» » БІРЛІГІ БЕКЕМ БЕРЕКЕЛІ АУЫЛ

БІРЛІГІ БЕКЕМ БЕРЕКЕЛІ АУЫЛ

Беріліп күйге, сағынсам кейде,
Ауылға кеткім келіп тұрады.
Сағынтса көлім, қалт етсе қолым,
Ауылға кеткім келіп тұрады.
Иә, ауылдың таза ауасын, тыныс-тіршілігін, құрт-майын сағын­бай­тын жан бар ма? Біз де ауыл өмірімен тыныс­тап, танысып қайту үшін Ақжар ауылына ат басын бұрған едік. Бізді ауыл әкімі Ерлан Бисембаев жылы шыраймен күтіп алды.

Алғашқы сөзді ауыл тарихынан бас­тағанымыз жөн болар. Ауыл тарихы 1929 жылы артельдер және серіктестіктердің бірігуінен бастау алады. 1950 жылы колхоздар Оян, Бозарық, Сталин бірігіп «Сталин колхозы» атанады. Ақбел, Чкалов, Жаңабақыт колхоздары бірігіп «Қазақстанның 30 жылдығы» атындағы колхоз атанды. 1957 жылы осы Сталин және «Қазақстанның 30 жылдығы» атындағы колхоздар бірігіп «Ақжар совхозы» болып қайта құрылған.
Бүгінгі өскелең ұрпақ Ақжар топырағынан шыққан қазақтың Мересьеві атанған Социалистік Еңбек Ерлері Қ.Ізтілеуов, С.Жұмабекова, филология ғылымының докторы, белгілі исламтанушы Б.Сағындықовты, биология ғылымының докторы Н.Тормановты, филология ғылымының докторы Т.Тебеге­новті, белгілі ақын С.Желдербаеваны, жазушы А.Мекебаевты, қоғам және мемлекет қайраткері А.Спановты, атақты жырау К.Рүстембековты және Қармақшы ауданының құрметті азаматтары Ж.Сәденовтер сынды қоғам қайраткерлерін әрқашанда мақтаныш тұтады.
Ауылдық мәдениет үйі екіқабатты типтік жобада салынып, 2014 жылы пайдалануға берілген. Мәдениет үйінің жанында Рүстембек жырау мектебі жұмыс істейді. Үйірмеге Балтабай Бедебаев жетекшілік етеді. Үйірме 2007 жылы ашылған. Бүгінде үйірмеге 20-ға тарта оқушы қатысады.
Ауылдық мәдениет үйінде ән, жыр, би, домбыра үйірмелері, сонымен қатар әжелер ансамблі жұмыс істейді. Мереке күндері ауыл әкімдігінің қызметкерлері, клуб, мектеп, кітап­хана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен көрме жасалып, мерекелік кештер ұйым­дас­тырылып, арты ауыл өнерпаздарының концертімен жалғасып жүр. Сонымен қоса ауыл жастарымен түрлі бас қосу мен рухани кештер ұйымдастырылады. Оған жақында өткен аудандық жарапазаншылар байқауы дәлел.
Ауыл тұрмысы өте жақсы. Бұл сөзді айтуымыздың да өз себебі бар. Ауылда әр көше сайын жаңадан үй көтеріп жатқандарды жиі байқадық. «Біздікілердің барлығы жаңа үй салуға кіріскен» деп әзілдеседі ауыл тұрғындары. «Ауыл» деген аты болмаса ірі орталықтан еш айырмашылығы жоқ деуге болады. Жаңа үй, балабақша, мектеп, мәдениет үйі, кітапхана, емхана бәрі бар. Тіпті ауылда кәсібін дөңгелетіп отқан жандар да жетерлік. Ешкім қол қусырып «жұмыс қайдан келер екен» деп жатқан жоқ. Реті табылса бір іспен айналысқанды құп көреді. Ауыл әкімімен әңгімелесіп отырғанымызда Мақсұт Кәдіров деген жігіт келді. Кезінде әкесі бақша еккен көрінеді. Ол әке жолын қуып осы күні алма бағын ашқысы келеді. Өзінің жоспарын ауыл әкімімен кеңесуге келіпті. Ерлан Бисембаев та бұл жанға көмек берерін айтты. Біз де осыған куә болдық.

КӘСІПКЕРГЕ ҚОЛДАУ КӨП
Мұнан соң бізді Ақжар ауылдық әкімдігінің қызметкері Азамат есімді жігіт ауылдағы жас кәсіпкерлерге ертіп алып барды. Алғашқы нысан кондитерлік цехқа қарай бағыт алдық.
«Бизнестің жол картасы – 2020» бағ­дарламасы аясында ауыл тұрғыны Айнұр Досмағұлова грант ұтып алып, өзінің шағын кондитерлік цехын ашқан. Ол өзінің дәмді, тәтті торттарын көрші ауылдарға және аудан мен Қызылорда қалаларына жолдайды.
– Кей күндері 3-4 тортқа тапсырыс түседі. Ал мереке күндері 30 тортқа дейін тапсырыс қабылдаймын. Тойға арналған көпқабатты торт, бисквитті, вупи пай, қызыл бархат торттарын да дайындаймын. Бисквитті торттың бағасы 2000-5000 теңге аралығында. Дәл қазір балақайлардың балабақшамен қоштасу кешіне торт даярлап жатырмын, – дейді Айнұр.
Қазірде әлеуметтік желі арқылы тапсырыс қабылдап, кәсіп ашуға мүмкіндік өте көп. Кәсібін осылай дөңгелентіп отырғандар қатарында Нұргүл Әбішева да бар. Ол бүгінде заманауи үлгідегі перделерге тапсырыс қабылдайды. Мұнан бөлек балалар киімін де тігетін көрінеді. Біз барған кезде балабақшамен қоштасу кешіне бүлдіршіндердің биіне әсем көйлектерді тігіп болған екен.
– «Бизнестің жол картасы –2020» бағ­дарламасымен 500 000 теңге қайтарымсыз қар­жы алғанмын. Оған заманауи үлгідегі тігін машинасын сатып алдым. Ауылда тұрсам да Қазақстанның өзге аймақтарынан да тапсырыс қабылдап жіберемін. Сонымен бірге қыз жасауына арналған жабдықтарды да тігемін. Тапсырыс берушілер саны көбейген соң екі адамды жұмыспен қамтып отырған жайым бар, – дейді шебер.
Жастар қоғамның қай саласында болмасын белсенді. Тың идея мен жоспарлы әрекеттің нәтижесінде соңғы жылдары кәсіпкерлік саланың дамуына үлес қосып келеді. Мемлекет те оларға қолдау білдіруде. Сондай жобалардың бірі – «Жас проджект» бағдарламасы. Осы жоба аясында ауылда өзінің тігін шеберханасын ашқан Дархан Дос­болова бұл күнде ұлттық нақыштағы киімдер мен құрақ көрпешелер тігеді.
– Балаларға қуаныш сыйлау мақсатында әрі өзімнің жеке кәсібімді ашу біраздан бері ойымда жүр еді. Оны жүзеге асырып, грантты ұту үшін бар күш-жігерімді салдым. Соның нәтижесінде 1 млн. теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантты иелендім. Бүгінде "Ақнар" атаулы тігін шеберханасын ашып, жұмыс істеп жатырмыз. Тігілген киімдеріміз ауыл аймақтарда аудан көлемінде тарауда. Болашақта отандық нарықта өз қолтаңбамыз болатынына сенімдіміз. Қазіргі уақытта балалар киімдеріне, әйелдердің кешкі көйлектері мен ерлер киімдерін де тігудеміз. Одан бөлек құрақ көрпеше тігумен де айналысып жатырмыз,– дейді тігінші қыз.
«Микробизнес Қызылорда» бағдарламасы аясында «Қызылорда Өңірлік Инвестициялық орталығы» МҚҰ ЖШС арқылы жалпы құны 3 млн.теңге болатын жобамен Дайырхан Маханбетжанов ауылда тойхана ашқан.

АУЫЛДЫҚ МЕКТЕП
Ауылда балаларды білім нәрімен сусындататын №28 мектеп жұмыс істейді. Бүгінде ауылдық мектепті Амантұр Оспанов басқарады. Бұл мектепте бірқатар елімізге белгілі ғалым-жазу­шылар мен еңбек майталмандары білім алған.
– Биыл мектепті 11-сыныптан 10 оқушы бітіргелі отыр. Оның 7-еуі ҰБТ тапсырады. ҰБТ сынағы бойынша орта балл 98-ді құрап отыр. 11-сынып оқушысы Нұрболат Тұрабай «Алтын белгіге» ұсынылды. Оқушылардың басым бөлігі жаратылыстану бағытындағы пәнді таңдауда. Сонымен қатар шығармашылық таңдап отырған оқушылар да жоқ емес, – дейді мектептің оқу ісі жөніндегі орынбасары Ақкенже Арықбаева.
ЕГІН ЖҰМЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРУДЕ
Ауыл – нағыз шаруалардың мекені. Ауыл егін егу мен шаруа жүргізуге таптырмайтын өте қолайлы жер. Ақжар ауылында «Ораз-ахун LTD» ЖШС жұмыс істейді. Бүгінде мекемеге Жомарт Жалғасов басшылық жасайды. Ең әуелгі сөзін «елге, халыққа пайда әкелетін кез келген іске қолдау білдіремін» деген сөзбен бастаған мекеме басшысына таң-тамаша болдық.
Бүгінде серіктестікте 100-ге тарта адам жұмыс атқарады. Көктемде шаруалардың жұмысы басталады. Күрегі мен кетпенін қолына алған шаруалар бұл күндері егін алқабында қызу жұмысқа кіріскен.
– 2018 жылы 1000 гектар жерге күріш егіліп, жалпы 54,955 центнер сыр салысы қамбаға құйылды. 71 гектар жерге жаңа жоңышқа егіліп, 337 гектар ескі жоңышқа күтімге алынған болатын. Ал биылға күрішті 1050 гектар жерге, ал жаңа жоңышқаны 555 гектар жерге егіп жатырмыз. 30 гектар жерге арпа, 125 гектарға мақсары, ескі жоңышқа 408 гектар жерге егілуде, – дейді серіктестік басшысы.
Мекеменің бас агрономы Әлихан Сары­баевтың айтуынша, қазіргі уақытта тұқым себу жұмысы жүргізіліп жатқан көрінеді. Сонымен қатар суару, зиянкестерді улау жұмыстары жүйелі жүргізілуде.
– Жалпы 408 гектар жерді зиянкестерден улау керек. Осы уақытта 208 гектарын уладық, қалған 200 гектар жер бар. Су аздығынан кей жерлерді қайта суарудамыз. Егін жерін түгел суға бастырып бола алмай жатырмыз, – дейді бас агроном.

ЕЛ ІШІ ӨНЕР КЕНІШІ
Ауыл өмірі болған соң мұнан біз жүн иіріп, тоқыма тоқитын жандарды іздедік. Ауыл тұрғындары көп ойланбай қыс бойы жүн шұлығын сататын Балсұлу Омарованың үйіне қарай сілтеді. Ол қыс бойы жүн иіріп, одан шұлық тоқып сатады екен.
– Бізде қарап отыру деген жоқ. Қолдан келетін іспен айналысып ақша табу керек. Шұлықтарды 1000 теңгеден сатамын. Бұл таза еңбекпен келетін дүние ғой. Сондықтан бағасы да соған тұрарлық. Әуелі жүнді түтіп аламыз, одан иіреміз, соңынан тоқимыз. Көбіне ақ жүннен тоқимын. Шұлықтар, следилар, кішкентай балақайлардың шұлықтарын да тоқимын. Оның бағасы 400-500 теңгеден болады. Бұл шешемнен үйренгенім ғой. Келін болып түскен соң енем де үйретті. Бүгінде көргенімді қыздарыма үйретіп жатырмын, – дейді Балсұлу апа.
Апаның 4 баласы бар. Тұңғышы Алғабек әскери бөлімде жұмыс істейді. Екінші ұлы Данияр ауылда трактор айдайды, қызы Жаңагүл Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетінде студент, кенже қызы 11-сыныпты бітіріп жатыр.
– Қыста бәріміз жылы жүргіміз келеді ғой. Сол кезде Балсұлу апаның шұлықтарын сатып алып кидік. Өте жылы, апаның деніне саулық тілейміз, – дейді Гүлдана есімді ауыл тұрғыны.
Ауылда жүн тоқып, ұршық иіретін тек апалар емес, жастар да бар екен. Олардың қатарында Әлия Орынбасарова бар. Ол «шаштараз және сәндік косметика» мамандығы бойынша білім алған. Алдағы уақытта өз салонын ашқысы келеді. Бос уақытында жүн иіріп, тоқыма тоқиды. Құрақ көрпеше де тігеді. Балалар қалпағы, кеудеше, күрте-шалбарды да заманауи үлгіде тоқиды.
Ақнұр САҒЫНТАЙ,
«Қармақшы таңы».
06 маусым 2019 ж. 1 874 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 042

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031