БАҒАНЫ ЕМЕС, ХАЛЫҚТЫ ОЙЛАҒАН КӘСІПКЕР
Жыл өткен сайын ел ішіндегі азық-түлік бағасының шарықтауы қарапайым халыққа оңай соғып жатқан жоқ. Әсіресе зейнеткерлер мен көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар үшін күнделікті тұтынатын азық-түліктің өзі қымбатшылықтың құрбанына айналуда. Осындай сәттерде тұрғындар қалтасындағы қаражатқа қарай есептеп, қолжетімді дүкен іздеуге мәжбүр. Кейде жұртшылық аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен өтетін ауылшаруашылық өнімдерінің арзан жәрмеңкесін асыға күтетінін де жасыра алмаймыз.
Осындай игі істің басы-қасында жүріп, ел алғысына бөленіп жүрген жандардың бірі – ауданымызға белгілі кәсіпкер Тиышкүл Жалғасқызы. Ол аудан әкімдігі және ауылшаруашылығы мен жер қатынастары бөлімімен бірлесе отырып, жиі-жиі нарықтан 10-15% төмен бағада ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесін ұйымдастырып, халықтың тұрмысын жеңілдетуге өз үлесін қосып келеді. Әсіресе зейнеткерлерге деген жанашырлығы ерекше. Бағаны қолдан келгенше төмендетіп, қажетті өнімдерді халыққа қолжетімді бағамен ұсынып жүр.
Кәсіпкердің ұйымдастыратын жәрмеңкелері тек кент тұрғындарымен шектеліп қалмайды. Ол ауыл-аймақтарды да аралап, шалғай елді мекендердің тұрғындарына жағдай жасауды басты мақсат санайды. Ақтөбе, ІІІ Интернационал секілді ауылдардың тұрғындары оны жиі шақырып, жәрмеңке өткізуін өтінеді. Себебі бұл ауылдарда ұйымдастырылатын жәрмеңкелер халық үшін нағыз мерекеге айналған.
– Өзім кәсіпкер болсам да, кез келген адам секілді азықтүлікті арзан бағада алғанды ұнатамын. Сол себепті елжұртқа да жақсылық жасап, ауылшаруашылық өнімдерін мүмкіндігінше төмен бағамен ұсынуды жөн көремін. Көбіне ауылдардан шақырту түседі. Жүк көлігімді өнімге толтырып апарамын, шүкір барлығы тез өтіп, бос қайтамын. Апарған тауарларымды дүкен бағасынан төмен пайызға дейін арзан сатамын. Халықтың риза болғанын көру – мен үшін ең үлкен қуаныш, – дейді кәсіпкер.
Шынында да, мұндай жәрмеңкелер ауыл тұрғындары үшін үлкен қолдау. Тіпті кейде жәрмеңкеден кейін ауыл дүкендеріндегі бағаның да төмендейтіні байқалады. Мұны тұрғындар өздері айтып, кәсіпкерге алғыстарын жеткізуде.
Әрине, кәсіпкерлік жол – тек табыс табу емес, ол үлкен жауапкершілік. Кейде түрлі кедергілер де кездесіп жатады. Мәселен, жуырда күннің суытуына байланысты техникасы бұзылып, алдын ала шақырған ауылдарға бара алмай қалған кезі де болыпты. Соған қарамастан, ол алдағы уақытта жәрмеңкелерді қайта жалғастыруды жоспарлап отыр.
Тиышкүл Жалғасқызы тек саудасаттықпен шектеліп қалмай, қайырымдылықты да қатар алып жүрген жан. Ол жағдайы төмен отбасыларға, мұқтаж жандарға қол ұшын созуды ешқашан ұмыт қалдырған емес. Мұндай ізгі істері арқылы ол кәсіпкерліктің тек пайда табу емес, қоғамға қызмет ету екенін ісімен дәлелдеп келеді. Қымбатшылық қысып тұрған бүгінгі күнде осындай жанашыр азаматтардың еңбегі ерекше бағалауға лайық.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
















