Ауданда халықаралық Қарттар күні кең көлемде аталып өтті
Қазақ қоғамында ақсақалдар – елдік пен өнегелі өмір тәжірибесінің қайнар көзі. Қарттар қашанда елді береке-бірлікке, ырыс-ынтымаққа жұмылдыра білген. Халықтың “Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең”, “Қариясы бар елдің – қазынасы бар” деген сөздерінің мәнісі – ақылдың кені, қазыналы қарттарды құрметтеу, ақсақалдар қауымын ардақтау болып табылады.
Бүгін 1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесіне орай аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов ауданымыздың ардагерлерімен және тыл еңбеккерлерімен кездесті.
Кездесуде сөз алған аудан әкімі Әділбек Бөрібайұлы ардагерлерді құттықтап, ізгі лебізін жеткізді.
- Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз, тәлім-тағылымдарыңыздың біз үшін орны бөлек. Себебі, әрқайсыларыңыздың еліміздің өсіп-өркендеуіне қосқан үлестеріңіз бен еңбектеріңіз ерен. Бүгінде еңбектеріңіздің зейнетін көріп отырған шақта Сіздерге мықты денсаулық, ұзақ-ғұмыр, отбастарыңызға береке-бірлік, амандық тілеймін,-деді.
Сонымен қатар аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Мереков Асқар, «Ұлт бірлігі - Қармақшы» қоғамдық Бірлестігінің төрағасы Шегебай Құндақбаев,қоғамдық кеңес төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов сөз сөйлеп, мерейлі мерекемен барша жиналған ардагерлерді құттықтап, ауданымыздағы ардагерлер үшін атқарылып жатқан ауқымды шараларға өзіндік алғысын жеткізді.
Сондай-ақ мерекелік қабылдаудан кейін аудан ардагерлері күллі түркі елінің абызы Қорқыт ата кешеніне және үш жүзге пір болған Марал Ишан кесенесіне зиярат етіп, құран бағыштады.
Сонан соң мерейлі мереке құрметіне ардақты ардагерлеріміз үшін арнайы ас берілді.