Аудан басшысы Жаңа жыл мерекесімен құттықтады
Қымбатты аудан тұрғындары!
Құрметті қармақшылықтар!
Құрметпен,
Қармақшы ауданының әкімі Жандос ЕРКІНБЕК
Құрметті қармақшылықтар!
Баршаңызды келе жатқан Жаңа 2024 жылмен құттықтаймын!
Барша адамзат бұл күні өткенді ой елегінен өткізіп, саралап, Жаңа жылға таза ниетпен, болашаққа деген мол сеніммен қадам басқанды қалайды. Қазақстан үшін парасат пен пайымға толы тағы бір жыл ХХІ ғасыр қойнауына еніп барады.
Халқымызда «Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» деген даналық сөз бар. Біз қашанда өткенге салауат айтып, болашақтан жақсылық күткен халықпыз.
Биылғы жыл ауданымыз үшін тарихи жыл. Себебі, қойнауынан 100 жырау мен 1000 палуанды түлеткен қасиетті мекеніміз Қармақшы ауданының құрылғанына 95 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өттік.
Ғасырлар тоғысындағы туған жерімізге 2023 жыл толайым табыстар мен мол жетістіктер сыйлады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында ауқымды жұмысты бастадық. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, абаттандыру, әлеуметтік сала нысандарын және жолдарды жөндеу бойынша бірқатар маңызды іс-шаралар атқарылып, тұрғындардың өмір сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстар өз жалғасын табады. Ол үшін бізге тек қана ауызбіршілік пен тұрақтылық керек.
Қадірлі жерлестер!
Келер жыл өмірімізді мәнді оқиғаларға, татулық пен жасампаздыққа толтырғай. Ортақ шаңырағымыздың жарқын келешегі үшін еңбектеніп жүрген барша азаматтарға бейбіт өмір, тыныштық, мол жақсылықтар тілеймін. Жаңа жыл үлкен үміт, шаттық пен қуаныштың жылы болсын!
Әрбір шаңыраққа бейбіт өмір, молшылық пен ізгілік, денсаулық пен бақыт әкелсін. Елiмiз тыныш, ынтымағымыз мәңгi, болашағымыз баянды болсын!
Жаңа жыл тағы да құтты болсын, ағайын!
Құрметпен,
Қармақшы ауданының әкімі Жандос ЕРКІНБЕК