«Этно Quiz» – құндылыққа қадам
Өткен аптаның бейсенбісінде облысының қоғамдық даму басқармасы «Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы» КММ мен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен аудандық Мәдениет үйінде «Этно Quiz» интеллектуалды сайысы өтті.
Оған мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты Жыраулар үйі қызметкерлерінен құралған «Құндылық», музей қызметкерлерінен «Жәдігер», Жастар ресурстық орталығы мамандарынан құралған «Қадам», аудандық мәдениет үйі қызметкерлерінен «Өнер», аудандық орталық кітапхананың кітапханашы қыздарынан құралған «Сыр сұлулары» командалары қатысып, бақ сынады.
Ұлттық құндылықтарды, мәдениет пен өркениетті, руханият пен ділді насихаттай отырып, патриоттық сезім қалыптастыру үшін ұйымдастырылған сайысқа облыстық Тілдерді оқыту орталығы директорының орынбасары Жаныгүл Ерекешова, халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» аудандық филиалының төрайымы Гүлжауһар Раева, қоғам белсендісі, тіл жанашыры Шегебай Құндақбаевтар қатысып, сарапшылық етті.
Тілдерді оқыту орталығы әдістемелік бөлімінің басшысы Гүлбану Сембиева жүргізген сайыстың негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы мен Қызылорда облысы әкімдігінің 2023-2029 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарын орындау, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, ұлттық рухты көтеру және мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты мекемелер арасындағы әріптестік байланысты нығайту еді. Қатысушы топтар қазақтың ұлттық тағамдары бауырсақ, құрт пен ірімшік, шұбат пен айран қойылған үстелге жайғасты. Ұлтымыздың ең әдемі ұлттық киімімен келіп сахнаның көркін қыздырды, сән берді.Сайыс басталмас бұрын әр топ өздерін таныстырып шықты. Жыраулар үйінен жасақталған топ Қармақшы деген жырдың өлкесі деп әндетсе, музей қызметкерлері жәдігер жинақтау жолында жасап жатқан жұмыстары туралы аз-кем ақпарат беріп өтті. Жастар жалындап, мәдениет үйінің мамандары әндетсе, кітапханашы қыздардың таныстыруы тіпті ерекше болды. Топ мүшелерінің әрқайсысын жеке-жеке сипаттап өлең оқыды. Сайыс қатысушылары бекітілген ережеге сәйкес «Quiz time», «Суреттер сөйлейді», «Жұмбақ әуен», «Тұлғаны таны», «Кино time» деп аталатын 5 кезең бойынша тапсырмалар орындады. Қатысушы топтардан «Қонақ кәде», «Қолқа салу» дәстүрлері бойынша өнер көрсету сұралды. Жыр өлкесінің өрендері домбырамен ән салып, сайыстың жоғары деңгейде өтуіне атсалысты. Бірдей үлгіде киім киіп, ерекше дайындықпен келген кітапханашы қыздардың орындаған «Сыр сұлуы» әніне ортада тербеліп би де биленді.
Сайыс барысында қатысушылардың ақпараттық-танымдық деңгейі, ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытындағы жұмыстары мен ұсыныстары, сөз саптауы, ой тұжырымдауы, көзқарасын білдіруі, тапқырлығы және шеберлігі бойынша білім-таным дағдылары, сахна мәдениетіне баса назар аударылды.
Интеллектуалды сайыс барысында өткізілген әр кезеңнің тапсырмаларын орындаған қатысушылардың білім деңгейін арнайы комиссия мүшелері бағалады.
Сайыс қорытындысы бойынша қатысушы командаларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар, үздік деп танылған мәдениет үйі қызметкерлерінен құралған «Өнер» командасына арнайы диплом мен бағалы сыйлық табысталды.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА