МЕНІҢ ЖҰМАҒЫМ – РУХАНИЯТ
Сонау ел басына күн туған зұлмат заманда алғашқы нөмірі шыға бастаған «Қармақшы таңы» газеті ашаршылық, соғыс кезінде де оқырманымен тілдесіп отырды. Аты бірнеше мәрте өзгерген басылым тәуелсіздік алған уақытта да жаңа есімге ие болып, тыныс-тіршілігін, жүрек соғысын сәтімен жалғастырып келеді. Жалпы газет оқырманымен өміршең. Газетті газет ететін де, бағасын беретін де – оның оқырманы. Оқырманы бар газеттің ғұмыры ұзақ, болашағы байсалды. Сол себепті басылым үшін де әрбір оқырманның орны бөлек.
Рухани байлықты өміріне тірек етіп, Сыр елінің атын республикалық, халықаралық деңгейде танытып жүрген газетіміздің тұрақты оқырманы – бірнеше кітаптың авторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, облыс әкімінің «Тұран» сыйлығының иегері, ақын Достық Тілеубергенов ағамыз. Дүр Оңғар ауылының тұрғыны, руханият жанашыры Достық ағамыз жақында газетімізге жылы лебізін білдірген болатын.
– Мен білім саласының ардагерімін. Ауылдағы №107 мектепте ұзақ жылдар балаларды біліммен сусындаттым. Шығармашылық – өмірімнің бір бөлігі десем, қате емес. Кітаптарым жарық көрді. Оқушыға мектеп бағдарламасы тұрғысынан сабақ беру аздық етеді. Мұғалім – қоғамның айнасы. Ұстаз деген сөздің төркіні өте биікте. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болған соң шығармашылықпен дамып отыруды дұрыс деп білемін. Баланың рухани бай болып өскені – өзі үшін де, қоғам үшін пайдалы. Оқушың пәнге қызығуы үшін мұғалім жан-жақты болуы керек. Шәкірттеріме үлгі болуға тырыстым. Көптеген байқауға қатысып, жеңімпаз атандым. Кітап, газет оқу – ол менің қалыптасқан дүнием. Білім де теңізде жүзіп бара жатқан кеме сықылды, оны жаңалап, жаңғыртып отырмасаң – тот басады. Ізденіп, алға жылжып отырғанда ғана жетістікке жетесің. Айналаңда, қоғамда не болып жатқаны маңызды.
Ал аудандық «Қармақшы таңы» газетіне келер болсам, ол біздің отбасымыздың қалап оқитын басылымы. Қазақ руханиятына ғасырға жуық уақыт қалтқысыз қызмет етіп келеді. Ол – ауданымыздың айнасы болумен қатар, сөз өнерінің рухани ордасы. Газет жергілікті оқырмандарға ауданның бүгінгі тыныстіршілігін, көркем келбетін, еңбегімен танылған ерен ерлердің жарқын үлгісін насихаттауымен қымбат. Мәдениет пен әдебиетке де үнжария бетінен жиі орын беруімен қуантады. Өткеннің мұрасын, бүгіннің үнін, болашақтың үмітін бір арнаға тоғыстыра алған ауданымыздың газетін қауым болып қолдап, біркісідей жазылуға шақырамын, – дейді ардагер ұстаз.
Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА
















