ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТ – ҚАУІПСІЗ БОЛАШАҚ КЕПІЛІ
Ү.Томанов атындағы №183 орта мектепте «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында қаңтар айына белгіленген «Заң және тәртіп» құндылығы бойынша айлық ісшаралар жоспары барысында мазмұнды әрі тағылымы мол кездесу сағаты өтті. «Заң – өмір тірегі» тақырыбында ұйымдастырылған бұл шараға 8-11 сынып оқушылары қатысып, құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған маңызды ой-пікірлер ортаға салынды.
Кездесудің негізгі мақсаты – әрбір оқушыға өз құқығы мен міндетін терең түсіндіру, өзгенің құқығын құрметтеуге тәрбиелеу, жас ұрпақты заңға бағынатын, тәртіпті, жауапкершілігі жоғары азамат болып қалыптасуға бағыт беру болды. Сонымен қатар, оқушылардың қоғам, заң және тәртіп туралы көзқарастарын айқындап, құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелеріне ерекше мән берілді.
Іс-шараға аудан прокуратурасының прокуроры Әділет Сәду, аудандық ата-аналар комитетінің төрағасы Мағауия Әлиев, аудандық денсаулық орталығының психологі Әмина Кетебаева, әкімшілік полиция бөлімінің бастығы Нұрбек Серіков, аудандық білім бөлімінің әдіскері Ақтолқын Тоқшылықова және мектеп инспекторы Қайрат Еспанов арнайы қатысты. Құзырлы мамандардың қатысуы кездесудің маңызын арттырып, оқушылар үшін пайдалы әрі танымдық алаңға айналдырды.
Кездесу барысында аудан прокуратурасының прокуроры Әділет Сәду сөз алып, Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес әрбір баланың құқықтары мен міндеттері туралы жан-жақты түсіндіріп өтті. Ол жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың салдарына тоқталып, заңды білу мен тәртіпке бағынудың адам өміріндегі шешуші рөлін нақты мысалдар арқылы жеткізді. Аудандық полиция бөлімі әкімшілік полиция бөлімшесінің әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы Нұрбек Серіков өз сөзінде жасөспірімдердің түнгі мезгілде заңсыз жүруінің қауіптілігіне ерекше назар аударды. Ол әрбір баланың қауіпсіздігі мен өмірін сақтау ең алдымен өздерінің жауапкершілігінде екенін атап өтіп, заң талаптарын сақтаудың маңыздылығын түсіндірді. Ал аудандық білім бөлімінің әдіскері Ақтолқын Тоқшылықова оқушылармен еркін форматта пікір алмасып, түрлі сұрақтар қойды. Болашақ мамандық, өмірлік мақсат, азаматтық жауапкершілік тақырыптарында ой қозғап, жасөспірімдердің көзқарастарын тыңдады. Ол тәртіпті сақтау, заңды құрметтеу және салауатты өмір салтын ұстану – әрбір баланың жарқын болашағының берік негізі екенін атап көрсетті.
Жиын соңында мектеп оқушылары Әлхамидулла Сүлеймен мен Мағжан Темірханов өз ойларын ортаға салып, құқықбұзушылыққа жол бермеуге, заң талаптарын сақтауға және тәртіпті болуға дайын екендіктерін білдірді. Олар ата-ана мен ұстаз сенімін ақтау, қоғам алдында абыройлы болу әрбір оқушының өз қолында екенін атап өтті.
Тағылымы мол бұл кездесу оқушыларға заң мен тәртіптің өмірдегі маңызын терең ұғындырып, жауапкершілікті сезінуге, адал азамат болып қалыптасуға үлкен серпін берді.
«ҚТ» ақпарат















