ЖАРҚЫНАЙДЫҢ ӘДЕМІ ӘЛЕМІ
Қазақта «Шебердің қолы ортақ» деп жатады. Себебі оның қолынан шыққан туынды әрбір үйге көрік қосып, пайдасына жарайды. Тігіншілікті кәсіп еткен он саусағынан небір керемет дүниелер шығып жататын қолы шебер жандар қаншама. Соның бірі менің бүгінгі кейіпкерім – Жарқынай Асанқанова.
Ол – осы ауданның тумасы. Кішкене күнінде қуыршаққа киім тігуден басталған қызығушылық бүгінде берекелі кәсіпке айналуда. Әжесінен іс тігудің қыр-сырын үйреніп, қолын ширатқан. Әжеден келген әдемі өнерді бұлай жалғау да екінің бірінің қолынан келмейтіні анық. Жарқынай кент орталығында №26 мектепті тәмамдап, Қарағанды қаласындағы жоғары оқу орнынан «информатика пәнінің мұғалімі» мамандығын меңгерген. Оқу бітірген соң, мамандық бойынша аудандағы аграрлы-техникалық колледжде мұғалім болып қызмет атқарады. 10 жылдай ұстаздық еткен соң, қызметін кәсіпке айналдыруды жөн көреді.
Қолөнерге ерекше қызығушылық танытқан ол бүгінде перделер әлемінің шебері. Осыдан 8 жыл бұрын перде тігуді қолға алған кәсіпкердің бүгінде тұрақты тұтынушылары бар. Себебі кез келген үй-жайды пердесіз елестету мүмкін емес. Олар өзіндік әдемілігінің арқасында үй жабдықтарының өте пайдалы элементтеріне жатады. Сонымен қатар бөлмедегі перделер өзінің сыртқы сұлулығымен ерекшеленіп қана қоймай, дыбысты бәсеңдету, көше шаңы мен ас үй ысынан және күн сәулесінен қорғау мақсатында қолданылады. Ал осы перделердің көңілден шығып, үйіңізге көрік беруі үшін Жарқынай ерінбей еңбектенуге бар.
– Еңбек адамды өсіреді, мақсатына жеткізеді, қанат тандырады, бақытқа жетелейді. Ең бастысы, ерінбей, алға қойған мақсатыңа қарай қадам басу керек. Енді өзімнің тігін шеберханамды ашып жатырмын. Қол қусырып отырмай, еңбек еткен адам оның жемісін көреді. Өзім үнемі ізденіс үстінде жүремін. Перде тігуден бөлек шымылдық, көрпе, көрпеше де тіге беремін. Алдағы уақытта қыз жасауын да қолға алуға ниеттімін, – дейді шебер.
Тігіншілік өнер қай кезде де сұранысқа ие болғанымен, бұл мамандық үлкен жауапкершілік пен төзімділікті талап етеді. Сондай-ақ сән әлемі тұрақсыз болғандықтан, олар әрқашан өзгерістерге дайын болып, жаңаны үйренуге бейім болады. Кейіпкеріміз де әлеуметтік желіден, теледидардан көргенін ойға тоқып, өз-өзін шыңдай беретінін алға тартты.
Әрбір сөзінен өз ісіне деген сүйіспеншілігі айқын білінетін шебердің отбасында аяулы ана, ибалы келін, асыл жар екені де аңғарылады. Бір қызығы – осы кәсіпті алғаш бастағандағы тігін мәшинесі жасауымен бірге келген құтты дүниесі. Бүгінде жұбайы екеуі үш перзент тәрбиелеп отырған бақытты отбасы. «Ана көрген тон пішер» демекші, анасының еңбегін көрген қызы да тігін өнеріне қызығып, қажетін тігіп алатын көрінеді.
Көрсең көзің тоятын перделермен біз де танысып шықтық. Бірі екіншісінен әсем. Бұл әсемдіктің астарында көзге көрінбейтін қаншама еңбек пен маңдай тер, ұйқысыз түндер мен күндер бар. Шыдам мен жауапкершілік бар. «Әрбір тапсырысты өзім қолданатындай етіп дайындаймын» деген кәсіпкердің бір ауыз сөзінен-ақ кәсіпке адалдығын, жұмысына тиянақтылығын аңғаруға болады. Қолы өнерлі, ісі жүйелі кәсіпкердің тасы өрге домаласын дейміз.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА