ӨМІРГЕ САЛАУАТТЫ ҚАДАМ
Әрбір адамның өмірінде салауатты өмір салтын ұстану – денсаулықты сақтап, жан мен тәннің үйлесімділігін қамтамасыз етудің басты кепілі. Бұл тек физикалық денсаулыққа ғана емес, сонымен қатар психологиялық және эмоционалдық жағдайға да әсер етеді. Өмірге салауатты қадам жасау – өзіңді бағалау, болашағыңа қамқор болу деген сөз.
Осы орайда аудандық оқушылар үйінде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында «Өмірге салауатты қадам» тақырыбында кездесу өтті. Мәнді іс-шараға аудандық ата-аналар комитетінің төрағасы Мағауия Әлиев, білім бөлімінің әдіскері Ақтолқын Тоқшылықова, аудан прокурорының көмекшісі Әділет Сәду, Жастар денсаулығы орталығының психолог маманы Әмина Кетебаева, салауатты өмір салтын қалыптастыру кабинетінің маманы Дариха Құлмырзаева, аудандық аурухананың акушері Әсем Мерекова және аудандық оқушылар үйінің директоры Құралай Манасова қатысып, оқушыларға салауатты өмір салтын ұстану, дұрыс тамақтану, денсаулық сақтау және психологиялық әл-ауқат туралы маңызды кеңестер берді.
Іс-шара барысында оқушылар зиянды тағамдар мен пайдалы тағамдарды ажырату мақсатында тәжірибе жасады. Жастар денсаулығы орталығының психолог маманы Әмина Кетебаева білім алушыларға тренинг жүргізді. Сонымен қатар оқушылар қонақтармен еркін пікір алмасты. Жиын соңында қатысушылар «ART дизайн» үйірмесінің жетекшісі Қайсар Ғаниұлы дайындаған сұрақтарға жауап берді. Сала мамандарымен болған тағылымды кездесу өте мазмұнды өтті.
Денсаулық – адамның ең құнды байлығы, сондықтан оны сақтауға, күтуге және дамытуға бағытталған әрбір қадам маңызды. Бұл жиын да білім алушыларға ой салған, мағыналы кездесу болды.
Марал АЙМАХАНОВА,
аудандық оқушылар үйінің
педагог-ұйымдастырушысы