Газетті таласа оқимыз
Қазір – газетке жазылу науқаны. Осындайда редакциямызға тұрақты оқырмандарымыз арнайы келіп, келесі жылға жазылып, бізге жылы лебіздерін білдіруде. Сондай жанның бірі – Вьетнам соғысының ардагері Иса Бисенов. Жасы сексеннен асқанына қарамай, қоғам өміріне белсене араласатын ақсақал газеттің отбасы үшін орны бөлек екенін алға тартады.
– Ғасырға жуық уақыт өңірдің жылнамасын жазып келе жатқан «Қармақшы таңы» газеті – отбасымызбен оқитын басылымдардың бірі. Баспасөзге жазылу отбасылық дәстүрге айналды. Бұл басылымда мазмұнды мақалалар көп жарияланады. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы, халықтың тұрмыс-тірлігі, ел игілігі үшін қолға алынып, жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың шарапаты жөніндегі тұшымды материалдарды да осы «Қармақшы таңы» газеті арқылы оқып білеміз. Бұл газеттен тарихи мақалаларды да жиі кездестіреміз. Газет халықты өз шежіресімен таныстыруда үлкен рөл атқаруда. Себебі тарихын білмеген елдің болашағынан кемеңгерлік күтуге болмайды. Өңірдің тарихи тұлғалары мен тарихи жерлері насихатталса екен деген тілегім бар. Қармақшының тарихи жерлері көп қой… Меніңше, өлке тарихы құр мақтаныш емес, елдің рухын көтеретін қаруға айналуы тиіс. Сонымен қатар, жуырда елге ой салатын Ә.Құлдүйсеновтің ысырапшылдық жөніндегі мақаласы жарыққа шықты. Артық-кемі жоқ, айтары көп мақала. Бізге өңірдегі жетістіктерді, өзгерістерді, шалғай ауылдардың хабарын күн райына қарамастан жеткізіп жүрген журналист қауымға айтар алғысым шексіз. Біле білгенге бұл оңай қызмет емес. Тек бір айтарым, жақсы жаңалықтармен қатар, кей сәттерде сыни мақалалар да жарық көрсе дейміз. Себебі сын арқылы ғана алға қадам басып, кем-кетігімізді түзей аламыз, – дейді ардагер.
Ал ардагердің жары Алияш Бисенова болса, үйінде газетті тек «аталарың ұйықтағанда ғана оқимын» деп жүзімізге күлкі үйірді. Оның себебі «егер қатар оқысақ, таласып қаламыз» дейді. Тіпті «Оқығың келсе өзің де жазылып ал» деп әзілдесетінін айтты. Осындайда ауызында аталы сөзі бар ел үлкендерінің баспасөзді сүйіп оқитыны, бір-бірімен әзілдесіп, мамыражай күн кешуі көңілімізе қуаныш ұялатты.
– Аталарың екеуміз аудан айнасын асыға күтіп, таласа оқитынымыз жасырын емес. Қазір газетте ауқымы кең, қоғам үшін маңызды мәселелер көтереді. Өзім күміс алқалы анамын. Кітапханадан да кітап алып, оқып тұрамын. Ондағы оқырмандармен кездесулерге шақырса, баруға тырысамын. Жалпы отбасымызбен баспасөзбен, оқу-біліммен біргеміз. Себебі оқыған адамның көңіл көкжиегі кең, таным-түсінігі терең болмақ, – дейді «Күміс алқалы ана» Алияш Бисенова.
Қазір жаңалықтың бәрін интернеттен оқып аламын дейтін сыңаржақ пікір айтатындар да бар. Алайда баспада басылған дәстүрлі басылымнан өңір тынысын оқудың өзі бір ғанибет. Қай газет болмасын ойлы оқырманымен тығыз байланыс жасағанда ғана жарқырап, гүлденіп, көркейе түспек.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА