БАЛА ТӘРБИЕСІНДЕГІ БІРЛІК
Адамзаттың өмірдегі ең қымбаттысы, көз қуанышы – бала. Бала – дербес тұлға. Бала біздің өмірімізді тікелей жалғастырушы ғана емес, еліміздің тірегі, мызғымас болашағы. Оның бойындағы табиғи қасиеттер, адамгершілік құндылықтар отбасында, мектепте, әлеуметтік ортада нәрленеді. Осы орайда аудандық оқушылар үйінде «Ата-ана, үйірме, оқушы – болашаққа бағытталған ынтымақтастық» тақырыбында педагогикалық консилиум ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – ата-аналар мен педагогтердің бірлескен әрекеті арқылы қосымша білім беру жүйесінің бала дамуындағы тиімділігін арттыру, тәжірибе алмасу және ынтымақтастықты нығайту, ата-аналар комитетінің жұмысын ұйымдастыру және төрағасын сайлау.
Консилиумды аудандық Оқушылар үйінің директоры Құралай Манасова ашып, жиынның маңыздылығына тоқталып, қатысушыларды күн тәртібімен таныстырды. Ісшара барысында «Оқушылар үйі – болашаққа бастар жол» атты бейнеролик көрсетіліп, қосымша білім беру саласында атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды. Оқушылар үйінің тыныс-тіршілігіне белсене араласып, балаларының шығармашылық дамуына қолдау көрсетіп жүрген атааналар алғыс хаттармен марапатталып, олардың бала тәрбиесіндегі үлесі ерекше атап өтілді. Педагогикалық консилиум шеңберінде ата-аналар комитетінің жаңа төрағасы мен мүшелері сайланып, комитеттің алдағы жұмыс жоспары талқыланды. Ата-аналар өз ойларын ашық айтып, ұсыныстарын ортаға салып, қосымша білім беру үдерісіне белсенді араласуға ниетті екендіктерін білдірді. Жиын соңында ұйымдастырылған «кофе-брейк» барысында атааналар мен педагогтер бейресми жағдайда пікір алмасып, келешек жоспарлармен бөлісті. Бұл еркін ортада өткен әңгіме өзара түсіністік пен серіктестіктің одан әрі нығаюына ықпал етті. Консилиум қорытындысында қабылданған шешімдер мен ұсыныстар арнайы хаттамаға енгізіліп, болашақта жүзеге асырылатын нақты іс-шаралар белгіленді.
Қосымша білім беру – әр баланың қабілетін ашып, өмір жолын айқындайтын маңызды баспалдақ. Бала тәрбиесінде ата-ана мен педагогтің бірлесіп жұмыс істеуі – ұлт болашағы үшін маңызды. Ұйымдастырылған консилиум бала болашағына бағытталған маңызды қадам болды. Осындай мазмұнды кездесулер өзара сенім мен түсіністікке негізделген берік серіктестіктің қалыптасуына жол ашып, «Оқушы – үйірме – ата-ана» байланысын жаңа деңгейге көтереді.
Көркем НҰРБОЛҚЫЗЫ,
аудандық оқушылар үйінің педагог-психологі