» » Экспозициялық көрме тұсауын кесті

Экспозициялық көрме тұсауын кесті


Тәуелсіздік!
Осы бір ғана ұғым біз үшін қастерлі, құнды, қадірлі, аса айрықша, ардақты. Міне, біз биыл тәңірі тарту еткен Тәуелсіздігіміздің, арайлы азаттығымыздың отызыншы жылына қадам бастық.
Түп шежіресі сонау ежелгі түркіден бастау алатын қазақ халқының бағзы заманнан бері өзінің салиқалы салтын сақтап қалғаны – еркіндік сүйгіштік жігерінің, асқақ рухының арқасы. Қазақ мемлекеттілігінің түпкі негізі сонау сақтардан басталып, ғұн, қаңлы, қыпшақ, Ақ орда мен Қазақ хандығының жалғасы – бүгінгі тәуелсіз Қазақстан мемлекеті. Еңсемізді тіктеп, егемен ел атанып, өз алдына отау тігіп дербес мемлекет атанған Қазақстан қаншама қиындықтарға жолықса да тастай берік төзімділіктің арқасында жалпақ әлемге өзінің өршіл үнін, өркениетке деген үмітін мойындатты. Ата-бабамыздан мұра болып қалған ұлан-ғайыр атамекеніміз, ана тіліміз, мәдениетіміз, дініміз тек қана қазақтың рухының күштілігімен сақталды. Халқымыз ұлт болып қалыптасуы жолында және одан кейінгі кезеңде де талай қиямет-қайым күндерді, қилы заманды, кескілескен шапқыншылықты да бастан өткерді. Қасық қаны қалғанша туған жерімізді қорғап, бізге аманат етіп қалдырған ұлы даланың кемеңгерлерінің арқасында бүгінде біз бақытты өмір сүрудеміз.
Биыл осы егемендігіміздің мерейлі мерекесі. Боданнан босап, тәуелсіздіктің туын тіккелі 30 жыл. Өз алдымызға Ата Заңымызды, Мемлекеттік рәміздерімізді, ұлттық құндылықтарымызды, мәдениетімізді қалыптастырып, дамудың даңғыл жолына түскелі де – 30 жыл. Осыған орай еліміздің түпкір-түпкірінде тәуелсіздікке тарту ретінде әртүрлі бағытта шаралар ұйымдастырылуда. Солардың бірі – аудандық тарихи-өлкетану музейінде ашылған «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 30 жыл» атты экспозициялық көрмесі. Ол жақында аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы К.Раева, ардагер Ә.Құлдүйсенов пен Ш.Құндақбаев, облыстық «Ұрпақтан-ұрпаққа» қоғамдық бірлестігі аудандық филиалының төрайымы Ү.Махамбетова, Ақжар ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Р.Жөнейтова, Қармақшы ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Г.Бадырақ және №3 «Ертөстік» бөбекжай бақша меңгерушісі А.Әбжалиевалардың қатысуымен өткізілді. Экспозициялық көрме Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің қалыптасуы мен даму тарихына арналған. Келушілер 1991 жылдан бастап егемендіктің жариялануы, тәуелсіз Қазақстанның Ата Заңы мен Мемлекеттік рәміздердің қабылдануы, ұлттық валюта – теңгенің айналымға енуі, ішкі саяси тұрақтылық және Халықаралық ұйымдармен қатынастың орнауы жөнінде баяндалатын сурет, құжаттарды тамашалады. Көрме жыл бойы музей фойесінде орналастырылып, Тәуелсіз мемлекет болғалы еліміздің жеткен жетістіктері мен бағындырған белесі жайында келушілерге таныстырылып, ақпараттандырылады.
Желтоқсанның желі мен ызғарына қарсы тұрған жастардың жалынды рухы мен ерліктерінің арқасында шаңырағы биік, керегесі кең мемлекет ретінде осынау күнге жеткен біз, бүгінгі ұрпақ – ұлы күннің ұландарымыз, кең байтақ жерді аманаттап алған батыр бабаларымыздың жалғасымыз. Ендеше, қолда бар алтынның қадірін білу, оны келешекке мұра етіп қалдыру – мойнымыздағы парызымыз.

Әнсая ӘЗИЗҚЫЗЫ,
аудандық тарихи-
өлкетану музейінің әдіскері
16 наурыз 2021 ж. 620 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№96 (10361)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (10360)

30 қараша 2024 ж.

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 526

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 597

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031