Оқырманымен – құнды, жанашырымен – ғұмырлы
qarmaqshy-tany.kz Газет – оқырманымен құнды. Себебі, кез келген ақпарат құралы оқырман үшін өмір сүріп, қызмет етеді. Жаңа медианың жаңашылдықтары күнделікті өмірімізге мықтап енген бүгінгі қоғамда таразының бір басында – оқырмандар тұрса, екінші басында – басылымның жанашырлары тұрады. Ал жанашыры бар басылым – қашан да ғұмырлы.
Аудан айнасына айналған төл басылым «Қармақшы таңы» газетінің күн сайын көбейіп келе жатқан қолдаушылары мен жанашырларына қарап, бір марқайып қаламыз. Рухани тұрғыдан ғана емес, нақты іспен демеу көрсетіп келе жатқан сондай жанашыр жандардың бірі – ауданымыздың құрметті азаматы Назира Мықтыбаева.
Ауданның қаржы саласында үзіліссіз 45 жыл бойы еңбек етіп, киелі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан, алға басуына өзіндік қолтаңбасын қалдырған майталман маман Назира Ермағамбетқызы жақында өзінің сүйікті басылымына үлкен қолдау көрсетті. Атап айтқанда, кенттегі жалғызбасты қарттар мен әлеуметтік жағдайы мен тұрмысы әлжуаз, көпбалалы отбасыларды осы жылдың ІІ жартыжылдығына 40 дана «Қармақшы таңына» жаздырып, қомақты сый жасады.
– Зейнетке шықсам да, төл басылымнан қол үзген емеспін. Жыл сайын жазылуды дәстүрге айналдырғанмын. Ұлттың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынов: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп бекерге айтпағаны анық. Кезінде ауданның қоғамдық-саяси, әлеуметтікэкономикалық өмірінің бел ортасында жүруші едік. Қазір зейнетке шыққан соң, ауданымызда болып жатқан жаңалықтарды төл басылым арқылы біліп, танысып отырамыз. Бұл – бір. Екіншіден, ұлым Нұрсұлтан осы «Қармақшы таңынан» қанат қақты. Алғашқы мақаласы төртінші сыныпта жарияланып, содан бері тұрақты авторына айналды. Бақыт Қаналиева апасы оның талабын дер кезінде байқап, талантының ұшталуына зор еңбек сіңірді. Осылайша, балам аудандық газет арқылы халыққа танылды. «Қармақшы таңы» – оның болашағына жол салған үлкен баспалдық болды. Бүгінде осы саладан абырой биігіне көтеріліп, көптеген жетістікке жетті. Өз орнын журналистикадан тапты, – дейді қаржы саласының құрметті ардагері.
Назира апайдың айтуынша, дәстүрлі БАҚ-тың орны әрқашан бөлек. Оны смартфондар алмастыра алмайды.
– Бүгінде өмірімізге түрлі жаңашылдықтар күн сайын еніп жатыр. Газет-журнал, кітап оқитын жастар азайып келеді. Басылымдардың көбісін түрлі гаджеттер алмастыруда. Бірақ, олар газетжурналдың орнын ешқашан баса алмайды. Ол өркениетті елдерде талай рет дәлелденген. Газеттің өмірі жазылымға байланысты екенін көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Осы тұрғыдан алғанда, басылымның таралымы көбеюіне аз да болса үлес қосып, қолдау көрсетуге отбасылық шешім қабылдадық. Себебі, аудандық газет – өміріміздің өзегі, – дейді Н.Ермағамбетқызы.
Тоқсан жылдық тарихы бар төл басылым осындай жанашырлары барда жасай береді. Жерлестердің қолдауы шығармашылық ұжымға да шалқар шабыт сыйлайды.
Олай болса, «Қармақшының Нар қызы» атанған Назира апайға газет ұжымы мен оқырмандарының атынан алғысымызды жаудырып, ұзақ ғұмыр мен деніне саулық тілейміз!
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ