«РУХАНИЯТ» ОРТАЛЫҒЫНДАҒЫ ШАБЫТ КЕРУЕНІ
Жуырда «Руханият» орталығында облыстық «Анаға тағзым» орталығының ұйымдастыруымен «Creative Caravan» атты шығармашылық көрме өткізілді. Руханият пен өнер, шабыт пен шеберлік тоғысқан дәліз әрбір жанға ерекше көңіл күй сыйлады. Іс-шараға ауданға қарасты елді мекендерден келген өнерлі жандар қатысты. Әрқайсысы өз қолымен жасаған ерекше бұйымдарын, ұлттық нақыштағы туындыларын көпшілік назарына ұсынып, өзара тәжірибе алмасты.
Көрме аясында қолданбалы және сәндікқолданбалы өнер түрлері, кесте тігу, зергерлік, ағаш және жіптен өрілген бұйымдар, сурет және сәндік бағыттағы жұмыстар қойылды. Шығармашылық көрмеге келген қонақтар әр туындының өзіндік ерекшелігі мен автордың шеберлігін атап өтіп, жылы пікірлерін білдірді.
Бұл көрменің басты мақсаты – әйелдердің шығармашылық әлеуетін арттыру, олардың өнер мен мәдениеттегі орнын айқындау, сондай-ақ ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, заманауи тұрғыда насихаттау. Көрме барысында шеберлер өз туындыларының жасалу жолымен бөлісіп, ұлттық дәстүр мен қолөнердің бүгінгі жастар арасында да қызығушылық тудырып келе жатқанын тілге тиек етті.
Көрме одан әрі мәжіліс залында жалғасты. Жиын «Creative Caravan» жобасының мақсаты мен мүддесін түсіндіретін бейнебаянмен басталды. Шығармашылық керуенінің әр ауданды аралауы жергілікті қолөнершілерге үлкен шабыт сыйлағаны сөзсіз. Алғашқы сөзді алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлы өнерді жалғап жүрген шеберлерге ризашылығын білдірді.
– Көрмені аралау барысында аудан көлемінде осындай жақсы шеберлердің бар екенін көріп қуанып отырмыз. Ұлттың атасы – тарих, анасы – тіл, оның қуаты ұлттық дәстүр екені анық. «Ел іші – өнер кеніші» дегендей, шеберлердің жұмысы бірі бірінен өтеді. Барлығы да көздің жауын алады. Кейде қазақты «жалқау» деп айтып жатады. Қазақ жалқау емес. Мынадай өнерді жасауға қандай шыдам мен шеберлік керек. Халқымыз кезінде бір қыздың сәукелесін 500 жылқыға бағалаған. Бүгінгі бағамен алсақ 250 млн. Осыдан-ақ ойлана беріңіз. Ат ұрлаған ат емес, аттың тағасын ұрлаған қазаққа ердің құнын төлеткен. Өйткені «таға ат ұстайды, ат ерді сақтайды, ер елді сақтайды» деп әр нәрсенің құнын білген. Сіздердің де өнерлеріңіз өрге жүзіп, өнімдеріңіз брендке айналсын, – деді Асқар Ермағанбетұлы.
Сондай-ақ жиында облыстық «Анаға тағзым» орталығының мамандарымен «Идеядан – брендке», «Жарнама – жарты табыс» тақырыбында дәрістер өткізіп, қатысушылармен тәжірибе алмасты. Дәріс барысында қоғамдағы әйел рөлін арттыру, отбасылық құндылықтарды сақтау және заманауи креатив саласында өзін-өзі дамыту бағыттары талқыланды.
Іс-шара соңында ұйымдастырушылар көрме мен диалог алаңы қатысушыларына Алғыс хаттар табыс етіп, шығармашылық көңіл-күйде креативті фотосессия ұйымдастырды. Аудан аналары атынан әжелер ансамблінің жетекшісі Талмаш Жұмабаева мен аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлжауһар Раева жылы лебізін білдіріп, ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.
Ал көрмеге қатысушылар мұндай іс-шаралар шығармашыл әйелдер үшін үлкен шабыт көзі әрі тәжірибе алмасудың тамаша мүмкіндігі екенін айтуда.
Игі мақсатты көздеген «Creative Caravan» жобасы – өңірдегі креативті орта мен кәсіпкер әйелдердің өзара тәжірибе алмасуына, жаңа идеялармен бөлісуіне және шығармашылық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды алаң болып отыр. Мұндай шығармашылық бастамалар жергілікті шеберлердің өнерін қолдап қана қоймай, олардың идеяларын дамытуға, өңірдің мәдени бренді мен туристік әлеуетін арттыруға өз үлесін қосатыны анық.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
















