БІРЛІК БАР ЖЕРГЕ БЕРЕКЕ ТҰРАҚТАЙДЫ
16 желтоқсан – қазақ халқының сан ғасырлық арманы жүзеге асқан, елдігіміздің ең ұлы күні. Бұл күн – тәуелсіздіктің тұғыры орнап, азаттықтың ақ таңы атқан тарихи сәт. 1991 жылдың дәл осы күні Қазақстан өз егемендігін ресми түрде жариялап, әлем картасында дербес мемлекет ретінде мойындалды. Сол сәттен бастап халқымыздың тағдыры жаңа арнаға бұрылып, жас мемлекет даму жолына түсті.
Тәуелсіздік – кез келген халықтың ең қасиетті құндылығы. Қазақ елі бұл күнге оңай жеткен жоқ. Ғасырлар бойы бабаларымыз ұлан-ғайыр жерді қорғап, ел бірлігін сақтап, ұрпағының болашағы үшін күресті. Ал 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы қазақ жастарының жүрегіндегі еркіндік рухын жарқын түрде көрсетті. Қайсар жастардың «Елім, жерім!» деп алаңға шығуы – тәуелсіздікке бастар жолдың бір белесі болғаны сөзсіз. Бүгінде Қазақстан бейбітшілік пен тұрақтылықты ту еткен, саяси һәм экономикалық тұрғыдан дамып келе жатқан мемлекет. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жасалған реформалар, халықаралық байланыстардың кеңеюі, ел экономикасының нығаюы – егемендіктің нақты жемістері. Мемлекетіміз әлемдік қауымдастықтағы өз орнын айқындап, түрлі ірі бастамаларға ұйытқы болды.
Тәуелсіздік тек саяси мәртебе ғана емес, ол – елдің рухани жаңғыруы, ұлттық құндылықтардың қайта түлеуі. Қазақ тіліне, мәдениетіне, тарихына деген құрмет күшейіп, ұлттық сана жаңғырды. Бүгінгі ұрпақ – азат елдің перзенттері. Олар тәуелсіздіктің қадірін терең түсініп, елдің дамуы мен бірлігіне үлес қосуы тиіс.
Қазіргі таңда Қазақстан жаңа кезеңге қадам басты. Цифрландыру, инновациялық даму, әлеуметтік жаңғыру секілді бағыттар ел болашағын айқындауда. Бұл жолда ең басты күш – ел бірлігі. Бірлік бар жерде ғана береке, тұрақтылық бар жерде ғана даму болады.
16 желтоқсан – халқымыздың рухын көтеріп, елдік пен ерлікті еске салатын ерекше күн. Бұл күн ұрпаққа тәуелсіздіктің оңай келмегенін ұғындыратын, елдікті сақтауға үндейтін тарихи асу. Азаттығымыздың айбыны асқақ болсын, тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!
Аида МЫРЗАҒҰЛОВА,
аудандық сот әкімшісінің бас маманы















