БЕСАСПАП ЖАН

Соңғы рет қашан жүн шұлық кидіңіз? Иә, қазір жаз мезгілі демесеңіз, қыста бұл таптырмайтын зат. Біріншіден, табиғи өнім. Жылылығы өз алдына. Жүн шұлықтар дүкен сөрелерінде тұрған қымбат шұлықтан мың есе артық.
Ауылдық жерде болмаса қазір қала адамдарын жүн шұлық киеді деу қисынсыз болар. Олар барлығын дерлік дайын күйінде дүкеннен сатып алады. Үйде жүн түтіп, жіп иіріп отқан жанды кездестіру қиын. Бұл әрі-беріден соң төл өнер, қолөнер. Машақаты көп жұмыс деуге де болады. Дей тұра ауыл адамдары мұны қиын көрмейді, таза еңбекке балайды. Сондай жанның бірі – Ақжар ауылының тұрғыны Света Бедебаева.
Біз үйіне кіргенде апай құрақ көрпешесін тігіп отыр екен. Істеген ісіне көз сүйсінеді. Бұл жанды бір сөзбен «бесаспап» десе болғандай. Ол киіз де басады, жүн де түтеді, тоқыма тоқиды, құрақ көрпеше де тігеді. Света апай бүгінде ауылдағы жеке кәсіпкер Сәуле Сатыпалдиеваның қарамағындағы «Қарақат» тігін шеберханасында тігінші болып жұмыс істейді.
– Жалпы «жоқ» деп айта алмаймын. Қолдан келсе бәрін істеуге тырысамын. Ұршық иіріп, жүн де түтемін. Одан қыста қалпақ, жемпір, шұлықтар тоқимын. Тоқуды бала күнімнен Құлашкүл әпкемнен үйрендім. Тұрмысқа шыққан соң киіз үйге қажетті жабдықтарды тоқып бастадым. Оны енем үйретті, – дейді кейіпкеріміз.
Қазір қараша үйді құратындар аз. Ауылға барғанда болмаса былай киіз үйді де кезіктіре бермейсіз. Бүгінде тіпті киіз үй жабдықтарының атын білмейтіндер де табылады. Ал аты былай тұрсын, жабдықтарын өз қолымен жасайтын Света апайға ерекше тәнті болдық. Ол  киіз үйге қажетті бауды да өзі тоқиды. Түк бау, иін бау ісі осы кісіден қалған десек те болғандай.
Ауыл тұрғындары да апайдың еңбегін ерекше бағалайды. «Қолынан келмейтіні жоқ. Қыс бойы жүн шұлықтарының рақатын көрдік. Бұл тынымсыз еңбек қой» деп бағасын береді.
– Осыдан бірер жыл бұрын үйде иінбау тоқып отыр едім. Қорқыт ата мемориалдық кешеніне шет елден қонақтар келіп жатыр, соған сіз киіз үйді жабдығымен апарсаңыз деп ұсыныс айтты. Көп ойланбастан сонда киіз үйді жасақтап алып бардым. Сол жерде иінбауды тоқып та көрсеттім. Шетелдіктер таң қалып тарқасқаны әлі күнге дейін есімде, – дейді Света Бедебаева. 
Түйін.
Ауыл болмаса біз әлдеқашан төл өнерімізден ажырап қалар ма едік кім білсін? Ауылдағы қай үйге бара қалсаңыз, есігі ашық, көңілі жарқын. Көненің ізін күні бүгінге дейін өшіріп алмай жалғастырып келе жатқанына қуанасың. Өткенді еске түсіріп, ұлттық құндылығыңды көзбен көру үшін ара-тұра ауылға да ат басын бұрып тұру қажет-ақ.
Ақнұр ЕРДҮЙСЕНҚЫЗЫ,
«Қармақшы таңы».
19 маусым 2019 ж. 2 310 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 038

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031