» » ЕЛ ЫРЫСЫ ЕҢБЕКПЕН КЕЛЕДІ

ЕЛ ЫРЫСЫ ЕҢБЕКПЕН КЕЛЕДІ

Тамыздың аптап ыстығы басылып күздің салқын самалы сезілгеннен шаруашылықтар дала төсіндегі нағыз қызу еңбекке қамданады. Себебі күн көзіне сарғайған алтын астыққа да орақ түсер күн жақын. Осы уақытта диқан қауымының жыл бойғы маңдай тердің нәтижесі сыналады. Қазір еліміздің көптеген өңірінде диқандар жаздың соңғы айында егін орағына дайындалып жатыр. Ауданға қарасты кей ауылшаруашылық құрылымдары орақ науқанына тас-түйін дайын. Бүгінде комбайндар майланып, қоймалары тазаланып, тасымал құралдары белгіленіп, күнтүн демей жұмыс істеуге әзір. Себебі, астықтың әр түйірі – халықтың ырысы, ел байлығы.
Жалпы Сыр өңірінің климаты – континенттік жазы ыстық, әрі ұзақ. Ал қысы – жұмсақ әрі қысқа. Осындай климат күріштің өсіп-жетілуіне қажетті температуралық режимді қамтамасыз етеді. Биылғы маусымда ауа райының қолайлы болуы егіс алқаптарындағы астықтың бітік шығуына себеп болды. Алайда су тапшылығы кедергілері диқандарды да уайымға салғаны жасырын емес. Биыл су деңгейінің былтырғыдан аз болуына байланысты аудандар арасында кезектілік кестесі жасалынып, қажетті суды алып отырды. Осылайша су тапшылығының алдын алды.
Жергілікті диқандардың күріш өсіруде көпжылдық тәжірибесі бар. Ғылыми зерттеулер мен заманауи агротехникалық әдістерді қолдану арқылы өнімділік жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, соңғы жылдары орташа өнімділік гектарына 50-60 центнерге айналуда.
Бүгінде ақмаржанымыз ішкі нарықты ғана емес, экспортты да қамтамасыз ететін стратегиялық өнімге айналған. Қызылорда күріші сапасы мен дәмі жағынан жоғары бағаланады. Күріш шаруашылығы ауылдық елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң әсерін тигізіп отыр. Сондай-ақ жастарға жаңа жұмыс орындары табылып, халықтың тұрмыс деңгейі көтерілуде.
Жер төсінен талай жыл талғажау айырып жүрген еңбек майталмандары ауданымызда аз емес. Соның бірі – Ақжар ауылындағы Нұрлан Қомшабаев басқаратын «Ақжар» шаруа қожалығы. Жақында елді мекенге атбасын бұрып, қожалықтың егіс басындағы жұмысына көз жеткізген едік. Бүгінде егіншілік саласының бойына қан жүгірткен диқандардың еккен өнімдері көпшілікке танымал. Биыл шаруа қожалық 840 гектар жерге күріш еккен. Қазіргі таңда алғашқы еккен жерлердің сулары байланып күзгі ораққа дайындалуда.
– Жаздың аптап ыстығы, биылғы аяқсудың тапшылығы егіншілерге едәуір кедергі келтірді. Алайда мұндай жағдайлар аймағымызда алғаш рет емес қой. Жылдағы келетін мәселе болғандықтан алдын алып, қамданып отырамыз. Мәселен, осы жылы аяқсуды кезекпен алып, егінімізге қажеттіні пайдаландық. Жетпеген жерлерге насостар арқылы су апардық. Осындай қажырлы еңбектің арқасында күрішіміз бітік шықты десек болады. Құдай қаласа енді күзгі ораққа күш саламыз, – дейді «Ақжар» шаруа қожалығының агрономы Сандыбай Беков.
Қазіргі таңда ақжарлықтардың күріші жайқалып, суда тұр. Қожалықта ілкімді істі еңбекпен игеріп отырған 80 адам жұмыс істейді. Олар әр істің бейнетін зейнетім деп түсініп, жұмысқа білек сыбана кіріскен. Сыртынан қарасаң дала академиясының түлегі секілді, нағыз тәжірибелі мамандар. Күннің ыстығына қарамастан егіннің жайын жақсарту үшін күні-түн бел жазбай дала қосынында жатып, еңбектенуде. Расымен күріш нағыз күтімді қажет ететін бағалы дақыл.
Жалпы Сыр өңірінің күріші қазіргі таңда жоғары сұранысқа ие. Ол өндірістегі көшбасшылық көрсеткіштерімен, экспорттық табыстарымен және ішкі нарықтағы тұрақты қолдауларымен көрініс табуда. Сондықтан бұл дақылдың маңызы уақыт өткен сайын артып келеді.
Биыл «Ақжар» шаруа қожалығы 840 гектар жерге күріштің «Каурис» сортын түгел еккен. Былтыр 70 гектар жерге егіп, 72 центнерден жақсы өнім алған. Осы жылы да жақсы өнім жинаудан үмітті. Бұйырса қамбаны астыққа толтырамыз деп бар қажеттіні сайлап отыр.
Көп ұзамай егінге де орақ түседі. Алайда орақ науқаны бір ғана шаруа қожалықтың емес, ауылдың тыныс-тіршілігімен астасатын маңызды кезең. Сондықтан әрбір азамат бұл уақыттағы еңбекті бағалап, диқан қауымына құрметпен қарауы тиіс.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ
19 тамыз 2025 ж. 80 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№62 (10430)

19 тамыз 2025 ж.

№61 (10429)

16 тамыз 2025 ж.

№60 (10428)

12 тамыз 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 234
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031