ТӨЛ БАСЫЛЫМНЫҢ ЕГДЕ ОҚЫРМАНЫ
Жүз жылға жуық тарихы бар аудандық басылым қашанда ормандай оқырманымен еңселі. Ат жалын тартып мініп, азамат болғаннан күні бүгінгі дейін басылымнан бір елі ажырамай, берен достықтан айнымай келе жатқан бекзада оқырманы барда, ғұмыры ғасырға жуық газеттің ұлтпен бірге жасай беретіндігі өмір шындығы. Халықтың көзі, құлағы һәм тіліне айналған басылымның дәл осы сипаттағы бір оқырманы кентте тұрады. Ол – Әлім Ұзақов.
Жасы сексен беске келген ақсақал аудандық басылымда не жарияланғанына әлі күнге дейін зер салып отыратын дағдысы негіз бола алады. Үйіне газетіміздің бір саны кешігіп, келмей жатса редакциямызға іздеп келетіні бізді жігерлендіреді. «Газетпен сонау жылдан бері доспын» деді Әлім аға сөзінде. Рас ау. Қай жартыжылдық болсын қомақты қаржыға бірден бес-алты газетке жазылады.
– «Қармақшы таңы» – газеті отбасымызбен оқитын басылымдардың бірі. Баспасөзге жазылу отбасылық дәстүрге айналған. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы, халықтың тұрмыс-тірлігі, ел игілігі үші қолға алынып, жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың шарапаты жөніндегі тұщымды материалдарды да осы ата басылым арқылы оқып білеміз. Газет өз шежіресімен таныстыруда үлкен рөл атқаруда. Үйде әжең екеуіміз кейде газетке таласып қаламыз. Өңірге қатысты немесе танымдық мақалаларды талдап, бір-бірімізге айтып отырамыз. Ауданның тыныс-тіршілігінен жақсы жаңалықтар болса қуанамыз. Жалпы газеттің айтары көп қой. Қазіргі жастар кітап, газет журнал дегенді аса көп оқи бермейді. Қолдағы телефонға сеніп кеткен. Нағыз шынайы ақпарат басылымдарда болады. Мен осыны айтқым келеді, – дейді Әлім ақсақал.
Тұрақты оқырманымыз жұмыс істеген жылдары еңбек адамы болған. Кезінде аудандағы «РТС» аталып кеткен мекемеде токарь, дәнекерлеуші, темірді қырнап жонушы, тіпті ұсталық қызметті де атқарған. Ол уақытта ауылдың техникалары бұзылса қызмет көрсеткен.
– Бір мекемеде 300-дей адам жұмыс істедік. Онда қызметтің түрін таңдамадық. Темірден түйін түйдік. Қандай тапсырма береді орындаймыз. Колхоз, совхоздардың да жұмысын істеп, техникалардың жүріп тұруына жәрдем еттік. Кейін 1992 жылы мекеме тарады. Бірақ жұмыссыз қалмадық. Аудандағы «ПЧ» мекемесіне осы мамандығым бойынша қызметке орналасып, осы жерден зейнетке шықтым. Еңбегімізге қарай жоғары дәрежеде марапатталдық. Қызмет істеген жылдары еңбек адамы ретінде газет беттерінен түспедік, – деді ол.
Әлім ақсақалдың жары Әмина Ідірісова да кезінде кентте лауазымды қызмет атқарған. Бүгінде газетіміздің тұрақты оқырманы. Ағамызбен отау құрғанына биыл 60 жыл толып отыр. Өздерінен тараған балалары жоғары, жақсы қызметке орналасқан.
Ерсін СӘДУҰЛЫ