БАЙҚОҢЫРДАҒЫ ТІЛ ШЕБЕРЛЕРІНІҢ БӘЙГЕСІ
Тіл – әлемдегі ұлттық құндылықты сақтаудың ең маңызды құралы. Сондықтан тіл – таусылмайтын тақырып. Осы орайда
Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы мен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен Байқоңыр қаласында «Полиглот» сайысы өтті.
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру, облыс әкімдігінің іс-қимыл жоспарын орындау, тіл саясатының оңтайлы жүзеге асуына үлес қосу мақсатында өткен байқауға Байқоңырдың белсенді жастары қатысты. Қазіргі жаһандану дәуірінде бірнеше тілді меңгеру – заман талабы. Осыған орай, байқау қатысушылары қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде еркін сөйлеу, сауатты жазу және көпшілік алдында өз ойын сенімді жеткізу бағытында сынға түсті. Байқаудың көздегені – тіл арқылы тұлға қалыптастыру, жастардың бойындағы тілге деген қызығушылықты ояту, олардың зияткерлік және коммуникативтік қабілеттерін арттыру.
Байқау қатысушылары 4 кезең бойынша бақ сынасты. Алғашқы «Аламан бәйге» кезеңінде мақалмәтелдердегі жасырылған сөзді анықтап оны орыс, ағылшын тіліне аударса, «Ой қозғау» кезеңінде әр қатысушыға 2 сұрақ беріліп, тұрақты сөз тіркесінің мағынасын тапты. Үшінші кезеңде ұяшықтар жасырылып, ондағы берілген сөйлемдерді екі тілге аудару міндеттелді. Тіл білетін белсенді жастар бұл тапсырмадан да мүдіре қоймады. Төртінші кезең «Шешендік шиырлары» деп аталды. Бұл сайыста барлық қатысушы белсенділік танытып, тапсырмаға толық жауап беруге тырысты. Жастардың белсенділігі жоғары болды. Бұл – жастардың тілге деген қызығушылығы мен әлемге ашық екенін көрсетті. Байқау нәтижесін саралаған қазылар алқасы қатысушылардың тіл байлығына, еркін сөйлеу мәнеріне, ой ұшқырлығы мен сөздік қорына мән берді. Байқау жеңімпаздары арнайы диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бұл байқау – жастардың тек тіл білу қабілетін емес, мәдениетке деген құрметін, ой еркіндігін, білімге құштарлығын паш еткен іс-шара болды. Байқоңыр жастарының белсенділігі мен ынтасы – болашақта нағыз бәсекеге қабілетті буынның келе жатқанының дәлелі. Осындай зияткерлік байқаулар жүйелі өткізіліп тұрса, жаңа Қазақстан идеясы шын мәнінде өміршең болары анық.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ