«ПОЛИГЛОТ» БАЙҚАУЫНЫҢ ҮЗДІГІ
21 ақпан – Халықаралық ана тілі күні. Тіл – әлемдегі ұлттық құндылықты сақтаудың ең маңызды құралы. Сондықтан 2000 жылдан бері әлемде осы айтулы күн аталып өтеді. Бұл мереке алғаш рет 1999 жылы 17 қарашада ЮНЕСКО-ның бас конференциясында тойланды.
Аталған мерекеге орай Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы мен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Полиглот» аудандық байқауы өтті.
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру, облыс әкімдігінің іс-қимыл жоспарын орындау, тіл саясатының оңтайлы жүзеге асуына үлес қосу мақсатында өткен байқауға көп тіл меңгерген мемлекеттік және бюджеттік сала қызметкерлері қатысты.
Аудандық деңгейде өткізілген байқауға Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» аудандық филиалының төрайымы Гүлжауһар Раева төрағалық етті. Сонымен қатар Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталықтың аудан бойынша орыс тілі оқытушысы Роза Сейілова мен орталықтың аудан бойынша мемлекеттік тіл оқытушысы Гүлжанат Дүзенова қазылық етіп, қатысушылардың ұпайларын бекітілген ережеге сәйкес саралады.
Сайысқа қатысушылар 4 кезең бойынша бақ сынасты. Алғашқы «Аламан бәйге» кезеңінде мақал-мәтелдердегі жасырылған сөзді анықтап оны орыс, ағылшын тіліне аударды. «Ой қозғау» кезеңінде әр қатысушыға 2 сұрақ беріліп, тұрақты сөз тіркесінің мағынасын табу қажет болды. Үшінші кезеңде ұяшықтар жасырылып, ондағы берілген сөйлемдерді екі тілге аудару міндеттелді. Қатысушылардың білімі осы сәтте айқындала түскендей. Тілді мықты білетіндер бұл кезеңде тосылмады. Ең көп ұпайды қоржынға салды. Ал кейбірі жарты ұпайды қанағат тұтты. «Шешендік шиырлары» деп аталатын ақтық кезеңде барлық қатысушылар белсенділік танытып, оқ бойы оза шығуға талпынды.
Байқау қорытындысы бойынша ең жоғары ұпайды еншілеп, үздік деп танылған аудандық мәдениет үйінің халық театрының режиссеры Мадияр Махамбетұлы І орын мен облысқа жолдаманы қанжығасына байлады. Ал жүлделі ІІ орынға аудандық кітапхананың кітапханашысы Динара Қосназарова тұрақтаса, ІІІ орынды аудандық музейдің экскурсия жүргізушісі Баршагүл Сахиева алды.
Байқау жеңімпаздарына арнайы Диплом және Орталық тарапынан қаржылай сыйақы табысталды. Қалған қатысушылар Алғыс хат және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Ақнұр САҒЫНТАЙ