ТӨЛ ГАЗЕТТІҢ ТҰРАҚТЫ ОҚЫРМАНДАРЫ
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген сөзді айтқалы бері қағаз басылым талай ұрпаққа бағыт-бағдар беріп келеді. Жыл сайын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың газет бетіне сұхбаттарының да жариялануы осыны айғақтай түсетін секілді.
Газет – халық пен билік арасындағы алтын көпір. Ақпарат айдынындағы кез келген басылым қоғам үшін еңбек етуі тиіс. Себебі, ақпарат құралдары қоғаммен бірге өмір сүреді, қоғаммен бірге тыныстайды. Аудан айнасына айналған «Қармақшы таңы» редакциясына жыл басталғалы бері қаншама қоңырау мен «газетке жазыла алмай қалыппыз» деп ішке дейін іздеп келіп жүрген оқырмандар бар. Көріп көзіңіз қуанады. Иә, жергілікті газетті жерлестер асыға күтетіні шығармашылық ұжымға шабыт сыйлайды. Газетті оқырмансыз елестету мүмкін емес.
Бүгінде ауданда газетке ұжым болып жазылуды дәстүр санап, елді ауызбіршілікке ұйыстырып жүргендердің саны артып келеді. Солардың бірі – No1 Аққайың санаториялық бөбекжай бақшасы. Балабақша ұжымы қызметкерлер соңғы жаңалықтарды осы газет бетінен, қала берді ақпараттық агенттіктің сайтынан оқиды.
Іргетасын 1968 жылы қаланған балабақша 140 балаға арналған. Бүгінде мұнда 55 қызметкер еңбек етуде. Ұжымға Шакизада Бодықова меңгерушілік етеді.
– Басылым – қоғамның айнасы, даму көрсеткішінің таразысы. Аудан жаңалықтарын оқып, біліп, танысып отыру әр адам үшін маңызды. Жыл сайын міндетті түрде аудандық газетке жазыламыз. Сала мамандары аудан жаңалықтарының жаршысы бола білген басылымның тұрақты оқырманына айналды. «Қармақшы таңы» – аудандағы бетке ұстар басылым. Көпшілік оқырманның көңілінен шығып, жақсы хабарға қанықтырып келе жатқан газетке жыл сайын қалыс қалмай жазылып келеміз. Оның ішінде, аудан жаңалықтарын уақытылы халыққа жеткізіп отырған газеттің әрбір нөмірін қалт жібермейміз. Сонымен қатар қазіргі басылымның бет бейнесі бөлек, ой саларлық, танымдық дүниелері өмірге деген құштарлықтың жаршысы секілді бойға қуат ұялатады. Аудандық газет өз кезегінде аймақ жаңалығын қалт жібермейді және халық та оны асыға күтіп оқиды, – дейді балабақша меңгерушісі Шакизада Жайсанқызы.
Тәніміз ауырса, ем іздеп жазып алуға тырысамыз. Кейде біздің рухани азығымыз да азайып, жұтаңдап қалатыны бар. Ондайда жарыса іздене бермейді көбі. Расында адамзат баласы оқу, іздену арқылы рухани азық алады. Көп оқыған көп біледі. Кез келген ортада өзін еркін сезініп, түрлі тақырып төңірегінде сөзге араласып, ойын айта алады. Сол себепті рухани әлемді байытып, газет-журнал оқи жүріңіз, оқырман!
Ақнұр САҒЫНТАЙ