ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БАҒЫТТАЛҒАН ЕҢБЕК
Энергетика саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай ауданымызда салтанатты шара ұйымдастырылды. Мерекелік жиынға аудан әкімінің орынбасары Самат Смағұлов қатысып, сала мамандарының ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған сүбелі үлесін атап өтті.
Құттықтау сөзінде ол энергетиктердің халықтың күнделікті тұрмыстіршілігін үздіксіз әрі сапалы жарықпен қамтамасыз етудегі қажырлы еңбегіне тоқталып, бұл салада атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарға кеңінен тоқталды.
– Тұрғындардың өмір сапасын арттыру жолында тынымсыз еңбек етіп жүрген сіздердің қызметтеріңіз зор құрметке лайық. Ауданымызда соңғы жылдары «Елді мекендерді электр желісімен қамтамасыз ету» бағыты аясында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Ақтөбе және Көмекбаев ауылдарында электр желілерін салу және жаңғырту жұмыстары толық аяқталды. Ал биыл Иіркөл ауылында 226,1 млн теңгеге, Дүр Оңғар ауылында 636,7 млн теңгеге ауқымды жұмыстар жүргізілді. Бұл – аудан халқының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған нақты нәтижелер, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Салтанатты шара барысында энергетика саласының ардагері Ануар Дембаев сөз сөйлеп, әріптестерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
Мерекелік жиында салада ұзақ жылдар бойы адал еңбек етіп, кәсіби шеберлігімен ерекшеленген бірқатар қызметкер аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар Төретам кентінің мерейлі мереке иелеріне де жемісті қызметтері үшін арнайы естелік сыйлықтар табысталды.
Салтанатты жиын аудан өнерпаздарының ән шашуымен жалғасып, көтеріңкі көңіл-күйге толы мерекелік бағдарламаға ұласты.
Айта кету керек, соңғы жылдары аудан бойынша электр желілерінің тозу деңгейі 80 пайыздан 60 пайызға дейін төмендеген. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыру мақсатында ІІІ Интернационал, Ақжар, Қуаңдария, Қармақшы және Алдашбай ахун ауылдары бойынша тиісті жобалар әзірленуде.
Ақнұр ЕРДҮЙСЕНҚЫЗЫ

















