ЖАҢАЛЫҚТЫ ЕЛ АУЗЫНАН ЕМЕС, ГАЗЕТТЕН БІЛУ – ТАЛҒАМНЫҢ БЕЛГІСІ
Бүгінгі ақпарат ағыны қарқынды дамыған заманда дәстүрлі басылымдардың қадірі қайта артып келеді. Себебі газет – тек жаңалық көзі емес, өткен мен бүгіннің сабақтастығын жалғап тұрған рухани әлем. Редакциямызға тоқсан жылдан аса тарихы бар төл басылымына жазылуға іздеп келген оқырманды көргенде құрақ ұша қарсы алатынымыздың да бір себебі – осындай жанашырларымыздың болуы. Газетке деген ықыласы шынайы жандарды көргенде ішіміз жылып, өз ісіміздің қадірін терең сезінеміз. Осындай жанашыр оқырманның бірі – кент тұрғыны, елге сыйлы азамат Айтбай Бұғыбаев.
Ағамыз өзін «газет – өмірімнің бір бөлшегі» деп атайды. Өйткені ол «Қармақшы таңы» газетінің әрбір санын асыға күтіп, үнемі оқуға дағдыланған тұрақты оқырман. Аудан айнасында жарияланған жаңалықтың ешбірін қалт жібермейді. Әсіресе, экономика мен қоғамдық салалардағы өзгерістерді жіті бақылап отырады. Бұған оның ұзақ жыл бойы қаржы саласында тер төккен білікті маман болып жұмыс жасауы себеп.
– Қырық бір жыл бойы қаржы саласының тізгінін ұстасақ, оның отыз жылдан астамын салық саласына арнадым. Республикалық тексеру комиссиясында қызмет еттік. Көптеген ірі мекеменің есеп-қисабын жолға қойып, абыроймен еңбек еттік, – дейді Айтбай аға өткен күндеріне шегініс жасап.
Мемлекет ісіне адал қызмет етіп, ауданның қаржылық тәртібін нығайтуға өз үлесін қосқан ағамыз бүгінде зейнеткер. Бірақ қоғамдық өмірден қол үзбей, аудан жаңалықтарын қалт жібермеуі – туған жерге деген жанашырлықтың эталонындай. «Елге кім келді, кім тағайындалды, қай ауылда, қандай жұмыс басталды бәрін газеттен оқып білгенді ұнатамын. Біреуден естуден гөрі, ресми ақпаратқа сүйенген дұрыс. Газет айтқан – анық хабар», дейді ол.
Жуырда Дүр Оңғар ауылына газ берілген сәтті де басылымнан оқып қуаныпты. «Өз көзіммен көрмесем де, газеттің арқасында сол қуанышты бірге бөліскендей болдым» дейді өзі.
Бұл сөз – ақпарат тасқынында адаспай, сапалы жаңалыққа ден қоюдың көрінісі. Айтбай ағаның пікірінше, бүгінгі қоғамда газет оқуға насихат ауадай қажет. Себебі жастардың көпшілігі телефонға тәуелді болып барады.
– Немерелеріме кітап пен газет оқыңдар деп айтып отырамын. Газеттің әр бетін жыртқызбауға тырысамын. Өйткені онда тілшілердің орасан еңбегі бар. Жақсы әңгіме айтып отыру үшін де газетке шыққан дүниелерді жадыма тоқып жүремін, Сондайақ онда тек жаңалық емес, сараптамалық мақалалар, жергілікті ақындардың жаңа туындылары, шығармашылық материалдар, тіпті балаларға арналған арнайы беттер де ұйымдастырылып тұрады. Жалпы газеттің бағыты, ізденісі ұнайды. Бірнеше ұрпақ өкілінің қолтаңбасы бар. Сыртта жүрген жерлестеріміздің де газетке мақала жазып атсалысуын – үлкен еңбек ретінде бағалаймын, – дейді ағамыз.
Айтбай аға сияқты тұрақты оқырманның бұл сөзі – басылымның беделін көтеретін бағалы пікір.
Заман дамыған сайын адамзаттың ақпаратқа деген талғамы өзгеше. Соған қарамастан газет оқудың мәні жоғалған жоқ. Себебі баспасөз – байыпты ойдың, сараланған сөздің көзі.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ
















