» » ТӨЛ ГАЗЕТ – ТЫНЫСЫМ

ТӨЛ ГАЗЕТ – ТЫНЫСЫМ

Бүгінде аудандық басылым «Қармақшы таңы» газетіне 2026 жылдың І жартыжылдығына жазылу науқаны қарқын алуда. Редакция ұжымы үшін оқырман басылымның басты бағасы. Сол себепті әрдайым тұрақты оқырмандарды үлгі етіп, олардың пікірін көпшілікке жеткізу үрдіске айналған. Осындай елге өнеге, газетке адал жанның бірі – кент тұрғыны, ішкі істер саласының ардагері Әбен Қаракөзиев.
Әбен ағамыздың аудандық газетке деген ықыласы сонау «Коммунизм шамшырағы» аталған кезден бастау алады.
– Әскерден келіп, елге қызмет еткеннен бастап газетке жазылып, оның тұрақты оқырманына айналдым. Үйге газет сәл кешігіп жатса, таратушыға хабарласып, себебін сұрап аламын. Өйткені мен үшін газет – рухани серігім, – дейді ол.
Уақыт жылжып, заман өзгерсе де, ағамыздың баспасөзге деген құрметі сол қалпында.
– Қазір әлеуметтік желі дамып, жаңалық сол жақтан жылдам тарайды. Дегенмен мен желідегі ақпаратқа сене бермеймін. Газет – шындықтың айнасы. Онда жалғандық болмайды, өйткені оны бүкіл ел оқиды, – дейді ол сеніммен.
Тұрақты оқырманның айтуынша, басылым арқылы ел өміріндегі маңызды жаңалықтармен танысып, аудан тынысын сезіну – үлкен қуаныш.
– Жақында облысымызға Президентіміз ҚасымЖомарт Тоқаев келіп, аймағымыздың даму жолындағы жұмыстарды көріп, оң бағасын бергенін газеттен оқып білдім. Мемлекет басшысының Сыр еліне қадам басқанының өзі – үлкен мәртебе. Облыс әкімінің нәтижелі жұмысының арқасында аймақ күннен-күнге көркейіп келеді. Мұның бәрін «Қармақшы таңының» беттерінен оқып отыру мен үшін үлкен ғанибет, – дейді Әбен аға.
Ол әсіресе ауданның, кенттің тыныс-тіршілігіне қатысты жаңалықтарды жібермей оқиды. Жасы ұлғайған сайын тарихи мақалаларға ерекше қызығушылық танытатынын да жасырмайды.
Әбен Қуантайұлының газеттің әр санынан шашау шығармай уақытылы жеткізіп беруіне редакцияның сенімді серігі – таратушы Арыстанбек ағай да себепкер. Ол кейде оқырман жазылуды ұмытып кеткен жағдайда өз бастамасымен хабарласып, еске салып отырады.
– Газет оқығанды жақсы көремін. Тіпті бір ай кеш жазылсам да, ақысын толық төлеп, өткен нөмірлерін редакциядан сұрап аламын. Әр санын жинап, ретімен сақтап қоямын. Кейде ескі нөмірлерді қайта парақтап, ондағы әңгімелерді еске түсіремін. Сондай әсерлі сәттің бірі – марқұм ақын Серік Ыдырысов туралы мақаланы көңілім босап оқығаным бар. Ол кісімен жақсы араласқан едім. Осындай сәттерде газет өткенді еске түсіретін, жүректі тербейтін қазына екенін ұғасың, – дейді ол толғана.
Ішкі істер саласында талай жыл еңбек еткен ардагер бүгінде зейнет демалысында болса да, ел ісінен шет қалған емес. «Газеттен ауданда өткен сенбіліктер мен тазалық шараларын оқып, көше тұрғындарын да айналамызды таза ұстауға шақырамын. «Көшемізді таза ұстайық, үлгі болайық» деп айтып жүремін. Қазір ауданның ажары айтарлықтай өзгерді. Көшелер таза, жарық, жаяу жүргіншілер жолы көп. Мұның бәрі ел үшін жасалған еңбек. Біз соны бағалауымыз керек» дейді Әбен Қуантайұлы.
Ардагердің сөзіне қарап-ақ, газет тек ақпарат құралы емес, ел мен жерге деген сүйіспеншілікті арттыратын рухани күш екенін аңғаруға болады. Оның «Газет – менің тынысым» деуі тегін емес. Өйткені ол үшін басылым – күнделікті өмірдің ажырамас бөлшегі, ел жаңалығының бастауы.
Әбен Қуантайұлы секілді оқырмандарымыздың ықыласы біздерге үлкен шабыт береді. Осындай адал жанашыр оқырман барда, «Қармақшы таңының» шырағы маздай бермек.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
19 қараша 2025 ж. 70 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№88 (10456)

18 қараша 2025 ж.

№87 (10455)

15 қараша 2025 ж.

№86 (10454)

11 қараша 2025 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ!

ХАБАРЛАНДЫРУ!

18 қараша 2025 ж.
Шұғыл хабарландыру!

Шұғыл хабарландыру!

04 қараша 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 892
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңарған Жосалы
02 қыркүйек 2025 ж. 595

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930