БІЛІМ САЛАСЫ БАҚЫЛАУДА
Ауданда білім саласын дамыту, балаларға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру – жергілікті атқарушы органдардың басым бағытының бірі. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде бақылап, олардың орындалу деңгейін бағалау мақсатында аудан әкімі Жандос Еркінбек бірқатар білім беру ұйымдарын аралап, олардың тыныстіршілігімен жақынырақ танысты.Алғаш болып аудан басшысы «Айгөлек» бөбекжай-бақшасына барды. Қазіргі таңда бұл тәрбие ошағында 70-тен аса бүлдіршін тәрбиеленуде. Аудан әкімі балабақшаның материалдықтехникалық жағдайын, бөлмелердің жай-күйін, санитарлық талаптардың сақталуын арнайы қарап шықты. Тәрбиешілермен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, өзекті мәселелер бойынша нақты тапсырма берді. Әсіресе балалардың қауіпсіздігі, олар үшін жайлы әрі мейірімді орта қалыптастыру, білім мен тәрбие сапасын арттыру әрдайым басты назарда болуы қажет екенін ерекше атап өтті.
Осыдан кейін аудан әкімі жаңа ғимаратқа көшіріліп, мүмкіндіктері кеңейтілген аудандық Оқушылар үйінің жұмысымен танысты. Бұл қосымша білім беру орталығы – балалардың шығармашылық қабілетін ашуға, өнер мен ғылымға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған маңызды мекеме. Мұнда әртүрлі бағыт бойынша ашылған 27 үйірмеге 976 оқушы қатысып, өз таланттарын дамытуда. Аудан әкімі бірнеше үйірмеге бас сұғып, оқу процесін бақылап, оқушылардың қолөнер, музыка, техника және өнер бағытындағы жұмыстарымен танысты. Балалардың жетістіктерін көріп, олардың ынта-жігеріне жоғары баға беріп, үйірме жетекшілеріне алғысын білдірді.
Білім ошоқтарын бақылау барысында аудан әкімі Жандос Еркінбек білім беру ұйымдарының материалдық базасын күшейту, педагогтардың жағдайын жақсарту, балалардың жан-жақты дамуына мүмкіндік беру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатынын айтты. Ол білім саласы кез келген өңірдің болашағын айқындайтын маңызды бағыт екенін, сондықтан мектептер мен балабақшалардағы жұмыс өзінің тұрақты бақылауында болатынын жеткізді.
Аудан әкімі білім беру ісі тек бүгінгі күннің емес, келешек ұрпақтың тағдырына әсер ететін үлкен жауапкершілік екенін және атқарылатын жұмыстардың сапасы үздіксіз жақсара беретінін айтты.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
















