» » БАС ЖҮЛДЕГЕ БАСТАҒАН ЕҢБЕК

БАС ЖҮЛДЕГЕ БАСТАҒАН ЕҢБЕК

Жуырда Жаңақорған ауданында өткен «Жас маман – 2025» атты облыстық кәсіби байқау өнер мен мәдениет саласында еңбек етіп жүрген жас мамандардың басын қосқан айтулы шара болды. Бұл байқау – шығармашыл жастарды қолдау, олардың тың идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік беру және заманауи бағытта жұмыс істеуіне жол ашу мақсатында жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Биылғы сайыста да үздіктердің үздігі анықталып, өнерімен дараланған жас маман лайықты бағасын алды.
Аталған байқауда Төребай би ауылдық клуб үйінің көркемдік жетекшісі, өнерге жан-тәнімен берілген Ұлбосын Молдахметова бас жүлдені иеленіп, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Жеңімпаз атанған өнер иесімен қуанышты жаңалықтан соң тілдесудің сәті түсті.
Ұлбосын Ақжар ауылында дүниеге келген. Өнер жолына деген алғашқы қадамдарын бала күнінен-ақ байқатқан дарынды қыз кейін Болашақ университетінде «Музыкалық білім» мамандығы бойынша жоғары білім алып шығады. Білім алып қана қоймай, өнер жолындағы ізденісін бір сәтке де тоқтатпаған ол бүгінде Төребай би ауылына келін болып түсіп, осы ауылдағы клуб үйінде сегіз жылдан аса уақыт бойы қызмет атқарып келеді. Осы уақыт ішінде ауыл мәдениетінің дамуына сүбелі үлес қосып, ел құрметіне бөленіп жүрген жас маманның бұл жеңісі – көп жылғы еңбектің жемісі.
– Байқауға Қызылорда қаласы мен облыс аудандарынан 10 үміткер қатысты. Әр қатысушы өзіндік ерекшелігімен, шеберлігімен көзге түсуге тырысты. Әрине, сайыс оңай болған жоқ – шын мәнінде үлкен дайындықты, жан-жақты ізденісті қажет етті. Жеңіс – үздіксіз еңбектің, сенімді серіктер мен отбасының қолдауының арқасы. Аудан мен ауыл намысын арқалап барған соң, бар күшімізді салып, нәтижелі өнер көрсетуге тырыстық.
Бұл жолда отбасымның, әсіресе ата-енем мен жұбайымның сенімі мен демеуі маған ерекше қуат берді. Жеңісім тек менің емес, бүтін бір ұжым мен отбасының ортақ қуанышы, – дейді шығармашыл жас.
Ұлбосынның айтуынша, оның шығармашылық жолындағы жетістіктеріне негіз болған – ата-анасының берген тәрбиесі мен өнерге деген сүйіспеншілікті ерте жастан ұялата білуі. Ол өнерге деген ықыласын аналық махаббатпен байланыстырды.
– Менің бойымдағы талпыныс, өнерге деген махаббат – аналық жүректен бастау алған. Қандай жетістікке жетсем де, ең алдымен, мені өмірге, өнерге тәрбиелеген аяулы ата-анамның еңбегін ерекше атап өтемін, – дейді жас маман.
Ізденімпаз өнер иесі бүгінде ауылдағы мәдениет ошағы – клуб үйінде бірнеше бағытта жұмыс атқарады. Ол ән үйірмесін, әжелер ансамблін, қуыршақ үйірмесін ұйымдастырып, жетекшілік етеді. Әсіресе, қуыршақ үйірмесі арқылы балабақша бүлдіршіндеріне ертегі қойылымдарын сахналау арқылы кішкентай көрермендердің жүрегіне жол тауып жүр. Бұл – оның балалар тәрбиесіне деген жауапкершілігі мен шығармашылық шеберлігінің айқын көрінісі.
Айта кету керек, Ұлбосын бұған дейін де бірнеше байқауларда топ жарып, өз қабілетін дәлелдеп үлгерген. 2023 жылы Қармақшы ауданында өткен «Қармақшы ханымы» байқауында да бас жүлдені иеленіп, өз өңірінің атын асқақтатқан болатын.
Ұлбосын Молдахметова – тек ауылдың ғана емес, тұтас аймақтың үміт күттірер жастарының бірі. Оның таланты мен табандылығы талай белесті бағындырары сөзсіз. Ал алдағы уақытта оның жетістіктері одан әрі еселене түсетініне сенім мол.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
04 қазан 2025 ж. 61 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№75 (10443)

04 қазан 2025 ж.

№74 (10442)

30 қыркүйек 2025 ж.

№73 (10441)

27 қыркүйек 2025 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ

ХАБАРЛАНДЫРУ

15 қыркүйек 2025 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

02 қыркүйек 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 550
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңарған Жосалы
02 қыркүйек 2025 ж. 348

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031