Баға тұрақтылығы бақылауда
Бүгінде әлемдегі геосаяси жағдай, отандық өнімнің ішкі нарықта шетелдік импортпен бәсекелестікке түсе алмауы, өңдеу өнеркәсібінің әлсіздігі, инфляцияның теңгені әлсіретуі секілді жайттар кез келген тауар бағасының шарықтауы мен тұтынылатын ақылы қызметтердің бағасының өсуіне әсер етіп жатқаны рас. Анығын айтқанда, нарық ырыққа, баға байлауға көнбей тұр. Десе де бағаны тұрақтандырудың бір тетігі – күнделікті тұтынуды қажет ететін әлеуметтік маңызы бар тауарлардың құнын халыққа қолжетімді ету.
Аудан бойынша аудан әкімдігі жанынан кұрылған мобильді жұмысшы топ аудан орталығында орналасқан сауда үйлері, шағын маркеттер мен үй жанындағы дүкендердегі 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына мониторинг жұмысын тұрақты жүргізіп келеді. Жұмысшы топпен бағаларға қатысты заң бұзушылықтарға тиісті жауапкершіліктер көзделгендігі туралы түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, кәсіпкерлерге жадынамалар ұдайы таратылуда.
Айта кетейік, мониторинг нәтижесінде жыл басынан бері бағаны негізсіз өсірген 19 сауда нысанының иелеріне шара көру үшін облыстық сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментіне өтінім жіберілген. Сонымен қатар, сауда үйлері мен дүкендерде тұтынушыларға фискальды чек бермейтіндігі жөнінде Мемлекеттік кірістер басқармасына 3 дүкеннің үстінен өтініш түсіріліп, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 284 бабының 3 тармағымен әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін 3 дүкенге шара көрілген.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын тұрақты ұстап тұру мақсатында жыл басынан бері «Байқоңыр ӘКК» АҚ-нан нақты алынған азық-түлік өнімдерінің көлемі 136,5 тн, бірінші сорт- ты бидай ұнының көлемі 90 тн өнім алынды. Сонымен қатар, жыл басынан бері жалпы саны 22 рет ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, әлеуметтік маңызы бар азық- түлік өнімдері нарық бағасынан 15-20 пайызға төмен бағада халыққа ұсынылған екен. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші шаруашылықтар мен өңірлік тұрақтандыру қоры бірлесіп аудан бойынша ауылдық округтерде – 8 рет, Жосалы кентінде – 9 рет, Төретам кентінде – 5 рет ауылшаруашылығы өнімдері жәрмеңкесі өткізілген.
«Сауда қызметін реттеу туралы» ҚР Заңының 9-бабына сәйкес, ішкі сауда субьектілері (азық-түлік дүкені, дүңгіршек, супермаркеттер, шағын маркеттер т.б. иелері) азық-түлік өндірушіден немесе көтерме сауда жеткізушісінен сатып алынған әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік тауар бағасына 15 (он бес) пайыздан артық үстеме мөлшерін көтерген жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 204-4-бабына сәйкес ескерту жасауға алып келеді. Сала мамандары әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекет – шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 10 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 75 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 300 АЕК мөлшерінде айыппұл салынатынын ескертеді.
Мобильді жұмысшы тобының жауапты мамандары осындай жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатынын айтады.
Ақнұр ЕРДҮЙСЕНҚЫЗЫ