» » ОҚЫРМАН МӘДЕНИЕТІ – ӨРКЕНИЕТ ӨЛШЕМІ

ОҚЫРМАН МӘДЕНИЕТІ – ӨРКЕНИЕТ ӨЛШЕМІ

Баспасөз – қоғам айнасы, уақыт тынысы. Қай дәуірде де ол елдің рухани өмірінен, саяси-экономикалық дамуы мен мәдени жетістіктерінен сыр шертіп келеді. Газет – халық пен биліктің арасындағы көпір, ал нағыз оқырман сол көпірдің берік ұстындарының бірі.
Сол берік оқырмандардың қатарында ауданымызға белгілі ардагер ұстаз, өмірін жас ұрпақ тәрбиесіне арнаған Дастан Мырзабекұлы ағамыз бар. Ол кісі «Қармақшы таңы» газетінің тұрақты оқырманы әрі белсенді пікір білдірушілердің бірі.
– Баспасөз қай кезде де өз заманының жаршысы болып келеді. Адам баласы қоғамнан тыс қалмау үшін, ондағы тыныс-тіршілікті сезініп отыру үшін газетті оқып, ондағы көтерілген мәселелерді ой елегінен өткізіп, өзіндік көзқарасын қалыптастыру керек.
Әрбір адам жеке өмір иесі. Әр адамның жан-жақты өсуін басқа біреу емес, сол адамның өзі сезініп, рухани күшқуат жинап, тұлға болып өсіп, айтатын ойы, сөйлейтін сөзі, азаматтық тұлғасын тау мүсіндей қырлап, басқадан кем болмас үшін ізденуі керек. Осы тұрғыда баспасөздің алатын орны ерекше. Мен республикалық, облыстық, аудандық газеттерге үзбей жазылып, әр келген санын мұқият қарап отырамын. Ондағы жаңалықтар, тарихи деректер, тұлғалы азаматтар өмірі, ойтолғамдарды оқып, міндетті түрде саралап, қорытынды шығарамын. Өмір – сынақ, жарыс деп жатады. Ол қандай жарыс? Ол – тамақ ішу жарысы, киім кию сәні, дүние жинау тартысы, билік қуу бәсекесі де емес. Түсінген адамға басқадан озу деген ақылыңмен, біліміңмен, азаматтық тұлғаңмен озу. Ал бұл нәрселер оқумен, көңілге тоқумен келеді. Оған мән бермеген адам Абай атамыз айтқандай «боқтың қабы» болады да шығады. Өкінішті, әрине. Бірақ ондай адам ол қасиеттің құнын да, қажеттілігін де сезіне алмай кетеді, – дейді ол.
Ағамыздың бұл ойларынан өмір тәжірибесі мен ұстаздық өнегесі айқын сезіледі. Газет оқу – тек ақпарат алу емес, бұл – дүниетанымды кеңейту, ой түзеу, рухани байлыққа жол ашу.
Дастан ағамыз аудандық баспасөзге деген сүйіспеншілігін ерекше ілтипатпен жеткізеді.
– «Қармақшы таңы» сауат ашқаннан қолыма ұстаған газетім екен. Әлі күнге қолымнан тастамай әр санын қарап оқып шығамын. Мектеп бітірген жылы алғашқы өлеңім шығып, қуанғаннан қайта-қайта оқып, өзімді зорға сендірген едім. Әлі күнге жаныма жақын. Байланысымды үзген емеспін. Көңілге келген кейбір ойларымды жазып, газетке беремін. Әрбір сәтті шыққан санына қуанып отырамын. Жұмыс жасайтын тілші ініқарындастарыма қай кезде де тілекшімін, – дейді ақеден көңілмен.
Бұл сөздерден ардагер ұстаздың аудандық басылымға деген ықыласы мен ілтипаты, рухани байланысы айқын көрінеді. Бүгінгі ақпарат тасқыны заманында қағаз газеттің маңызы кемігендей көрінгенімен, ол – ұлттың рухани тұғыры, жергілікті жаңалықтың діңгегі. Аудан өмірінің айнасы саналатын «Қармақшы таңы» да осы бағыттан айныған емес. Онда ауылдың тыныс-тіршілігі, еңбек адамдарының өмірі, жастар жетістігі мен елдің игілігіне арналған материалдар жиі жарық көреді.
Жыл соңында газетке жазылу науқаны басталғанда тұрақты оқырманымыз өз замандастарын, шәкірттерін, барша аудан тұрғындарын үндеусіз-ақ үлгісімен шақырып отырады.
– Жылдың аяғы да жақындап қалыпты. Бұл кезеңде келесі жылға газетке жазылу науқаны қызу жүріп жатады. Бүкіл аудан тұрғындарын аудандық газетке жазылуға шақырамын. Әрине, былтырғыға қарағанда бағада сәл өсім бар екен. Не нәрсенің құны өспей жатыр. Сондықтан қалтаға күш түсірмейтін азғантай өсімге оқырмандар түсіністікпен қарайтынына сенемін. Сол үшін жазылмай қалуға болмас, құрметті ағайын! Келер жылдың жаңалығын білу үшін, ауданның ахуалынан хабардар болудан тыс қалмау керек шығар. Осыны түсінген, жете сезінген көзі қарақты оқырман қалыс қалмайды деп ойлаймын. Барша оқырманды ауданның айнасы – сүйікті басылым «Қармақшы таңы» газетіне жазылуға шақырамын, – дейді Дастан Мырзабекұлы.
Бұл – адал оқырманның, ел мен жер тағдырына бейжай қарамайтын азаматтың сөзі. Бүгінгі ұрпаққа осындай аға буын өкілдерінің өмірлік ұстанымы, баспасөзге деген құрметі өнеге. Ал аудандық газетті қолдау – туған жердің тынысын бірге сезіну, ортақ рухани кеңістікті сақтау деген сөз.
«Қармақшы таңы» – әрбір шаңырақтың шырағын жағып, елдің еңсесін көтеретін, халықтың сөзін сөйлейтін басылым. Сол үшін оны оқып, қолдау – әрбір аудан тұрғынының азаматтық борышы.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ
09 қараша 2025 ж. 123 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№89 (10457)

22 қараша 2025 ж.

№88 (10456)

18 қараша 2025 ж.

№87 (10455)

15 қараша 2025 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ!

ХАБАРЛАНДЫРУ!

18 қараша 2025 ж.
Шұғыл хабарландыру!

Шұғыл хабарландыру!

04 қараша 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 905
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңарған Жосалы
02 қыркүйек 2025 ж. 607

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930