаңа Конституция осы ұстанымдарды нақтылап, құқықтық мемлекеттің негізін нығайта түсері анық.
Сонымен қатар билік тармақтары арасындағы тепе-теңдіктің күшеюі елдегі басқару жүйесінің ашық әрі тиімді болуына ықпал етеді деп ойлаймын. Парламенттің, сот жүйесінің және жергілікті басқару органдарының рөлінің артуы – халықтың шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтеді. Бұл өз кезегінде қоғамдағы сенімді арттырып, жауапкершілікті күшейтеді.
Маған ерекше әсер еткен тұстардың бірі – әлеуметтік әділеттілікке баса назар аударылуы. Мемлекет азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, білім мен денсаулық сақтау салаларының қолжетімді болуына жауапты екені нақты көрсетілген. Бұл әрбір адамға өз мүмкіндігін толық іске асыруға жағдай жасайды.
Дегенмен, кез келген заңның өміршеңдігі оны жүзеге асыруға байланысты екенін түсінуіміз қажет. Конституция қағаз жүзінде ғана қалмай, күнделікті өмірде нақты орындалуы тиіс. Ол үшін азаматтардың құқықтық сауаттылығы жоғары болып, әр адам өз құқығы мен міндетін жақсы білуі маңызды.
Жаңа Конституцияны елдің болашағына жасалған сенімді қадам деп қабылдаймын. Бұл құжат қоғамды жаңғыртуға, әділетті әрі тұрақты мемлекет құруға бағытталған. Ендігі міндет – әрбір азамат осы Конституцияны құрметтеп, оның талаптарын орындауға өз үлесін қосу деп білемін.
Рахия БИСЕНОВА,
сот саласының ардагері
сот саласының ардагері














