«ҚЫЗЫЛ ТУДАН» БАСТАП ОҚИМЫН
Жосалы кентінің тұрғыны Разия Бекенова еңбек ардагері. Бүгінде сексеннің үшеуіне шыққан зейнеткер отыз жылдан аса уақыт аудандық атқару комитетінде хатшы болып қызмет еткен. Ардақты жан аудандық басылымның байырғы оқырманы.
– Газет өмірімнің бір бөлшегі іспетті. Жас кезімнен атқару комитетіне жұмысқа тұрып, сол жерден зейнет демалысына шықтым. Мекеменің газет тігіндісін тігу де қызметіме кіретін. Содан бері де газеттен қол үзген емеспін. Отбасына жаздырып алу да дағдыға айналды. Жақында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында сөз басын газеттен бастапты. Онда ол: «... Газет-журналдар қайта өрлеу дәуірінің бастауында тұр. Себебі, әлеуметтік желі адамның ойлау (танымдық) қабілетіне зор зиян келтіріп жатыр. Жасы қырыққа жетсе де, білімі мен ой-өрісі он бес жастағы жасөспірімдер деңгейінде қалып қойған азаматтарды қазірдің өзінде кездестіруге болады...» дей келе өзінің жас кезінен газет оқитынын, әлі күнге дейін сол әдетінен жаңылмағанын айтады.
Ауданның басылымы тоқсан жылдан астам тарихында атын төрт мәрте өзгертті. Алғашында «Екпінді» болса, кейіннен «Қызыл ту», «Коммунизм шамшырағы, ал тәуелсіздік алғанда «Қармақшы таңы» деген атқа ие болды. Мен соның «Қызыл ту» кезінен оқырманымын. Отағасым да аудан айнасын қолынан тастамайтын. Қанша еңбек адамы болса да, аудан жаңалығын қалт жібермейтін. Оның еңбектегі жетістіктері де осы басылым арқылы көпшілікке насихатталатын, – дейді оқырманымыз.
Ардагердің жары бар өмірін энергетика саласына арнаған еңбек адамы, «Ғасыр энергетигі» атағының иегері Шакизада Ашабаев ағамыз. Осы ретте айта кетерлігі, Разия анамыз газетті көзілдіріксіз оқиды. Газетке жазыла отырып, алғысын айтуды да ұмытпады.
– Бұрын газет ақ-қара түсте басылып шықса, қазір түрлі-түсті болып басылуда. Көңілім толады. Ештеңе назардан тыс қалып жатқан жоқ. Жасым біразға келсе де, газетті көзәйнексіз оқимын. Елдің арасында басылымды тек үлкен кісілер оқиды деген пікір естиміз. Түрлі технология алға озып кеткен заманда жаңашылдықтардың көп болатыны белгілі. Дегенмен, ұялы телефоннан бас алмайтын жастарымыздың дені ненің жақсы, ненің жаман екеніне ойсанасы жетпей жатады. Менің айналайын жастарға айтарым, газет, кітаптың жөні бөлек. Оны бір дағдыға салып алсаңыздар, іздеп отырып оқитын боласыздар. Қоғамда қандай жаңалық, өзгерістер болып жатыр, соның бәрін біліп отыру да – өнегенің белгісі. «Газеттің өзі – бір күндік, сөзі – мың күндік» демекші, жастарды газет оқуға шақырамын, – дейді қарт оқырман.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК

















