» » Әскерилер әулеті

Әскерилер әулеті


Дана халқымызда "Бала тәрбиесі – бесіктен" дейді. Бекерге айтылмаған сөз. Кең ұғымы, терең мағынасы бар осыбір сөз айналамыздан өнегелі отбасын, үлгілі жандарды көргенде еріксіз ойға оралады. Сондай отбасының бірі – Жосалы кентіндегі Ерекешовтер жанұясы.
Отағасы Сәтбай әкеміз саналы өмірінде елге қызмет етіп, балаларына жақсы тәрбие бере білген кісі. Қысқаша өмірбаянына тоқталар болсақ, ол орта мектепті бітірген соң 1958 жылы Мәскеуде шеберлік мамандығы бо­йынша білім алған. Оқуын аяқтағаннан кейін сол кезеңде Кеңес үкіметіне аты дүркіреп тұрған Жосалы механикалық зауытында жұмыс істеп, қоғамдық істерге белсене араласады. Жастар комсомол комитетінің хатшысы бола жүріп, жұмысшы және партия комитетімен бірлесіп көптеген іс-шараның ұйытқысы, ұйымдастырушысы болады. Аудан, облыс деңгейіндегі бірқатар марапаттарды иеленген. 1961 жылы Алматыда әскери борышын өтеп жүргенінде Бішкек қаласындағы құрылыс жұмыстарының біріне бригадир ретінде таңдалып алынады. Үш жыл бойы әскери міндетін мүлтіксіз атқарған азаматқа 14047 әскери командирінің Мақтау хаты табысталады. Отан алдындағы борышын өтеп келген жас жігіт аудан орталығындағы Астық қабылдау кәсіпорнына бригадир болып жұмысқа қабылданады. Араға бірнеше жыл салып аға шеберлік курсын бітіріп, мамандығын жетілдіре түседі. Негізгі қызметімен қоса, комсомол, жұмысшылар комитетінің төрағасы жұмысын да дөңгелетіп әкетеді. Сол уақытта ұжым қызметкерлерінің мәдени, әлеуметтік әл-ауқатының жақсаруына, ауызбірлігіне айтарлықтай атсалысады. Кәсіпорын директоры Қасқыр Наметшаевтың темірдей тәртібінің арқасында шаруашылық есебінен астық қоймалары, тұрғын үйлер, балабақша, дәрігерлік бекет, балалардың сүт асханасы, тағы басқа да нысандар салынып, ел игілігіне беріледі. Бірақ осындай тынымсыз тіршіліктің қайнаған ортасында иін тіресе еңбек еткен Сәтбай ағамыздың сол күндері ғазиз жүрегі тоқтап, қайтпас сапарға кете барып еді-ау. "Бір өкініш, бір үміт" дегендей, шиіттей бала-шағасын құшағына қысқан отанасы Бақытжан апамыз отбасына келген барлық қиыншылықты жеңе білді. "Қармақшыастық" акционерлік қоғамында әуеліде есепші, содан соң бас есепші қызметін абыроймен атқарып, зейнеткерлік демалысына шықты.
"Әкеден – ақыл, анадан – мейір" дегендей, ата-ананың берген жақсы әдебінің арқасында отбасындағы бес бала да өмірден өз орнын тауып, бір-бір шаңырақтың әке, анасы атанған жайы бар.

Ата-ананың тұңғышы Әділхан Сәтбайұлы екі бірдей жоғары оқу орнының түлегі. Алматы қаласындағы Абай атындағы университетінен "Бастапқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі" мамандығын "Қызыл дипломға" бітірсе, тағы бір мамандығы – эколог. Еңбек жолы Жосалы астық қабылдау мекемесінде жұмысшылықтан басталған. Әскер қатарында болып келгесін көркейту-көгалдандыру, абаттандыру кәсіпорнының алғашқыда шебер, кейіннен директоры болса, мұнан соң "Саят" кооперативінің төрағасы, кенттегі №183 орта мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі сынды еңбек жолынан өткен. Бүгінде аудандық білім бөлімінде алғашқы әскери дайындық және шынықтыру пәндері бойынша әдіскер.
Отбасындағы әскери мамандықты жүрек қалауымен таңдаған келесі перзент – Нұрлыхан Сәтбайұлы. Мектепті үздік бағаға бітірген оның арман-мақсаты Алматыға қарай жетелейді. Барлық емтиханды жоғары көрсеткішпен тапсырып, осындағы Кеңес Одағының Маршалы И.Конеев атындағы Алматы Жоғары әскери училищесінің курсанты атанады. Атап айтарлығы, оны оқу орнының басшылығы 1998 жылы "Байланыс" факультетінің взвод командирі етіп қалдырып, үлкен сенім артады. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын әскери маман 2000 жылы ҚР ҚМ күзет және қамтамасыз ету батальоны 83205 әскери бөлімінің құрметті қарауыл ротасының командирі болып тағайындалады. Екі жылдан соң Алматы Жоғары әскери училищесі далалық оқу байланыс торабының бастығы қызметіне ауыстырылады. Әкенің күшімен, ананың сүтімен дарыған табанды мінез оның білімі мен білігін жан-жағына мойындатты. 2004 жылы факультет бастығының орынбасары болса, 2009 жылы Ұлттық Қорғаныс университетіне түсіп, біліктілігін көтереді. Ғылым жолына да із тастап, "ҚР ҚК әскери қызметшілерінің құқықтық тәрбиесі" тақырыбында магистрлік диссертациясын қорғап шығады. Мұнан кейін Қарағанды облысы, Спасск қаласы орталығында оқу бөлімі бастығы, Құрлық әскерлерінің әскери институтының факультет бастығы орынбасары лауазымында болды. Қазір ол Алматыдағы Құрлық әскери институтында "Жалпы әскерлер" факультеті бастығының орынбасары болып қызмет көрсетуде. Нұрлыхан Ерекешов "Жауынгерлік ерлігі үшін", "Мінсіз қызметі үшін", Қазақстан Республикасы Қорғаныс Комитетінің және Құрлық әскерлерінің институтына 40 жыл мемлекеттік, мерекелік төсбелгілерімен марапатталған. Сондай-ақ Қазақстанның Халық Батыры, Кеңес Одағының Батыры, Тәуелсіз Қазақстанның бірінші Қорғаныс министрі, Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы медальдің иегері.
Ағаларының жолын жалғаған жанұядағы келесі азаматтың есімі – Оралхан Сәтбайұлы. Қызылордадағы Қорқыт ата атындағы институтты бітірген жас маман бастапқыда өзі білім алған №183 орта мектепте "Алғашқы әскери дайындық" пәнінен шәкірттерге сабақ береді. Білім ұясында жұмыс істеп жүргенінде еліміздің Қарулы Күштерінің запастағы офицері ретінде оны келісім-шарт негізінде Алматыдағы Аэроұтқыр әскери құрамына шақырады. Оралхан үшін бұл өзін әскери қызметте дәлелдей түсудің таптырмас мүмкіндігі болатын. 2012 жылы Астана қаласына Аэроұтқыр әскери құрамында рота, батарея командирі, десанттық-шабуылдаушы батальонында әуе десанттық дайындығы жөнінде рота командирінің орынбасары қызметтерін атқарған. 2014 жылдан Елордада Сағадат Нұрмағамбетов атындағы республикалық "Жас ұлан" мектебінде офицер-тәрбиеші және материалдық-техникалық бөлімінің өртке қарсы қызмет пен пәтер пайдалануды қамтамасыз ету бастығы болып еңбек етіп келеді. Қызмет барысында салаға қосқан үлесі үшін бірнеше медалі мен ҚР Қорғаныс министрінің, Аэроұтқыр әскерлері Қолбасшысының құрмет грамоталары табысталған.

Әскерилер әулетінде әскери қызметке таңдау жасап, ел қорғаны болуға бекінген Рахат, Талант Әділхан ұлдарын қалайша айтпай кетпекпіз?! Сәтбай ағамыздың үш ұлымен қоса, екі немересі де әскери қызметкер болуды бала күндерінен армандапты.
Рахат Сәтбай – Сағадат Нұрмағамбетов атындағы "Жас ұлан" республикалық мектебінің түлегі. Осы жылы Алматыдағы Әскери құрлық институтына оқуға түскен. Спорт жанашыры болып табылатын жас өреннің бокстан аудан, облыс, тіпті республикадан алған жүлделері аз емес.
Талант Сәтбай – 2019 жылы ол да айтулы әскери оқу орнының курсанты атанып, қазіргі кезде білімін жалғастыруда.
Ерекешовтер отбасының қыздары – Жайна Сәтбайқызы орыс тілі мен әдебиеті пәнінің тәжірибелі мұғалімі болса, Мұңлық – жапон тілінің аудармашы маманы. Бірлігі мен берекесі жарасқан әулеттің келіндері – Әділханның жолдасы Гүлсім қаржыгер, Нұрлыханның жары Гүлмира банк саласының қызметкері. Ал Оралханның өмірлік серігі Гауһар жұбайы секілді әскери қызметте.
Темірдей тәртіпті өмір бойына серік еткен Ерекешовтер әулетінің азаматтары – Нұрлыхан 2019 жылы полковник атанса, Оралхан майор шенінде. Ал Әділхан – аға матрос.
– Әкеміз дүниеден ерте озып, анамыздың әлпештеуімен ер жеттік. Мектепте озат оқыдық. Мамандық алдық. Отбасылы болдық. Осының бәрі алдымен Алланың, сосын анамыздың арқасы. Тәртіп пен талапты басты орынға қоятын анамыз бізді өжет, намысшыл, батыл етіп тәрбиеледі. Одан ұтпасақ, ұтылмадық. Екі буын өкілі әскери саланы таңдап отыр. Біздерге осындай болашақ сыйлаған анамызға, ұстаздарымызға көптен-көп алғысымызды білдіреміз. Өмір деген қызық қой кейде. Жас күнімде анама қарап есепші болғым келетін. Бірде жоғары сыныпта оқып жүргенімде әскери комиссариаттан тексерістен өттік. Сонда сынып жетекшім Смағұл Қауысов ағайым мен Ауғанстан соғысының ардагері, марқұм Алтай Жыңғылбаев ағамыз екеуі маған әскери мамандық жайында әңгімелер айтып, қызықтырғаны бар. Расымен де, ер жігітке лайық мамандық осы әскери қызмет екен ғой деп үйге ойым өзгеріп келді. Міне содан бері осы мамандықтан адал нанымды тауып келемін. Бауырларымның да, өзімнің де әскери мамандықты таңдағанымызға қуанамыз. Анамыздың қайсар мінезі мен темірдей тәртібі әскери салаға таңдау жасауға сеп болғаны анық. Құрметке лайық бір жан болса, ол біздің анамыз. Әні-міне дегенше, Отан қорғаушылар күні де келіп жетті. Еліміздің барша ер азаматтарын мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Елімізге тыныштық, әрбір жанұяға бақ-береке, баянды тірлік, зор денсаулық тілеймін, – дейді полковник Нұрлыхан Ерекешов.
Сөзімізді түйіндей келе, Батыр Баукеңнің, Бауыржан Момышұлының
"Ежелден ел тілегі – ер тілегі,
Адал ұл ер боп шықса – ел тірегі" дегеніндей, елдің тірегіне айналар ерлеріміз көп болғай деп тілейік!
Сәрсенкүл АҚКІСІ
05 мамыр 2021 ж. 933 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№96 (10361)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (10360)

30 қараша 2024 ж.

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 525

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 596

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031