ҚҰРМЕТ ТӨРІНДЕ КІТАПХАНАШЫЛАР
Бүгінде рухани өміріміздің өзегі іспеттес ғылымды көпшілік оқырманға, ертеңгі ел тізгінін ұстар жас жеткіншек ұрпаққа насихаттауда, рухани-мәдени байлығымызды ұрпақтанұрпаққа жеткізуші кітапхана болса, сол байлықты өз оқырманына таныстырып, табыстырушы өзіндік тұлға, ол – кітапханашы.
24 қазанда елімізде Кітапханашылар күні аталып өтіледі. Осы орайда «Руханият орталығында» аудан әкімі Жандос Еркінбектің сала мамандарына арналған салтанатты қабылдауы ұйымдастырылды. Алғашқы боп сөз алған аудан әкімі кітапханашыларды төл мерекемен құттықтады.
– Кітапхана – руханияттың темірқазығы. Қоғамның дамуы мен рухани өрлеудің берік тірегі саналатын кітапхананың орны – қашанда ерекше. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайда: «Кітапхананы дамыту – ұлтты дамыту» деп атап өткендей, бұл сала – мәдениет пен ағартушылықтың іргетасы, – деді ол.
Салтанатты шара аясында аймақ басшысының қолдауымен былтырғы жылы бой көтерген «Руханият орталығының» ашылуы ерекше атап өтілді. Аудандық кітапхананың жаңа ғимаратқа көшуі – кітапханашы қауымына көрсетілген зор құрметтің белгісі.
Мерекелік жиын барысында кітапхана саласының ардагері Зина Шаханова «Еңбек даңқы» төсбелгісімен, сонымен қатар саладағы үздік қызметкерлерге аудан әкімінің Алғыс хаттары мен естелік сыйлықтары табысталды.
Сондай-ақ марапат иелеріне аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков және кітапханашы Зина Шаханова құттықтау сөздерін жеткізіп, кітапхананың жас ұрпаққа тәлім мен тәрбие берудегі ерекше рөліне тоқталды.
Айта кетейік, бүгінде ауданымызда 18 кітапхана жұмыс істеп тұр. Бұл рухани ошақтарда 437 мыңнан астам кітап қоры 19 мыңға жуық оқырманға қызмет көрсетіп келеді.
Осындай игі шаралар – ел руханиятын дәріптеудің, мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбегін бағалаудың жарқын көрінісі. Кітапхана – өткен мен бүгінді, білім мен болашақты жалғайтын алтын көпір, ал кітапханашылар – сол көпірдің сенімді сақшылары.
«ҚТ» ақпарат
















