» » АҚ ОРАМАЛЫН АР ЕТКЕН АЯУЛЫ ЖАН

АҚ ОРАМАЛЫН АР ЕТКЕН АЯУЛЫ ЖАН

Ертеден-ақ ұрпағының ғана емес, елінің де болашағын ойлаған аналарымыз даналығымен һәм даралығымен тарихты жасап кетсе, аналық болмыс, адами өнегесімен ортасын сүттей ұйытқан ардақтыларымыз қазір де аз емес. Көзге менмұндалап тұрмағанымен олар бойынан тараған жылылық, ибасымен айналасына үлгі.
Сондай жанның бірі – қарапайым қалып, иба-ізетімен құрметке бөленіп, асыл аналарымыздың киесі саналатын – ақ орамалын келін атанған күннен басынан тастамаған аяулы ана, Жосалы кентінің тұрғыны, қолөнерші Ұлмекен Шілдебаева.
Ол 1963 жылы дүниеге келген. Ш.Уәлиханов атындағы №26 орта мектептен білім алған. Кәсіптіктехникалық училищесін «тігіншілік» мамандығы бойынша бітірген бойжеткен аудандық тұрмыстық қажетін өтеу комбинатында еңбек жолын бастаған. 1982 жылдан мекеме тараған 1997 жылға дейін осында тігін шебері болып жұмыс істейді. Әрі қарай отбасында үй шаруасымен айналысып, тігін бойынша тапсырыс қабылдаумен жалғасқан. Бүгінде зейнеткер ана шаңырағында бала-шағасының қамын жасап, солардың ұйытқысы болып отыр.
– Әкем Бұдырбай жол мекемесінде шебер болып істеді. Анам Шаһизада медицина саласында аяжан, банкте күзетші жұмыстарын атқарды. Анамыз өте биязы кісі болды, көп сөйлемейтін. Біздерді қас-қабағымен ұстайтын. Үйде 10 бала өстік. Анам «Батыр ана» атанған жан. Соның 7-еуі бармыз. Анам келбетті болатын. Ал әкеміз қаталдау кісі тұғын. Мысы басып тұратын. Ата-анадан жақсы тәрбие ала білдік. Қыздар жағымыз шалбар киюге қымсынатынбыз. Әкейдің ұсталығы болды. Сандық соғатын. Сол қасиеті інімде бар. Ол да ұсталықпен айналысып, әке жолын жалғауда, – дейді ол марқая сөйлеп.
Ұ.Бұдырбайқызы өмірлік серігі Өмірбек Нұржановқа 1982 жылы тұрмысқа шыққан. Бір-бірін ұнатып бас қосқан. Отбасында 4 бала – 2 ұл, 2 қыз өмірге келген. Жолдасы «ПЧ» мекемесінде жол жөндеуші болып еңбек еткен. Өкінішке қарай 60 жасында өмірден өтіпті.
– Тату өмір сүрдік. Сыйластықпен балаларымызды өсірдік. Жұбайым өзімнен 12 жас үлкен болды. Сол 1982 жылдың қаңтарында тұрмыс құрғаннан бері басымнан орамалым түскен емес. Келін ретінде сәлем салу да салтыма айналды. 43 жыл мейлі отбасында болсын, мейлі қонаққа барғанда болсын аналарымыздың киелі дүниесін басымнан тастаған емеспін. Қазақта ері қайтыс болған әйел сәлем салмайды деген бар, бірақ мен қайынаға, үлкен аталарымыздың үйіне барғанда шаңыраққа сәлем салуды тоқтатқаным жоқ. Орамал бұл – адалдықтың, тазалықтың белгісі іспетті. Келінім Айжан да басынан орамалын тастамайды, – дейді ол аналық ізетпен.
Әпкеміздің үлкені Ғани отбасылы, қазіргі кезде 4 баланың әкесі. Әкесінің жұмыс істеген «ПЧ» мекемесінде еңбек етеді. Гүлнар да отбасылы, көпбалалы ана санатында. Мамандығымен ветеринария саласында зертханашы болып қызмет жасайды. Айгүл Қызылорда қаласында тұрса, кенжесі Дидар С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің студенті.
Қазір өз-өзіңді қамтамасыз ететін уақыт қой. Зейнеткер екенмін деп босқа қарап отырған Ұлмекен апайымыз жоқ. Немерелерін табиғи өніммен қамту үшін асыл тұқымды ешкі асырап, соның сүтін, қатығын, құртын ауыздарына тосады. Арасында тігінін тігеді. Әйтеуір бос қарап отырмайды. Аудан орталығындағы ательенің бірінде тігінші болып жұмыс істеп жүр. Жүзінен мейірімі ескен, аққұба, ажарлы апамыздың жас қыздар мен келіндерге өз айтары бар.
– Жалпы әдемілік үшін боянуға қарсы емеспін, десе де жасандылыққа қарсымын. Салоннан соң кейбір аруларымыз бір зауыттың бұйымындай бір-бірінен аумай жатады. Ондай нәрселер маған жат көрінеді. Ерін ісіру, қас-кірпік жапсыру – денсаулыққа зиянымен қоса, табиғи түрін әсірелеп жібереді. Қазақ ханымдарының орамал таққаны дұрыс. Орамал – тіл-көзден, жаман энергиядан сақтайды. Өз басым бет күтімін қатты жасамаймын, осы кезге дейін шашыма қайшы тигізбедім, – дейді әпкеміз сөзін түйіндеп.
Қазақ анасы ұлттық тәрбие мен діліміздің эталоны. Қандай жақсы нәрсе бар, соның барлығы да анамен баланып, ана есімімен әспеттеледі. Ана – мейірімділік пен жылылықтың, өсу мен өркендеудің белгісі. «Анаңды үш мәрте Меккеге апарып әкелсең де парызың өтелмейді», «Жәннат ананың табанының астында», «Ана – бар тіршіліктің бастауы» деген афоризмдер де ананың қадір-қасиетін арттырып тұр емес пе?! Олай болса, қазақы қалпын сақтаған, дәстүрін дәріптеген аналарымыз өнегесімен өрге баса берсін!
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК
04 қараша 2025 ж. 212 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№84 (10452)

04 қараша 2025 ж.

№83 (10451)

01 қараша 2025 ж.

№82 (10450)

29 қазан 2025 ж.

Хабарландыру

Шұғыл хабарландыру!

Шұғыл хабарландыру!

04 қараша 2025 ж.
ХАБАРЛАНДЫРУ

ХАБАРЛАНДЫРУ

15 қыркүйек 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 820
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңарған Жосалы
02 қыркүйек 2025 ж. 539

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930