Құрметті Қармақшы ауданының тұрғындары! Ардақты жерлестер!
Сіздерді Жаңа 2026 жылмен шын жүректен құттықтаймын!
Жаңа жыл – келешекке кемел жоспар құратын, үміт пен сенімге бастайтын маңызды кезең. Өткен жыл ауданымыз үшін нақты нәтижелерге, жарқын жаңалықтарға толы болды.
Аудан экономикасы тұрақты даму жолына түсіп, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерде оң өзгерістер байқалды. Бюджет көлемінің артуы ел игілігі үшін бағытталған маңызды жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Ауылшаруашылығы саласында толағай табыстарға қол жеткізіліп, еңбек адамдарының маңдай терінің арқасында облыс көлемінде мал шаруашылығынан озат атанды.
Әлеуметтік салаларда да жүйелі жұмыстар жүргізіліп келсе, білім беру бағытында шәкірттеріміз жоғары нәтижелер көрсетуде. Денсаулық сақтау жүйесінде жаңа медициналық нысандар пайдалануға берілсе, спорт пен мәдениет бойынша ауданымыз нақты нәтижеге қол жеткізіп келеді.
2025 жылдың ең қуанышты жаңалықтарының бірі – Дүр Оңғар ауылын газдандыру жобасының аяқталуы болды. Сонымен қатар, әлеуметтік осал топтарды тұрғын үймен қамту, жаңа көпқабатты үйлер салу, жол жөндеу, инфрақұрылымды жаңарту бағытындағы жұмыстар жүйелі жүзеге асырылды.
Бұл жетістіктің барлығы – бірлік пен тынымсыз еңбектің, елге деген жанашырлықтың жемісі. Ауданымыздың өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосып жүрген барша еңбек адамына, ардагерлерге, кәсіпкерлерге және белсенді жастарға шынайы алғысымды білдіремін.
Алдағы 2026 жаңа жылда бірлесе еңбек етіп, ауданымызды одан әрі дамыту жолында жұмыла қызмет атқарамыз деп сенемін. Жаңа жылқы жылы әр шаңыраққа құт-береке, молшылық пен шаттық әкелсін! Еліміз аман, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!
Құрметпен, аудан әкімі
Жандос ЕРКІНБЕК















