ЕҢБЕК АДАМДЫ ӨСІРЕДІ, ӨРКЕНДЕТЕДІ
Ауданымызда еңбекпен өсіп-өнген әулеттің бірі – Мырзабаевтар отбасы. Отағасы Төленді Мырзабаев Қармақшы ауданының Құрметті азаматы, білім-спорт саласының ардагері болса, отанасы Жұпар Аташқызы қарапайым жұмысшы мамандықтан бастап кәсіподақ ұйымының төрайымы қызметіне дейін көтерілген жан.
Саналы ғұмырында отбасының ұйытқысы бола жүріп, еңбектен қол үзбеген анамыз орта мектепті тәмамдаған соң Жосалы астық қабылдау кәсіпорнына жұмысқа қабылданады. Ол жастығына қарамастан еңбекті де жасап, оқуды да оқиды. Атап айтқанда, астық қабылдау, тазарту жұмыстарының механизаторлық мамандығын меңгеріп алды. Қай іске де адалдық пен шеберлік керек. Сол себепті де ол жұмыс барысында, әріптестері арасында өз-өзін жетілдіріп, алға қарай ілгерілеп отыруды алдына мақсат етіп қойды. Осындай мұратпен 1987 жылы Алматы политехникалық техникумына оқуға түсіп, «Астық сапасы және өңдеу технологиясы» мамандығы бойынша білім алды және осы мамандықпен лаборант қызметін атқарды.
Кеңес кезеңінің соңғы жылдарында көптеген мекеме жұмысын тоқтатқаны белгілі. Ж.Аташқызы мекеме тарқағанға дейін, яғни 1993-2005 жылдар аралығында дайын өнімдер шебері болып жұмыс істейді. Еңбекте екпінді, ұжымда сыйлы-құрметті болған жан қоғамдық жұмыстарда да белсенділік танытады. Осы жылдарда кәсіподақ ұйымының төрайымы болып, еңбек дауларының шешімін тауып, ұжымдағы ауызбірлік пен ынтымақтың артуына септігін тигізеді. Білікті маманның еңбегі ескеріліп, марапаттарға ие болған. Әкімшілік, салалық, аудан, облыс, республикалық кәсіподақтар ұйымының Алғыс хаттарымен марапатталған.
Бүгінде анамыз жан жары Төлеш ағамызбен бірге өңірінен тараған ұл-қыздарынан 18 немере, 3 шөбере сүйіп отырған бақытты ата мен әже. Биыл шаңырақ көтергендеріне 52 жыл толады екен.
Отбасында тәрбиеленген балалардың барлығы да жоғары білімді мамандар. Еліміздің өсіп-өркендеу жолында талмай қызмет етіп жүр. Үлкен баласы Амангелді Астана қаласындағы әл Фараби атындағы республикалық Оқушылар сарайында спорт бөлімінің меңгерушісі. Ербол да бас қаладағы №115 мектеплицейінде дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі. Малика Н.Назарбаев университетінде қызмет атқара жүріп, халықаралық «Болашақ» бағдарламасының сарапшысы болған. Ғылыми дәрежесін Израиль мемлекетіндегі Бен-Гурион университетінде және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде биология ғылымының докторлығын қорғап, қазір Еуразия ұлттық университетінің қауымдастырылған профессоры. Нұрбол ауданымыздың спорт саласын ұзақ жыл басқарса, қазір де осы салада қызмет атқаруда. Балалардың кенжесі Ләззат Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Биология» мамандығын қызыл дипломға бітіріп, жоғары оқу орнының магистратурасында оқиды. Ал немерелері Нұрділдә Қазақстан Республикасы волейбол федерациясының Вице-президенті. Мадина №71 орта мектепті «Алтын белгімен» тәмамдап, Еуразия ұлттық университетінің бакалавриатын, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен «Химия» мамандығы бойынша магистратурасын бітірген. Бүгінде Алматыдағы №194 мектеп-гимназиясында химия пәнінің мұғалімі болып істейді. Аяулым да Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеплицейін «Алтын белгімен» аяқтап, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің 4-курс студенті. «Академиялық мобильділік» бағдарламасы аясында Түркиядан білімін жетілдірген. Нұрасыл өткен жылы №250 мектеп-лицейін «Алтын белгімен» аяқтады. Сонымен қатар ол спорттың армрестлинг (қол күресі) түрінен жасөспірімдер арасында облыстың бірнеше дүркін чемпионы, республикалық жарыстардың жүлдегері. 2022 жылы Самарқандта жасөспірімдер арасында өткен Азия чемпионатының күміс жүлдесін жеңіп алған. Қазір Астана қаласында Медициналық академияның 2-курсында білім алады. Жасөспірімдер, студенттер арасындағы Астана қаласының армрестлингтен чемпионы. Арайлым елордада IT университетінің 2-курсында оқиды. Мадина да бас қалада Астана халықаралық университетінің 1-курс студенті.
Берекелі отбасының ардақтылары – Төленді ағамыз бен Жұпар анамыздың жанұясы 2017 жылы аудандық «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы атанса, апамыз имандылық бағытында 2022 жылы Мекке қаласында қажылықта болып келген.
Бір айтары, отбасының келіндері Ұлболсын, Гаухар, Жұлдызай, Гүлсезім білім саласында абыройлы қызмет етуде.
– Бала кезімізден еңбекке, адалдыққа тәрбиеленіп өстік. Еңбек пен адалдық жүрген жерде кімге де болса, орын табылады. Бойжете келе өміріме Алла жақсы жар нәсіп етті. Шаңырақта екі енем болды. Бірі жолдасымның анасы – өз енем болса, бірі енемнің енесі – үлкен анамыз болды. Екі анамыз да 90 жасқа дейін өмір сүрді. «Батаменен ел көгерер...» дегендей, сол кісілерге иіліп қызметімді жасадым, батасын алдым. Мені аналарым – еркелетіп «Жібекжан» дейтін.
Алдымыздан талай қиындық кездесті. Бірақ соның бәрін отағасы екеуміз бірлігімізбен еңсеріп шықтық. Отбасын құрғаннан осы уақытқа дейін сыйластықта, ауызбірлікте келеміз. Қай іске де ақылдасып барып кірісеміз. Дүние жиған жоқпыз, қолымыздан келгенше балаларымызға білім беруге, жақсы азаматтар болып қалыптасуына күш салдық. Оқытып-тоқыттық. Олар да біздің сенімімізді ақтады деп айта аламыз. Отбасындағы ұстанатын басты қағидамыз да сол – еңбек, адалдық, білім іздеу. Жастарға, жас отбасыларға айтарым, айналайындар тек адалдықта болыңдар. Әркімнің болашағы өзінің қолында. Адал жүріп-тұрып, білім іздеген жанға алда күтер нығмет мол, – дейді Жұпар анамыз отбасы құндылығымен бөлісіп.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК














