АУЫЛДЫҢ АРДАҚТЫ АҚСАҚАЛЫ
Қазіргі қоғам ілгерілеп, алға жылжып жатыр. Заманауи үдерістер адам санасын баурап, түрлі ақпараттың көзіне айналған. Өсу, көркею, жетілу, айта берсе таусылмайтын дүние. Бірақ осының бәрі төбеден тарс етіп түсе қалған жоқ. Бұған дейінгі де ұзақ жолдар, терең іздер бар. Ол – біздің аға буынымыздың келешек ұрпақ үшін деп еткен еңбегі мен төккен тері.
Ұйқысыз күндері мен түндері, шаршауды білмеген қажыры мен қайсарлығы. Қай бақытты да еңбектен іздеген ерен жүректері. Міне осындай өмір белесін бастарынан өткізген ата-әжелеріміз қандай құрметке де лайықты тұлғалар. Мақаламызда ғұмырын ауылшаруашылығы саласының ыстық-суығына арнап, жастық жалынынан бастап бүгінгі сексенге таяған шағына дейін қоғам дамуына атсалысып, кейінгі жас ұрпаққа өнеге үлгісін дарытып келе жатқан еңбек ардагерінің бірі – Мұхтар Таңбаев ақсақал.
Ол 1948 жылы Қармақшы ауылында өмірге келген. 1964 жылы ауылшаруашылығы саласына тракторшылар дайындайтын арнайы 3 айлық курсын оқып, алғашқы еңбек жолын 1966 жылы трактор жүргізушісі болудан бастайды. Уақыт талабына сай білімін жетілдіруді мұрат еткен механизатор осы жылы Қазалы ауылшаруашылығы техникумының «Зоотехния» бөліміне түсіп, оны 1969 жылы бітіріп шығады. Мамандық алған жас оқуын бітіре салысымен қайтадан ауылдың тыныс-тіршілігіне бел шеше араласып, ұйымдастырушылық жұмыстарға кіріседі. Жоғары тарап зерек, алғыр қабілетімен көзге түскен оны жауапкершілігі жоғары қызметтерге қойып, сенім артады. Кеңшарда бастауыш комсомол ұйымының хатшысы және спорт нұсқаушысы болып, жастарға көшбасшылық етеді. Ісіне мығым, сенім үдесінен шыққан жалынды жас шарты қатал да қатты коммунистік партия қатарына қабылданған сәт оның өміріндегі серпілістің бірі болатын.
Мұхтар Ерманұлының өміртарихына көз жүгірткен жан оның еңбектегі қайраткерлігі мен оған берілген бағасының да нарқын байқаған болар еді. Әр жылдардағы марапаттары назарыңызды аудартпай қоймайды. Ол 1969-1972 жылдары аудандық, облыстық комсомол ұйымының пленум мүшесі болып сайланса, 1970 жылы республикалық Қазақстан комсомолының ХІІ съезіне делегат болып қатысқан. Жастар ұйымын белсенді басқарғаны, ұйымдастырғаны үшін де ауданда үздік деп танылып, бірнеше рет аудан, облыс марапатына лайық деп табылған. Цехтың және кәсіподақ ұйымдарының жетекшісі, кеңшар партия комитетінің бюро мүшесі, сонымен қатар аудандық партия комитетінің конференцияларына делегат ретінде қатысқан.
1970 жылдан бастап №2-қой фермасында зоотехник, 1985 жылдан бастап 1998 жылға дейін ферма меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарған. Атап өтерлік жайт, облыстық партия комитетінде Қармақшы кеңшарының толық шаруашылық есеп және өзін-өзі қаржыландыру жағдайында жұмыс істеу тәжірибесі жайлы қаулы қабылданып, облыс қой шаруашылығы кадрларын дайындау мектебі құрылады. Оны осы фермада жүргізуге шешім қабылданады.
Азаматтың мал шаруашылығындағы жаңашылдық еңбектері ескеріліп, Қазақстан Комсомолы Орталық комитетінің Құрмет грамотасымен, партия, комсомол съездерінің шешімдерін жүзеге асыруда белсенділік танытқаны үшін Алғыс хатпен марапатталса, 1979 жылы ферма көрсеткішімен аудан чемпионы атанып, құрмет тақтасына суреті ілінеді. Мұнан соң облыстық кәсіподақ, ауылшаруашылығы бөлімінің марапаттарына ие болса, ауданда Социалистік жарыс озаты белгісін жеңіп алады. 1974-1980 жылдар аралығында коммунистік партияның орталық комитеті министрлер кеңесінің Құрмет грамотасы секілді жоғары наградаларды иеленеді. Сондай-ақ облыстық атқару комитеті, ауылшаруашылық, кәсіподақ ұйымдарының ұйғарымымен облыстың «Таңдаулы зоотехнигі» атағын алады.
Қойды қолдан ұрықтандырудың ғылыми жетістіктерін жүзеге асырудың нәтижесімен ауданда үздік атанып, №2 фермасы аудан бойынша қой тұқымын асылдандыру жұмысын бірінші болып іске асырады. Фермада қаракөлдің 1 сортын 85-94 пайызға дейін көтеріп, облыста алдыңғы қатарға шыққаны үшін облыстық атқару комитетінің Құрмет грамотасымен мадақталады. 1985 жылы облыстық атқару комитетінің марапатын иеленіп, осы жылы да ол аудан чемпионы ретінде құрмет тақтасынан орын алған.
Мұхтар ағамыз 1994-1999 жылдары Қармақшы аудандық бірінші сайланған мәслихатының депутаты. 2008 жылдан бүгінге дейін ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы жұмысын атқаруда. Ауыл тұрғындарының бірлігі мен ынтымағына ұйытқы болып келеді. 2011 жылы аудан әкімінің, аудандық ардагерлер кеңесінің Алғыс хатымен, Қармақшы ауданының 90 жылдық және Қызылорда қаласының 200 жылдық мерекелік медальдерімен марапатталған. Одан бөлек, әкімшілік жанынан құрылған қоғамдық келісім, билер кеңесінің төрағасы, ауыл медиаторы, қоғамдық қауымдастық кеңесінің мүшесі.
Мұхтар Ерманұлының ауданымыздың әлеуметтікэкономикалық дамуына қосқан еңбегі зор. Туған халқы ел ағасын жаны жайсаң, ойы анық, ары таза, уәдесіне берік, қай істе болсын әділдігімен жүретін азамат деп құрмет тұтады. Ол отбасында киелі шаңырақтың асқар тау әкесі. Ұлды – ұяға, қызды – қияға қондырған, немере-шөберелерінің сүйікті атасы.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ