» » АСҚАРАЛЫ АСУЫ БАР АҚЖАР

АСҚАРАЛЫ АСУЫ БАР АҚЖАР

Жүзі қылыштай өткір, іші мен сырты ақ күміспен қаптағандай жарқылдап, кезек-кезек көтерілген еңбек кетпені күн сәулесін кері қайтарып, жан-жаққа сәуле шашады. Сыр ағашынан мінсіз жонылған кетпен сабын мыңдаған алақан сығымдай ұстап, қара қыртыс демей, шым топырақ демей, екі жаққа жалтақалай үйіп жарма жасайды. Осы жармамен аққан су топыраққа сіңген еңбекші терімен араласып, арықтарға құяды. Одан жаптарға ауысып, атыздарға тарайды. Су арқылы себілген дәнге нәр бітіп, сары күзде ел ризығы – нанға айналады.
Ғасырға жуық уақыт бойы халық игілігіне қызмет етіп, Сыр Ананың суын сүйрей жетелеп, кеберсіген кебірлерден өтіп, тобарсыған тың жерлерге жеткізген «Қурайлы», «Аю» жармаларының осы бір тұсын сол кездегі «майда колхоздар» – Бозарық, Ақбел, Жаңабағыт, Оян, Сталин және «Қазақстанның ХХХ жылдығы» деп аталған ауылдардан жинақталған еңбекшілер қолмен қазып шықты.
Ақжар МТС-і деп аталған еңбекші шаруаларға техникалық, агротехникалық көмек көрсетуге бейімделген алғашқы өндіріс ұйымы СТЗ, ЧТЗ, НАТИ маркалы тракторлармен соқа тарту, жер жырту жұмыстарын жүргізді. 1929-1931 жылдардан бастау алып, елуінші жылдардың бас жағына дейін ауылшаруашылығы жұмыстарының ұйытқысы болып келген бұл ұйым колхоздарды ірілендіру кезінде өз қызметін жаңа құрылымдарға өткізгенімен осы күнгі Ақжар ауылының оңтүстік-шығыс бетіне орналасқан бір бөлігі МТС атауымен ауыл тарихында қалды.
1957 жылы 1-наурызда аталған колхоздар мен Ақжар МТС-і біріктіріліп, еккен егісімен бірге қаракөл қойын өсіретін ірі шаруашылық болып құрылды. Шаруашылық атауы Ақжар кеңшары (сол кездегі атауы Ақжар совхозы) болды да, оның алғашқы директоры болып Әбдуәли Бөлегенов деген кісі тағайындалды.
Ауылдың әкімшілік құрылымы Дауылкөл ауылдық кеңесі деп аталды. Кеңеске алғаш төрағалық еткен Әлия Оразбаева 1957 жылдан бастап аралығында осы қызметті 7 жыл атқарды. Кейін Қуаңдария кеңшарында кәсіподақ ұйымының төрайымы, агроном қызметтерінде зейнет жасына дейін еңбек етті. 1964-1968 жылдар аралығында бұл қызметті Өміртай Итқараев атқарып, ауылға, ауданға белгілі ақсақал ретінде ел еснде қалды. Аудан бойынша тіркеу кітабында бұл ауылдық кеңес №8 болып белгіленді де, халық арасында «Сегізінші ауыл» деген атаумен есте қалды. Ескере кететін нәрсе 1969 жылы ауылдық кеңес төрағалары Жарылқасын Жылқышиев, Сәлима Жұмабекова болған тұстарда ауылдық кеңестің кеңсесі көршілес Ленин кеңшары (Ленин атындағы совхоз) орталығына ауысты. Ал, мектепте химия пәнінің мұғалімі Үсен Баймаханов екі ауылдың арасына мотоцикльмен қатынап, ауылдық кеңестің хатшысы қызметін атқарған еді. Сол кездерден бері Дауылкөл атауы қазіргі Тұрмағамбет ауылының еншісінде.
Сонымен қатар, ауыл аумағында «Дауылкөл», «Шортанкөл», «Шүленкөл», «Комсомол», «Қазкөл» деген айдынына аққу қонып, қаз-үйрегі ел ризығына айналған, шалқып жатқан көлдердің де болғанын айта кеткен жөн. Еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда Сарыбай Байжанов ақсақал Қазкөлде қаз өсіріп, мал өнімдері мен күріштен бөлек ауылды қаз етімен, жұмыртқамен қамтамасыз еткені көнекөз қариялардың әлі де есінде.
«Атаңнан мал қалғанша тал қалсын» дегендей, «Алма бағы», «Ізет талы», «Шабан ағашы», «Меңлібай ағашы», «Талды арық» деген атаулар жекелеген адамдардың жеміс ағаштарын отырғызып, халыққа жемістің неше түрін жегізгенінің айқын айғағы. Ал, Сыр бойында төрт мың жылдық тарихы бар «Сыр талынан» түзу бұтақтар өсіріп, қисығын тезге салып дайындаған ағаштардан жасалған киіз үйде шәй ішкен ақсақалдардың аузынан: – «Шіркін, Пәлен деген ұстаның Пәленшекеңнің талынан әкеп басқан үйі ғой» деген сияқты әңгімелерді талай есітіп өстік.
Алпысыншы жылдардың басында ағаштан салынған екі қабатты кеңсе, 10 орындық аурухана, монша ауыл тұрғындарына қызмет көрсетті. Аурухана меңгерушісі болып сол кезде Қызылорда қаласындағы медициналық училищені фельдшер мамандығы бойынша бітіріп келген, дәрігер, ауданның құрметті азаматы, Сағилат Нысанбаев басқарса, моншада Жұмабек Оңғарбаев ағамыз жұмыс істеді.
Ауылдың оңтүстік-батыс бөлігіне таман Ақсайға қараған беттегі құмшауыт төбенің басында әйгілі «Бестам» мектебі орналасып, бұған дейін 4 жылдық, 7 жылдық мектептер аталып келген «Оян мектебі», «Чкалов мектебі» т.б. бастауыш мектептері біріктірілді. Ауданда ауылдар арасында алғаш онжылдық мектеп бой көтерді. Сол кездегі мұғалімдер мен жоғары сынып оқушыларының: «Біз мектептен мектепке партамызды өзіміз тасып оқыдық» деуінің мәнін осы кезеңдерден іздестіруге болар. Мектепте әр кезде Назар Дүйсенбаев, Сахи Кішенов, Сәден Нұртаев, Сәдуақас Махамбетов, Шакизада Шоқбаров сынды атпал азаматтар басшылық етті.
Халыққа сауда қызметін көрсететін алғашқы дүкен де мектепке жақын орналасып, «Смешмаг» деген атаумен бой көтерді. Аралас сауды дүкенінің сатушысы Жамал апай (фамилиясы Сүлейменова болуы керек) сөзі мен ісі, үні мен қимылы үйлесім тапқан қазақылықтың үлгісі дейтіндей ерекше жан еді. Бір кәмпит алсақ та ауысқан тиынымызды беріп жатып кімнің баласы екенімізді сұрап, басымыздан сипауды ұмытпайтын.
Бұрынғы уақыттарда «ауылыңның батыры кім, ақыны кім, байы кім, бағланы кім, биі кім, би түсетін үйі кім» деген сияқты сұрақтар қойылады екен. Шүкіршілік, Ақжар ауылы бұлардың ешқайсысынан кенде болған емес.
Саясаткер, ел басқарған десеңіз, облыста, республикалық ауылшаруашылығы министрлігінде басшы қызметтер атқарған Әбдуәли Спановты, кешегі Әбдуәли Бөлегеновты елі ұмытқан жоқ. КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты Еңбек Ері, Батыр Ана еңбек майданының майталманы Сәлима Жұмабекова апамызға да денсаулық тілеп, елге өзің әкелген игіліктің қызығын көре бер дегіміз келеді.
«Сыр сүлейлерінің» жалғасы Әлімбай Әлиасқаров, Сәрсенбай Бөртебаев, Жалғасбай Тұяқбаев сияқты ақын-жыраулар тізбегін кешегі күні Көшеней мен Алшынбек сабақтаса, бүгінде Бидас Рүстембеков, Майра Сәрсенбаевалар уақыт талабымен ұштастырып, жаңа серпінмен ілгерілетуде.
Филология ғылымының докторлары Берікбай Сағындықов, Темірхан Тебегенов, биология саласындағы белгілі ғалым Нұртай Торманов Ақжардың құнарлы топырағынан нәр алып, бойына сіңірген барлық қасиетін ғылымға жұмсаса, жазушы Адам Мекебаев, ақын Сәнімкүл Желдербаева әдебиет майданының майталмандарына айналды.
Ал, қазіргі «киелі жер», «қасиетті мекен» ұғымдары төңірегінде сөз өрбітсек, ауылдың шығысындағы «Дүрмән қожа», батысындағы «Батыр қожа», «Ораз ахун», терістігіндегі «Әлібай ахун» деп аталатын өзінің әулиелігімен, терең білімдарлығымен, көрегендігімен елге белгілі болған жандар ұрпақ жадында жаңғырып, бейітінің тұсынан өткен жандар «бет сипамай» өте алмайтын дәрежеге жеткен.
«Әлемнің әміршісі - еңбек» дегендей, сөз түйінін еңбек адамдарына тіреп қорытындылайық. Кезінде «Стахановшы» атанған, Мәскеу қаласындағы бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесіне барып, кеудесіне бір емес, бернеше медальдар тағып қайтқан адамдар да ауылда жетерлік. Уақыттың қиын кезіне қарамастан адал еңбегімен, маңдай терін төккен ата-әжелеріміздің бірталайы еңбегі еленіп, одақтық көрмеге қатысып, «Мәскеу қайнаға», «Мәскеу шешей» атанды.
Алғашқы халық қалаулысы Жұмагүл Әділова,Ақбел колхозын басқарып, аз уақытта қатарға қосқан Тілеубаева, ауылдық кеңеске төрайымы болған Әлима әжеміз, колхоздың партия ұйымын басқарып, «Парторық шешей» атанған Жансұлу әжеміз, кейінірек омырауына Ленин орденін таққан Әлиакпар Әбішев ағамыз таза еңбегімен елге белгілі болғандар.
Пәни дүниеде тағдыр тауқыметін қайыспай көтеріп, еңбекте ел құрметіне, халық ризашылығына бөленген Еңбек Ері Қасымтай Ізтелеуов ағамыздың 110 жылдық мерейтойы да Ақжар ауылының 60 жылдық мерекесі аясында аталып өтілгелі отыр. Ауыл тұрғындары «Қазақтың Мересьеві» атанған, өмірі өнегеге толы, осынау жанның есімін зор мақтанышпен атайды.
Қасымтай ағамыздың бүкіл ғұмыры бір-ақ жұмыспен баяндалады. Ол- тракторшы. Ол осы қызметімен өзінің бар күш-қуатын елдің игілігі үшін еңбек етуге жұмсады. Осындай адал еңбегімен өзінің абыройлы атағын ұрпаққа мұра етіп қалдырып кетті.
Ақжар ауылындағы «Қарабөгет» деген жерде Ізтелеу деген орта шаруаның отбасында 1908 жылы дүниеге келген ол өткен ғасырдың отызыншы жылдары 22 жасында алғаш колхоз ұйымдастырылған «Ақбел» колхозына мүше болып кіреді 1938 жылы ауданда Ақжар МТС –і ашылып, Қасымтай ағамыз осында тракторист болуға шақырылды. Осында зейнет демалысына шыққанша тұрақты жұмыс істеді.
1941 жылы Ұлы Отан Соғысы басталғанда алғашқылардың бірі болып ағамыз 9-тамызда әскер қатарына шақырылып, соғыстың басынан аяғына дейін қатысып, 1945 жылдың күзінде елге аман- есен оралды. Ұлы Отан соғысы жылдарында «Бозарық» колхозында шаруашылықтың әр саласында қажымай еңбек етіп, қоғамдық белсенділігімен елдің көзіне түскен көптеген қыз-келіншектердің аты белгілі. Солардың қатарында Ұлболсын Қасымова, Күлипа Спанов, Тұрсынай Бұқарбаева, Ақтай Бекетова, Қаратай Кәлменова және Қасымтай ағамыздың үйіндегі апамыз Ханым сияқты көптеген аналар трактор тізгінін ұстап, жер жыртып, жеңісті жақындатуға, жеңістен кейінгі қиыншылықтарды жеңуге , елдің еңсесін көтеруге аянбай еңбек етті.
Кезінде Ақжар ауылында «Бес Марал» деп аталған бес келіншектен құралған еңбек бригадасы, «Қырық қыз» атанған қыз-келіншектер тобында жоғарыда аты аталған кісілер бар болуы тиіс.
Міне, осындай қызу еңбек майданында 1951 жылдың күзінде қара суықта егіс даласынан тракторларды жинастырып жүргенде жетектегі трактордың астына абайсызда түсіп қалған Қасекең екі аяғын бірдей тізеден кестіріп, мүгедектікке душар болады. Бұл жөнінде бірталай тарих жазылған. Бұл арада мына жағдайларға ерекше назар аударғым келеді.
Біріншіден, адам ауыр жарақат алып, қылмысты іс қозғалып тергеу басталғанда ағамыз бар жауапкершілікті өз мойнына алып, қасында болған серігі Күлипа апамызға да, МТС басшыларына да сөз келтірмей «мен өзім кінәлімін, мені сүйреп сотқа апарыңдар» деп қасқиып тұрып алуы сол кездегі қатал сотты қылмыстық істі қысқартуға мәжбүр етеді. Бұл тек азаматтың, нағыз адамның қолынан келетін іс, үлкен адамгершілік.
Екіншіден, рухының биіктігі. Жұмысқа жарамсыз жарымжан болып қалғанда өмірден түңілмей, жасымай бала-шағасына пана болып, еңсесін биік ұстауы. Қазақстанда 1954 жылы тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны басталғанда ұлы дүбірге арқасы қозып, қиыншылықты жеңіп, кеміс аяғына қолдан кәліп істетіп, трактор руліне қайта отыруы нағыз ердің ғанақолынан келетін іс.
Бұл арада Қасымтайдың мүкіс аяғымен тракторға отырамын, елдің ісіне өз үлесімді қосамын деген талабына барынша қолдау көрсетіп, оған жан-жақты қамқорлық жасап, еткен еңбегінінің елге көрінуіне ұйтқы болған, сол кездегі МТС-тің директоры Нұрмахан Қасымов пен партком хатшысы Қаратай Қуаңбаевтың атын айрықша атап, құрметпен еске алсақ артық болмайды деп есептеймін.
Сөйтіп, Қасымтай ағамыз 1955 жылдың көктемгі дала жұмысында өзінің шынжыр табанды тракторынан күні-түні түспей, тынымсыз еңбек етіп, қол аяғы сау соқталдай азаматтардың бағындыра алмаған биігіне шықты. Жер жыртуда жоғары көрсеткішке жетіп, тың және тыңайған жерді игеру жолындағы ұлы дүбірдің бел ортасынан көрінеді.
Екі аяғы бірдей кесілгеннен кейінгі алғаш тракторға отырған ол 1955 жыл қорытындысымен Социалистік жарыстың жеңімпазы деп танылып, Қазақ ССР-і Жоғары Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Ал, 1956 жылдың қорытындысымен адам өміріне қайталана бермейтін ерен еңбегі үшін КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының 1957 жылы 11-қаңтардағы Указымен Қасымтай Ізтелеуовке Еңбек Ері атағы беріліп, Ленин Ордені қоса тапсырылды. Бұл награданы ағамызға Алматы қаласында Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің кезекті сессиясында, КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының төрағасы К.Ворошилов өз қолымен тапсырғаны жайлы мәлімет бар.
Алғашқы тың игеру кезі деп аталып, республикамыз отан қоймасына миллиард пуд астық құйған сәттерде де ақжарлықтар толағай табысқа өз үлесін қосып, қырманнан тау тұрғыза алды. Бүгінгі 60 жылдық мерейтойы тұсында да жаңа биіктерден көріне берері даусыз. Той құтты болсын.
Шегебай Құндақбаев.
ардагер журналист.
22 қазан 2018 ж. 2 053 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 004

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031