ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ЕКІ ЖОБАНЫ МАҚҰЛДАДЫ
Жуырда Жосалы кенті әкімі аппаратының мәжіліс залында аудандық қоғамдық кеңестің төралқа отырысы өтті. Жиынға қоғамдық кеңес төрағасы Ә.Құлдүйсенов төрағалық етті. Отырыстың жұмысына Қармақшы ауданы әкімі аппаратының басшысы Е.Сәтбаев, аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Р.Әбдіқасов, сондай-ақ аудан әкімі аппаратының кадр жұмысы (персоналды басқару) бөлімінің басшысы Н.Тоқшылықoв қатысты.
Кеңестің күн тәртібіне екі маңызды мәселе шығарылды. Алғашқы мәселе – «Қармақшы ауданы жергілікті атқарушы органдарының «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін бағалау әдістемесін бекіту туралы» аудан әкімдігінің қаулы жобасы. Бұл құжат жөнінде аудан әкімі аппаратының басшысы Е.Сәтбаев хабарлама жасап, әдістеменің негізгі тұстарын түсіндірді. Ол қызметшілердің кәсіби әлеуетін бағалауда ашықтық пен нақты өлшемшарттардың маңызын атап өтті.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – «Қармақшы ауданы бойынша оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолдану кезінде салық мөлшерлемесінің мөлшерін төмендету туралы» аудандық мәслихат шешімінің жобасы болды. Бұл бағытта аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Р.Әбдіқасов баяндама жасап, салық жүктемесін төмендетудің кәсіпкерлер үшін тиімділігін және оның аудан экономикасына ықпалын түсіндірді.
Отырыс барысында екі мәселе де кеңінен талқыланып, тиісті ұсыныстар айтылды. Қоғамдық кеңес мүшелері құжат жобаларының мазмұнымен жан-жақты танысып, оларды қолдауға бір ауыздан келісім берді.
Қорытындысында Қармақшы ауданы әкімдігінің қаулы жобасына және аудандық мәслихаттың шешім жобасына қоғамдық кеңестің келісімі беріліп, олардың әрі қарайғы рәсімделуі мен қабылдануына жол ашылды.
Аудандық қоғамдық кеңесі
















