» » ӘЖЕЛЕР ӘУЕЛЕТІП ӘН САЛҒАНДА

ӘЖЕЛЕР ӘУЕЛЕТІП ӘН САЛҒАНДА

Елді елге танытатын, көрерменіне рухани байлық сыйлайтын, елдік деңгейге көтеретін бір құдірет болса, ол – өнер. Сол себепті де қазекем «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» деп бағасын берген. Өнермен ұлтымыздың дарынды ұл-қыздары әлемге танылса, өнер арқылы мәдениеті мен салт-дәстүрі паш етіледі.
Қанша әлемдік деңгей десек те, халқымыздың қазынасына баланған ұлттық өнеріміздің өрісі ауылдан тамыр тартатынын ешкім де жоққа шығара алмайды. Бір қарағанда, сахна саңлақтарының дені де ауыл топырағынан түлеп ұшқандар. Кезінде ұршық иіріп не болмаса ши тоқып, киіз басып жатып әндететін әже, аналарымыздың қарасы көп болмаса да, ізі сақталған. Уақыт өзгереді, соған сай оның да талап-тілектері өзгеріп отырады. Бұл – заңдылық. Дегенмен, ауыл ажарын әнмен әрлеген әжелеріміз әрбір ауылдан табылады.
Оның қатарында ұлттық өнерді дәріптеп, жас буынға өнеге етіп жүрген өнер ұжымының бірі – Ақжар ауылындағы «Ақ әжелер» ансамблі.
Ансамбль 2012 жылы С.Бөртебайұлы атындағы ауылдық клуб үйі жанынан құрылған. Оған клуб үйінің директоры Роза Кенжеғұлова жетекшілік етеді. Өнер ұжымында он әже өнер көрсетеді. Олардың ең үлкені 76 жаста болса, кішісі 58 жаста. Алғашқы лекте Хамила Дәндесова, Сара Жанәбілова, Қалжан Алмасовалар өнер көрсетсе, бүгінгі құрамында Гүлбану Бисенбаева, Төлеу Медетова, Дариха Досаева, Сара Есмаханова, Миуагүл Жарасбаева, Ұлымтай Шәукенбаева, Рая Бұрқұлова, Әлия Меңлібаева, Рая Жөнейтовалар бар.
– Ауылдық клуб үйі мен аудан көлемінде ұйымдастырылатын барлық іс-шараға әжелер ансамблі белсенді түрде қатысып отырады. 2020 жылдан бастап ансамбль құрамына төрт әжеміз қосылды. Бізде түрлі мамандық иелері бар, сондай-ақ зейнеткерлікке шыққан әжелеріміз де өнер көрсетеді. Үй шаруасында бала тәрбиесімен айналысқан аналарымыз, ауылдық денсаулық, білім саласынан зейнет демалысына шыққан апаларымыз бар. Қазіргі таңда он әже өнер көрсетіп жүр, – дейді ұжымның жетекшісі.

Ауыл әжелері бұған дейін бірқатар жетістіктерге жетіп, түрлі марапатқа ие болған. Атап айтар болсақ, 2016 жылы ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өткізілген кент, ауыл округтері өнерпаздарының «Елім менің» атты өнер фестивалінде үздік шығармашылық өнер көрсеткені үшін «Ақ әжелер» ансамблі марапатталса, Наурыз мерекесіне орай қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын жас ұрпақ бойына сіңіру, отбасындағы әже мен немере арасындағы қарым-қатынасты нығайту, жас ұрпақтың қарттарға деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған «Әжем айтқан ертегі» тақырыбындағы облыстық байқаудан жүлделі ІІІ орынды қанжығаларына байлаған. 2019 жылы Жаңақорғанда өткен облыстық «Үздік клуб – 2019» байқауында үздіктер қатарынан танылып, ІІ орынды бағындырған. Осы жылы аудандық «Аймақтар аламаны» байқауында шеберліктері үшін Алғыс хатпен мадақталып, бағалы сыйлыққа ие болған. Ал өткен жылы ауылда өткен «Адал адам тұжырымдамасы» аясында ұйымдастырылған «Ұлттық тағам – ырысым» атты аймақтық топтық байқауында оқ бойы озық шығып, қоржындарын бас жүлдемен толықтырды.
Ансамбльдің репертуары ұлттық нақыштағы қазақ халқының сүйіп тыңдайтын халық және қазақ композиторларының әндерімен байытылған.
– Ана – өмірдің, тіршіліктің бастауы ғой. Анамен ел көгеріп, көктейді, ұрпақ тәрбиеленеді. «Жұмақтың кілті – ананың табанының астында» деп қазақ атамыз босқа айтпаған. Аналарымыз отбасында ғана емес, қоғамдық жұмыстарда – өнер мен мәдениеттің дамуына сүбелі үлестерін қосып жүр. Қайсыбір іс-шара болсын, әжелеріміз қалмай қатысып, ауылымыздың абыройын асқақтатып жүргеніне көптен-көп алғысымды білдіремін. Оларға ұзақ ғұмыр, зор денсаулық тілеймін. Сонымен қатар біздерге үнемі қолдау білдіріп, жанашырлық ететін ауылымыздың әкімі Нұржамал Бектайқызы мен шаруашылықтардың басшыларына ризашылығымызды білдіргіміз келеді, – дейді Роза Кенжеғұлова ақжарма тілекпен.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
17 қыркүйек 2025 ж. 78 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№70 (10438)

16 қыркүйек 2025 ж.

№69 (10437)

13 қыркүйек 2025 ж.

№68 (10436)

09 қыркүйек 2025 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ

ХАБАРЛАНДЫРУ

15 қыркүйек 2025 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

02 қыркүйек 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 420
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Халықтың асыл қазынасы

Халықтың асыл қазынасы

09 қыркүйек 2025 ж.
Ұлттық код

Ұлттық код

09 қыркүйек 2025 ж.
Театрдың ғажайып әлемі

Театрдың ғажайып әлемі

07 қыркүйек 2025 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңарған Жосалы
02 қыркүйек 2025 ж. 225

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930