ҰСТАЗҒА ҚҰРМЕТ – ҰРПАҚҚА ҮЛГІ
Кеше аудан әкімдігінде аудан басшысы Жандос Еркінбектің қатысуымен О.Шораяқұлы атындағы №30 мектептің директоры, білім саласының білікті маманы Бауыржан Дүйсенбаевты зейнеткерлікке шығарып салуға арналған салтанатты іс-шара өтті. Тағылымы мол жиынға аудандық мәслихаттың төрағасы Әділ Қошалақов, білім саласының ардагері Дәмелі Жалғасбаева және аудан мектептерінің директорлары қатысты.
Салтанатты жиынды ашқан аудан әкімі Жандос Еркінбек ұлағатты ұстаздың ұзақ жылдар бойғы қажырлы еңбегіне тоқталып, шынайы ризашылығын білдірді.
– Кеше ғана еліміз бен өңіріміз үшін аса маңызды оқиғалар өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы ұйымдастырылса, облыс әкімінің қатысуымен Байқоңыр қаласында 50 пәтерлі бес тұрғын үйдің кілттері тұрғындарға табысталды. Ал бүгін біз өзара құрмет пен алғыс білдірудің ерекше сәтінде бас қосып отырмыз. Ұзақ жыл бойы адал еңбек етіп, өз ісіне жауапкершілікпен қараған, білім саласына өлшеусіз үлес қосқан ұстаз – Бауыржан Назарұлын зейнеткерлікке шығарып салу баршамыз үшін мәртебе. Сіз әрдайым адалдық пен табандылықтың, сабыр мен әділдіктің үлгісін көрсете білдіңіз. Сіздің еңбегіңіз бен мол тәжірибеңіз жас ұрпаққа өнеге болып қала беретіні сөзсіз. Сізге мықты денсаулық, отбасыңызға амандық, ұзақ та баянды ғұмыр тілеймін, – деді аудан басшысы.
Бауыржан Назарұлының еңбек жолы – нағыз ұстазға тән табандылық пен елге қызмет етудің айқын көрінісі. Ол 40 жылдан астам уақыт ішінде қарапайым ұстаздықтан бастап, Жосалы кенті әкімінің орынбасары, үш бірдей мектептің директоры, аудандық білім бөлімінің басшысы сынды жауапты қызметтерді абыроймен атқарған. Қай салада еңбек етсе де, ол жоғары басқарушылық қабілетімен, ұйымдастырушылық шеберлігімен және халықпен, ұжыммен жұмыс істеудегі мәдениетімен ерекшеленді.
Әсіресе, білім саласындағы жүйелі реформалар мен маңызды бастамаларды жүзеге асыруда Бауыржан Назарұлының еңбегі зор. Оның тікелей атсалысуымен Байқоңыр қаласындағы бес ресейлік мектеп қазақстандық білім беру стандартына көшірілді. Бұл – жас ұрпақтың сапалы әрі бірізді білім алуына бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды. Сонымен қатар, оның қабылдаған шешімдері әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға, білім сапасын арттыруға және қоғамның мемлекеттік білім жүйесіне деген сенімін күшейтуге ықпал етті.
Іс-шара барысында аудан әкімі Жандос Еркінбек ұлағатты ұстазға аудан әкімінің Құрмет грамотасын табыстап, иығына шапан жапты. Бұл – ұзақ жылдарғы адал еңбектің лайықты бағасы болды.
Мұнан соң аудандық мәслихаттың төрағасы Әділ Қошалақов, білім саласының ардагерлері Дәмелі Жалғасбаева мен Еркін Атабаев сөз алып, әріптесімен бірге өткен жылдардан естеліктер айтып, жылы лебіздерін жеткізді. Олар Бауыржан Назарұлының іскерлігі мен адамгершілік қасиеттерін, жас мамандарға әрдайым қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар бергенін ерекше атап өтті.
Жиын соңында сөз алған Бауыржан Назарұлы өзіне көрсетілген зор құрмет үшін аудан әкіміне, әріптестеріне және жиынға қатысқан барша азаматтарға шынайы алғысын білдірді. Ол білім саласындағы қызметі әрдайым ел болашағына деген сенім мен жауапкершілікке негізделгенін айтып, кейінгі буын ұстаздарға сәттілік тіледі.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ

















