ҚАРТЫ БАР ЕЛ – ҚАЗЫНАЛЫ ЕЛ
Халықаралық Қарттар күніне орай аудан әкімі Жандос Еркінбек аудан әкімдігінде ұзақ жылдар бойы абыройлы қызмет атқарған ардагерлерді арнайы қабылдап, мерекелік құрмет көрсетті.
– Қазақ халқында «Қарты бар ел – қазыналы ел» деген тағылымы терең тәмсіл бар. Үлкенге ізет көрсету, аға буынға құрмет білдіру – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан асыл дәстүрі. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз – біздің қоғам үшін баға жетпес байлық. Әрқайсысыңыздың ауданымыздың дамуына қосқан елеулі үлестеріңіз бен еселі еңбектеріңіз ел жадында. Мерейлі мереке күні баршаңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыңызға амандық, ұрпағыңызға бақбереке тілеймін, – деді аудан басшысы.
Кездесу барысында ардагерлерге ауданның әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне қосқан сүбелі еңбектері үшін естелік сый-сияпаттар табысталды. Сонымен қатар, Қоғамдық кеңестің төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов сөз алып, аға буынға деген құрметтің қоғам үшін маңызын атап өтіп, ізгі тілегін жеткізді.
Мерекелік жиыннан зор әсер алған ардагерлер аудан басшылығы мен ұжымға шынайы алғыстарын білдіріп, ілтипатты қабылдау үшін ризашылығын білдірді.
Айта кету керек, ауданымызда Қарттар күніне орай жыл сайын мазмұнды іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Бұл – ел дамуына өлшеусіз еңбек сіңірген аға буын өкілдеріне көрсетілетін құрметтің айғағы.
Сондай-ақ, айтулы мереке аясында аудан әкімі Жандос Еркінбек киелі Түркістан қаласына жол тартқан ардагерлер тобын салтанатты түрде шығарып салып, ақжарма тілегін арнады.
– Мемлекетіміздің өсіп-өркендеуі жолында маңдай терлеріңізді төгіп, ауданымыздың дамуына сүбелі үлес қостыңыздар. Зейнет жасына қарамастан, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, жас ұрпаққа бағыт-бағдар беріп келесіздер. Бұл – үлкен өнеге. Сіздердің осы сапарларыңыз таным мен тағылымға толы, рухани жаңғыруға серпін беретін игі іс боларына сенеміз. Жолдарыңыз ашық, сапарларыңыз сәтті болсын! – деді аудан әкімі жүрекжарды лебізімен.
Аудан әкімдігінің бастамасымен ұйымдастырылған бұл танымдық сапар – аға буын өкілдеріне деген шынайы құрмет пен қамқорлықтың көрінісі.
Айта кетейік, бұл игі дәстүр 2021 жылдан бері үзілмей жалғасып келеді. Жыл сайын аудан ардагерлері Түркістан, Қызылорда, Байқоңыр қалалары мен Қорқыт ата кешені сияқты тарихи-мәдени орындарға арнайы саяхатқа жіберілуде. Бүгінде аудан бойынша 5700-ге жуық ардагер бар. Алдағы уақытта да оларды кезең-кезеңімен тағылымы мол сапарларға жіберу жоспарланып отыр.
«ҚТ» ақпарат