БІЛІМ МЕН ӨНЕРГЕ – АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ
Аудандық Оқушылар үйінде жаңа 2025-2026 оқу жылының басталуына орай «Оқушылар үйі – болашаққа бастар жол» атты салтанатты шара ұйымдастырылды. Бұл мерекелік жиын балалар мен ата-аналар үшін қуаныш пен үмітке толы ерекше сәтке айналды.
Салтанатты шараға аудан әкімі аппаратының басшысы Диас Асылбекұлы, білім бөлімінің әдіскері Ақтолқын Каналбекқызы, аудандық Оқушылар үйінің ардагер ұстазы Төленді Мырзабаев қатысып, ең алғаш үйірмеге қадам басып отырған бүлдіршіндер мен қосымша білім беру педагогтерін күздің алғашқы күнімен қатар келген білім мерекесімен құттықтады.
Іс-шара барысында шығармашылық бағыттағы өнерпаздар да өз өнерлерін ортаға салды. «Сыңғырлаған қоңырау» әнін «Хореография» үйірмесінің білім алушылары Іңкәр Қойшыбай, Ақниет Серік және «Жадыра» би тобының мың бұралған бишілері әсерлі орындады. Сонымен қатар, жас бүлдіршіндер білім мен ұстазға деген алғыстарын өлең жолдары арқылы жеткізіп, көрермендердің көз қуанышына айналды.
Айта кету керек, бұл салтанатты сәт – тек оқу жылының басталуы ғана емес, сонымен қатар білім мен өнерге алғашқы қадам басқан бүлдіршіндер үшін үлкен өмірге бастар алғашқы белес.
Мерекеде 1-сынып оқушыларына құрметті қонақтардың қолынан естелік кітаптар табысталып, олардың білімге деген ынтасы мен қызығушылығына шабыт берді.
Шара соңында барлық қатысушылар «Алғашқы қоңырау» рәсімінің куәсі болды. Бұл – жаңа оқу жылына жасалған алғашқы қадамның жарқын белгісі болды.
Салтанатты кештің шымылдығы «Жылдам оқу» үйірмесінің білім алушысы Жұлдызай Еспанованың орындауындағы «Мектебім» әнімен жабылды.
Осылайша, «Оқушылар үйі – болашаққа бастар жол» атты жаңа оқу жылының ашылу салтанаты балалар мен ата-аналардың есінде жарқын әсер қалдырып, келешекке деген сенімді нығайтты.
Білім мен өнер жолындағы жаңа бастамалар құтты болсын!
Марал АЙМАХАНОВА,
педагог-ұйымдастырушы